Жол жөндеу жұмыстары бағамдалды
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі көшелерді тегістеу жұмыстары мен Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғырту жобасының жүзеге асу барысымен танысты.
Бүгінде мердігер мекеме – «Сарбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Әйтеке би кенті аумағындағы 16 көшеде жолдарды тегістеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан басшысы Нұрилла ана, М. Өтемісұлы және Қ. Жаймұратов көшелеріне арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын көзбен көріп, мердігерлермен тілдесті.
Жұмыс барысын бақылау кезінде тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Онда жолдардың қазіргі жай-күйі, алдағы уақытта асфальт төсеу, көшелерді жарықтандыру, сондай-ақ абаттандыру жұмыстарына қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар назарға алынып, кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Бұған қоса аудан басшысы «Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғырту» жобасының жүзеге асу барысымен де танысты. Қазіргі уақытта нысанда жер төсемін дайындау, жол табанын тегістеу және құрылысқа қажетті инфрақұрылымды әзірлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 3,192 шақырымды құрайтын ауқымды жоба шаһардың көлік қозғалысын жеңілдетіп, транзиттік ағынды тиімді бағыттауға мүмкіндік беретін маңызды нысандардың бірі.
Аталған жобаларды жүзеге асыру елді мекендегі көлік инфрақұрылымын жақсартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындарға қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға бағытталған. Жолдардың сапалы болуы көлік қатынасына ғана емес, жалпы халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды фактор екені белгілі.
Жұмыс сапасына ерекше назар аударған аудан әкімі мердігер мекемеге құрылыс талаптарын қатаң сақтауды, қолданылатын материалдардың сапасына мән беруді және белгіленген мерзімнен кешіктірмеуді тапсырды. Әйтеке би кентінің әкімі мен тиісті сала басшыларына атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, туындауы мүмкін мәселелерді дер кезінде шешуді жүктеді.
Қазір Әйтеке би кентінде жүзеге асырылып жатқан жол жөндеу және жаңғырту жұмыстары өңірдің инфрақұрылымдық дамуына серпін беретін маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастамалар алдағы уақытта тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, кенттің келбетін жаңарта түсері сөзсіз.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














