Мерзім мен сапа назарда
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әлішпен бірге өңірдегі бірқатар маңызды инфрақұрылымдық нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылады.Алдымен аудан басшылығы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қолдауымен Қарлан учаскесінде Сырдария өзені арқылы салынып жатқан жаңа көпір құрылысының барысымен танысты. Бұл аудан үшін стратегиялық маңызы жоғары нысандардың бірі.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Атап айтқанда, 84 дана свай қағу жұмыстары толық аяқталып, 8 тіректің 4-і орнатылған. Құрылыс алаңында 14 арнайы техника мен 25 жұмысшы жұмылдырылып, жұмыс қарқыны тұрақты сақталуда. Жобаның жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құраса, көпірдің ұзындығы 248,29 метрді құрайды. Аталған нысан пайдалануға берілген кезде көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.
Мұнан соң аудан әкімі Қожабақы ауылындағы спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан тиімді жобаның жалпы құны 537,1 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда нысанның сыртқы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ішкі әрлеу, сырлау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар инженерлік желілер толық тартылып, нысанды пайдалануға беру үшін соңғы кезеңдегі жұмыстар атқарылуда. Аталған спорт кешені ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына, бұқаралық спортты дамытуға және ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік бермек.
Аудан басшысы сапар барысында Қожабақы ауылындағы «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 32,1 шақырымындағы көпірді күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты.
1975 жылы салынған көпірдің тозығы жетіп, апаттық жағдайда екені анықталған болатын. Осыған байланысты нысанды толық жаңадан салу туралы шешім қабылданып, қазіргі таңда мердігер мекеме «Гүлнұр МК» ЖШС тарапынан жаңа көпір құрылысы бастау алды. Жобаға сәйкес көпірдің ұзындығы 21,69 метр болса, жалпы өткел ұзындығы 375,13 метрді құрайды. Жаңа көпір көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елді мекендер арасындағы байланысты нығайтуға сеп болады.
Нысандарды аралау барысында аудан әкімі мердігер мекемелерге құрылыс сапасына ерекше назар аударуды, барлық жұмысты белгіленген мерзімде әрі талапқа сай орындауды қатаң тапсырды. Сала басшыларына әрбір жобаның жүзеге асу барысын тұрақты бақылауда ұстап, туындауы мүмкін мәселелерді дер кезінде шешу қажеттігін ескертті.
Бүгінде Қазалы ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар – өңірдің дамуына бағытталған нақты қадамдар. Мұндай нысандардың сапалы әрі уақытылы аяқталуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, ауданның экономикалық әлеуетін күшейтуге ықпал етпек.
Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі














