Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркі тарихындағы тау тұлға

Түркі тарихындағы тау тұлға

Орта Азия халықтарының халық ауыз әдебиеті үлгілеріндегі Жалаңтөс баһадүр [Жалаңтөс батыр бейнесінің этнопоэтикалық ерекшелігін, сюжеттік-мотивтік сипаттарын және оның трансформациялану, яғни түрлене өзгеру тетіктерін фольклортану қағидаттары тұрғысынан талдауға арналған бұл мақалада қаһармандық эпостың поэтикасы, тарихи мәтінтану және мәдени жадты талдау әдістерін біріктіретін пәнаралық тәсіл қолданылды.
Жылнамалардағы нарративтер – бірізді жазба дереккөздер фольклортану ғылымы тұрғысынан ауызша дәстүрдің поэтикалық топикасымен (стереотипті бейне, ойдың тұрақты сөйленім формулдарының қатары), мотивтерімен (қазақтың тарихи эпикалық шығармалары – Марғасқа мен Жиембет жырлары; өзбек, қарақалпақ дастандары; Алшын руының шежіресі) беттестіре салғастырылды. Сөйтіп, кейіпкер есімінің халықтық-этимологиялық трансформациясының (Ялангтуш және Жалаңтөс) мағынасы ашылып, Жалаңтөс баһадүр феномені Самарқанның қалалық – отырықшы өркениеті мен Ұлы Даланың көшпелі әлемін байланыстыратын этнопоэтикалық «көпір» екені айқындалды. Сөйтіп поэтикалық формулдар мен гипербола – ұлғайтуларды талдау негізінде бейненің фольклорлық дамуының (эволюциясының) қозғалысы (динамикасы) – XVII ғасырдағы нақты саяси қайраткер әрі «Шердор», «Тіллә-Қари» медреселерін салушы тұлғадан эпикалық қаһарман-құтқарушыға (құтқарушы батыр) және өңірлік бірегейлікті сақтаушы нышанға (символға) айналушыға дейінгі өзгерісі бедерленді.
Бүгінде Орта Азия мемлекеттеріндегі тарихи-мәдени мұраның жайын қайта пайымдауға қатысты жүріп жатқан үдерістер ортақ тарихымыздың этносаяси картасы мен өңірдің мәдени келбетін қалыптастыруда айрықша рөл атқарған негізгі тұлғаларға деген қызығушылықты айрықша өзекті ете түсуде.
XVII ғасырдағы осындай аса көрнекті, көпқырлы тұлғаның бірі – Самарқанның әмірі, Аштарханилер дәуірінің даңқты қолбасшысы, дипломат әрі меценат – Жалаңтөс баһадүр еді [қазақтың ауызша дәстүрінде – Жалаңтөс батыр Сейітқұлұлы.
Жалаңтөс – тұлғалық белсенділігі өңірлер тарихындағы қалалық өркениет пен көшпелі дала мәдениетін асқан шеберлікпен үйлесімді ұштастыра білген сирек кездесетін мемлекет қайраткерінің ерекше үлгісі. Самарқан уәлаятының билеушісі, Регистандағы сәулет өнерінің жауһарлары – «Шердор», «Тіллә-Қари» медреселерін салуға бастамашылық еткен болмысы бөлек тарихи тұлға бола тұра ол көшпелі бірлестіктер үшін, атап айтқанда Алшын руының бой түзейтін негізгі этноәлеуметтік және әскери бағыт-бағдары болып қала берді.
Оның 1643 жылғы Орбұлақ шайқасы кезінде жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ ханы Жәңгірге болысуы – бүкіл аймақтың ортақ қорғаушысы ретіндегі ұлық мәртебесін арттыра түсті.
Қазіргі заманауи гуманитарлық ғылымда тарихи жадты мифологияландыру, нақты тарихи тұлғаларды эпикалық кейіпкерлер кейпінде трансформациялау механизміне қызығушылық артып келеді. Жалаңтөс баһадүр бейнесінің өзбек, қазақ, қарақалпақ фольклорының жыр, дастан, шежірелік аңыз үлгілерінде, сондай-ақ елдің тарихи жадында құбыла түрленуін зерттеу – Орта Азия халықтарының этносаралық мәдени байланысы мен этнопоэтикалық дәстүрінің қалыптасу механизмдерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Біз көтеріп отырған мәселенің зерттелу деңгейі Жалаңтөс баһадүрдің XVII ғасырдағы саяси қайраткер ретіндегі тарихи келбеті (портреті) дәуірдің нарративті дереккөздерінде жеткілікті деңгейде жан-жақты қарастырылған.
Десе де, Жалаңтөс батырға арналған фольклорлық қабат осы уақытқа дейін, негізінен, үзік-үзік фрагменттік тұрғыдан – жекелеген ұлттық тарихнамалар шеңберінде немесе Самарқанның сәулет ескерткіштерін өнертану ғылымы деңгейде талдау аясында ғана қарастырылылып келді. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін өңірдегі түрлі халықтардың ауызша және жазба дәстүрлерін біріктіретін кешенді салыстырмалы-фольклортанушылық және тарихи-мемориалдық зерттеулер жүр­гізілген жоқ.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы Жалаңтөс баһадүр құбылысын ауызша эпикалық дәстүр (фольклортану), жазбаша тарихнама (деректану) және бірегейлікті өзара үйлестіре қалыптастырудың қазіргі үдерістері (тарихи жадты зерттеу) шегіндегі пәнаралық талдау тәсілін қолданудан көрініс табады. Алғаш рет жүйелі түрде қазақтың тарихи эпикалық туындыларындағы поэтикалық мотивтер, өзбек пен қарақалпақ халқының фольклорлық аңыздары ортағасырлық парсы және түркі тілдеріндегі ресми акт, жылнамалардың верификацияланған – тексеріліп, ақиқаты анықталған деректерімен салғастырылады. Мұнда кейіпкер есімінің халықтық-этимологиялық негізде түрленген трансформациялық үлгі-моделі (Ялангтуш және Жалаңтөс) айқындалып, оның бейнесінің көшпелі және отырықшы мәдениеттер арасындағы этнопоэтикалық байланыс көпір ретінде атқарғанқызметі сипатталады.
Пәнаралық зерттеудің мақсаты – Орта Азия халықтарының фольклорлық мұрасы мен тарихи жадындағы Жалаңтөс баһадүр бейнесінің этнопоэтикалық айырмашылығын, сюжеттік-мотивтік ерекшеліктерін және трансформациялану тетіктерін ашып көрсету. Көзделген мақсатқа жету үшін алдымызға мына міндеттер қойылды:
1. Жалаңтөс жайындағы бірізді жазбаша мәліметтерді қамтитын фольклорлық дереккөздерді (жыр, дастан, аңыздар) анықтау және жүйелеу;
2. Ауызша поэтикалық дәстүрдегі кейіпкер мінездемесін сипаттайтын эпикалық мотивтер мен тұрақты формулдарды XVII ғасырдағы жазба жылнамалардың объективті – дәлелді деректерімен беттестіре отырып салыстырмалы-салғастырмалытүрде талдау;
3. Генеалогиялық (шежірелік) аңыздармен этнонимдік (ұлттық) нарративтердің рулық, аймақтық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін талдау;
4. Баһадүр бейнесінің тарихи жадты сақтау тәжірибесі мен Орта Азия елдерінің тарихнамалық талдануында (дискурсында) қызмет ету динамикасын анықтау.
Зерттеудің нысаны ретінде XVII–XXI ғасырлар аралығындағы Орта Азия халықтарының эпикалық мұрасы мен тарихи жады алға шығады. Ал оның негізгі аясы халықтың ауызша шығармашылығы мен жазба дәстүрдегі Жалаңтөс баһадүр бейнесінің көркем-поэтикалық, сюжеттік-мотивтік ерекшеліктері және оның жадта сақталу формалары болып табылады. Нәтижесіретінде бейнесі (қазақтың фольклорлық дәстүрінде – Жалаңтөс баһадүр / Жалаңтөс Сейітқұлұлы) Орта Азия халықтарының тарихи жадында, эпикалық мұраларында және этногенетикалық аңыздарында айрықша орын алғанын айтуға болады. Десе де, халықтың санасында оның XVII ғасырда өмір сүрген нақты тарихи билеуші ретіндегі нақты бейнесі құбылып, жүрек жұтқан қаһарман, ақылгөй дана, өңірді сырттан төнге қауіп-қатерлерге қарсы жұдырықтай етіп жұмылдыра алатынэпикалық қорғаушы нышанына айналған.
1. Эпикалық дәстүрдегі фольклорлық бейне (жыр, дастандар)
Фольклортануда Жалаңтөс батыр бейнесін зерттеуде тарихи дерекпен эпикалық қиялдың арақатынасының динамикасы негізгі рөл атқарады. Қазақ эпостары, ауызша историологиялық, яғни тарихи үдерістің теориялық дәстүрлері (шежіре), сондай-ақ Орта Азияға тән дастандық мұрада ұшырасатын «Дала мен дін қорғаушысы» мотиві батырдың халық санасында әбден түрленіп, өзгеше өң алып, өзінше қабылдануының эволюциясын көрсетеді.
Қазақтың тарихи эпикалық шығармалары мен дас­тандарында (атап айтқанда, Жоңғар шапқыншылығы кезеңіне қатысты шығармаларда) Жалаңтөс бейнесі жай ғана қолбасшы емес, эпикалық қаһарман-құтқарушы – құтқарушы батыр ретінде көрінеді. Әсіресе, оның жер қайысқан жиырма мың қолмен Салқам Жәңгірдің әскеріне көмекке келген 1643 жылғы Орбұлақ шайқасына қатысуына ерекше мән беріледі.
Жалаңтөс бейнесі жыраулық дәстүрде замандастары есебінде батыр араласқан жорықтарды, оның жомарттық қасиетін және қолбасшылық дарынын жырлаған дала поэзиясының классиктері – Марғасқа мен Жиембеттің поэтикалық шығармаларында ерекше көрініс тапқан.
Поэтикалық топикаға келер болсақ, шығарма мәтіндерінде классикалық ұлғайту тәсілдері – гиперболалар қолданылады: Жалаңтөс «алынбас қамал» (асқар тау), «өткір қылыш» (жалаңтөс атауының халықтық этимологиядағы мағынасы – «жалаң кеуделі», яғни жаудан жасқанбай, сауытсыз, жалаңаш кеудемен шайқасушы) бейнесінде сипатталады. Ал дастандардың сюжеттік-композициялық ерек­­ше­­ліктері ретінде айтарымыз, кеңестік және посткеңестік кезеңдегі жырларда (Қызылорда, Түркістан, Қарақалпақстанда хатқа түскен нұсқаларда) Жалаңтөс дипломатиялық қарым-қатынас (диалог) жүргізе алатын; қасиетті, киелі жерлерді әділ бөле білетін; ақын, ғалымдарға қамқорлық жасайтын дана билеуші – би, аталық секілді ерекше сипаттарға ие.
2. Тарихи жад және генеалогиялық аңыздар (шежіре)
Орта Азия тайпаларының этногенезі мен әлеуметтік-рулық құрылым-жүйесінің контексінде Жалаңтөс баһадүр маңызды генеалогиялық және бірегейлікті айқындаушы бағыт-бағдар иесі ретінде қызмет етеді.
Ру-тайпалық атрибуция (Алшын/Төртқара). Қазақ шежіресінде Жалаңтөс – Алшын бірлестігіне (Әлімұлы руының Төртқара тармағына) жатады. Оның тұлғасы халықтың жадына Самарқан өңірін Төртқара руы билеген деген мәртебелі сенім сіңіргендіктен, бұл жағдай мақал-мәтел, қанатты сөз және мадақ жырларынан да (арнау, ұлықтау) көрініс тапқан.
Этномәдени синтез (Отырықшы-көшпелі диалог). Жалаңтөс тұлғасы фольклор үшін көшпелі дала дәстүрін (қазақ, қарақалпақ, көшпелі өзбек) Самарқан мен Бұхараның отырықшы қалалық мәдениетімен байланыстырған бірегейлігінде болып табылады. Халық жырларында ол әрі көшпелі мәдениет үлгісін тұтынған қаһарман батыр, «Шердор», «Тіллә-Қари» медреселерін салған сәулетші ретінде көрінетіндіктен, фольклордағы дәстүрлі «дала мен қала» дуализмі, яғни екіұдай шегаралық ұғымы мәселесі жойылады.
Негізінен, жұмыстың әдіснамасы мен теориялық өзегін мынадай ғылыми тұжырымдамалар құрайды:
– Эпикалық шығармашылық және этнопоэтика теориясына қатысты В.М.Жирмунский нақты тарихи деректің эпикалық сюжетке трансформациялануы, яғни түрлене келе өзгеріп ену заңдылықтары (батыр / эпикалық қаһарман бейнесінің модельденуі) жөніндегі тұжырымдамалық қағидалары басшылыққа алынды;
– Тарихи жад және мемориалдық мәдениет тұжырымдамалары бойынша П.Нора («жад орындары» жайында) теориялық тұжырымдары Жалаңтөс баһадүр бейнесінің ауызша дәстүрден (жыр, шежіре) қазіргі ұлттық жадтың ресми түрлеріне (формаларына) дейінгі эволюциясын аңдап, ажыратуға мүмкіндік берді.
– Диалогизм мен мәдениетаралық өзара ықпалдастық қағидаты ретінде Орта Азия мәдениетіндегі отырықшы-көшпелі синтезді зерттеуге арналған тәсілдер (Б.А.Ахмедов) қолданылды.
Зерттеу фольклортану, тарихи мәтінтану, этнопоэтика, мәдени антропология және тарихи жад салаларының басы бірік­кен тұста жүзеге асатын пәнаралық тәсілге негізделе-ді. Сол себепті, басты нысан-кейіпкердің дуалистік – екіжақты табиғаты XVII ғасырда құжатпен бекітілген тарихи тұлға және оның эпикалық репрезентациясының – естіген, сезген, ауызша, екіұдай түрде жеткен мәліметтер жүйесінің өзара ұштасуына байланысты әдіснамалық аппарат фольклорлық-мәтінтанушылық және тарихи-мемориалдық қос бағыт бойынша сараланды.
Алдымызға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін мынадай жалпы ғылыми және арнайы гуманитарлық әдістер кешені қолданылды:
1. Салыстырмалы-тарихи және салғастырмалы әдістер XVII ғасырдағы жазба дереккөздердің мәліметін (парсы және түркі тілдеріндегі жылнамалар: Махмұд ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар» шығармасы ауызша фольклорлық дәстүрдің нарративтік – біркелкі мотивтерімен (қазақ, өзбек, қарақалпақ дастандары мен эпикалық шығармалары) салыстыру үшін пайдаланылды. Бұл әдіс эпикалық гиперболизация, яғни ұлғайта суреттеу деңгейін, өзгерістердің хронологиялық реттілігі мен сюжеттік трансформацияларды анықтауға мүмкіндік берді.
2. Салыстырмалы-мәтінтанушылық және мотивтік талдаулар фольклорлық шығармалардың мәтіндерін (Марғасқа мен Жиембет жырларын [Сонда: Бес ғасыр жырлайды... 1-т., Бес ғасыр жырлайды... 1-т., Қобыз сарыны...], кейінгі дастандық нұсқаларды зерттеу барысында қолданылды. Сондай-ақ, тұрақты поэтикалық формулдар, топостар, эпикалық эпитеттер (Жалаңтөс / Ялангтуш лақабының халықтық-этимологиялық түсіндірмесі) және сюжет қалыптастырушы мотивтер («батыр-қорғаушы», «дана билеуші – аталық», «медресе салушы») талданды.
3. Тарихи-генеалогиялық талдау (шежірені реконструкциялау әдісі) Жалаңтөс баһадүрдің көшпелі халықтардың этноәлеуметтік сатылы иерархиясындағы рөлін және оның рулық нышан мен бірегейлікті айқындаушы бағдар ретіндегі қызметін көрсететін Алшын (Төртқара) руының генеалогиялық аңыздарын зерттеу үшін қолданылды.
4. Контекстік талдау мен тарихи-мемориалдық әдіс-тәсіл Жалаңтөс батыр жайындағы Қазақстан мен Өзбекстанның академиялық басылымдары, музей экспозициялары, монументтік өнер және топонимикасындағы қазіргі мәдени бірізді нарративтерді зерттеп, зерделеу үшін пайдаланылды.
Сөйтіп, зерттеудің материалдары мен дереккөздік корпус-қаңқасы үш топқа бөлінді:
Бірінші, ауызша-поэтикалық, фольклорлық мәтіндер: Қазақтағы тарихи эпикалық шығармалардың хатқа түскен нұсқалары («Жаңбыршыұлы Телғозы», Марғасқа мен Жиембеттің поэтикалық шығармалары), қарақалпақ, өзбек дастандарының нұсқалары, сондай-ақ Самарқан, Хорезм өңіріндегі ауызша аңыздар.
Екінші, XVII ғасырдағы тарихи жазба дереккөздер: Аштарханилер дәуіріндегі нарративтік жылнамалар, «Шердор» мен «Тіллә-Қари» медреселеріне қатысты рухани, қайырымдылық сипаттағы грамоталар, елшілік құжаттар, дипломатиялық хат-хабарлар.
Үшінші, этнографиялық, тарихнамалық тіркеулер: XIX–XXI ғасыр жазбалары (Ш.Уәлихановтың, Ә.Диваевтың материалдары, фольклорлық экспедиция материалдары), сондай-ақ қазіргі генеалогиялық құрылымдар (шежіре).
Жүргізілген зерттеу мынадай қорытындылар жасауға мүмкіндік берді:
1. Бейненің фольклортанушылық ыңғайдағы эволюциясы: Жалаңтөс баһадүрдің (батырдың) бейнесі Орта Азия халықтарының ауызша поэтикалық дәстүрінде XVII ғасырда тарихи тұрғыда құжатталған нақты саяси қайраткер кейпінен ауқымды эпикалық кейіпкер деңгейіндегі эволюциялық жолдан өткен. Қазақтың эпикалық шығармалары (Марғасқа мен Жиембет жырлары) мен дастандарында ол «Дала мен дін қорғаушысы» (құтқарушы батыр) мәртебесіне ие болса, 1643 жылғы Орбұлақ шайқасына қатысуы сыртқы қауіпке қарсы этносаралық әскери бауырластықтың негізгі көрінісі ретінде сипатталады.
2. Сюжеттік-мотивтік және этимологиялық ерекшелік: Жалаңтөс лақап атауының халықтық этимологиясы («ержүрек», «жалаң кеудемен шайқасқа шығатын») қаһармандық эпосқа тән поэтикалық гиперболизация — ұлғайта суреттеу механизмдерін көрсетеді. Сонымен қатар, кеңестік және посткеңестік кезеңдегі дастан жырлау дәстүрінде батырдың әскери нышан-атрибуттары дана билеуші (аталық, би), дипломат және ғылым мен өнердің қамқоршысы сипаттарымен үйлесімді толықтырылған.
3. Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің қосынды-синтезі: Жалаңтөс тұлғасы дәстүрлі «дала мен қала» дуализмінен биік тұрған, сирек кездесетін этнопоэтикалық мәдени «көпір» қызметін атқарады. Тарихи жад пен генеалогиялық аңыздарда (Алшын / Төртқара руының шежіресінде) ол бір мезгілде дала батыры әрі Самарқанның Регистан алаңында «Шердор», «Тіллә-Қари» медреселерін салу арқылы ерен есімін тарихта қалдырған қайраткер ретінде көрінеді.
4. Қазіргі тарихи-мәдени әлеует: Жалаңтөс баһадүр бейнесі XXI ғасырда Орта Азия елдеріндегі (Қазақстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан) тарихи-мәдени мұраны сақтау тәжірибесінде де өзінің ерекше маңызын сақтап отыр. Оның тұлғасы интеграцияның, пан өңірлік диалогтың және аталмыш аймақ халықтарының тарихи ортақтығының маңызды нышаны ретінде қызмет ететіні өз алдына, ауызша эпикалық дәстүр мен іргелі сәулеттік-тарихи мұраның ажырамас байланысын танытады.
Берік ЖҮСІПОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының,
халықаралық ТҮРКСОЙ-дың «Мұрагер» сыйлықтарының лауреаты,
филология ғылымдарының кандидаты, өнертану доценті,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
этнофольклортанушы

10 қараша 2026 ж. 109 0

Кент көшелері жаңаруда

10 қараша 2026 ж. 113

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30