Қос көпірдегі құрылыс
Өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалар жүзеге асуда. Елді мекендерді байланыстырып, экономикалық әлеуетті арттыруда жол-көлік инфрақұрылымының атқарар орны ерекше. Әсіресе, өзендер мен тосқауылдар арқылы өтетін көпірлердің сапасы мен қауіпсіздігі – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар халықтың игілігіне қызмет етіп, өңірлер арасындағы қатынасты жақындата түсуде.
Жақында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық маңызы бар «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Kәукей» автомобиль жолының бойындағы Қарлан көпірі мен Қожабақы ауылы маңындағы темірбетон көпірді қайта жаңғырту жұмыстарының барысын арнайы барып көрді. Сапардың басты мақсаты – стратегиялық маңызы бар нысандардың сапасын бақылау, мердігерлердің жұмыс қарқынын пысықтау және туындаған мәселелерді сол жерде шешу. Бұл маңызды инфрақұрылымдық жоба өңір тұрғындарының қауіпсіздігі мен көлік қатынасын жақсартуға бағытталған.
Аудан басшысы алдымен Сырдария өзені арқылы өтетін Қарлан көпірінің құрылыс алаңында болып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстармен жіті танысты. Қазіргі таңда бұл нысанда көпірдің негізгі конструкциялық элементтерін орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы жобаның жалпы құны – 6 миллиард 746 миллион теңге. Көпірдің 84 свайін қағу жұмыстары толық аяқталған. 8 тіреудің 7-еуі орнатылып, соңғы тіреуді орнатып жатыр. Сонымен бірге 8 ригельдің 6-ауы дайындалып, қалған екеуін орнату жұмыстары атқарылуда. Құрылыс алаңында 30 арнайы техника жұмылдырылып, 80 жұмысшы қалтқысыз қызмет етуде. Аудан әкімі құрылыс барысын жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме «Нұрлы Тау ЛТД» ЖШС-нің өкілдерімен бірге талқылап, нысандағы жұмыстардың сапалы орындалуына және белгіленген мерзімнің сақталуына баса мән беруді тапсырды. Сонымен қатар құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, жұмысты жандандыру қажеттігін айтты. Инженерлік талаптардың қатаң сақталуы мен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету басты назарда болатынын атап өтті. Жаңа жоба халықтың жүк және жолаушылар тасымалын жеңілдетіп қана қоймай, ауданның басқа елді мекендерімен үздіксіз байланысын қамтамасыз етеді.
Одан соң аудан басшысы Қожабақы ауылы маңындағы темірбетон көпірді қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көріп, жауапты сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қожабақы ауылының іргесіндегі аудандық маңызы бар жолдың 32,1 шақырымында орналасқан темірбетон көпірді қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. 1975 жылы салынған көпір техникалық тексеру нәтижесінде апатты жағдайда деп танылып, қолданыстағы нысанды толық бұзып, орнына жаңа көпір салу туралы шешім қабылданған. Бүгінде мердігер мекеме«Гүлнұр МК» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа көпірдің ұзындығы – 21,6 метр, жүру бөлігінің ені – 7 метр. Жобаның жалпы құны – 382,7 миллион теңге. Нысанның құрылыс мерзімі 6 айды құрайды. Құрылыс кезеңінде көлік қозғалысының тұрақты болуын қамтамасыз ету үшін ұзындығы 403 метр айналма жол ұйымдастырылған. Бұл нысан да ауыл тұрғындары үшін маңызы зор күретамырдың бірі. Жаңғырту жұмыстары барысында көпірдің тозған бөліктері қалпына келтіріліп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі арттырылмақ.
Аудан әкімі аталған нысанда да құрылыс жұмыстарының сапасына, жобалық талаптардың қатаң сақталуына және белгіленген мерзімнен кешіктірмеуге баса назар аударуды тапсырды.
– Халықтың қауіпсіздігі мен жайлылығы бірінші орында тұруы тиіс. Әрбір металл конструкциясы, бетон құю сапасы және инженерлік тораптар талаптарға сай жасалуы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады, – деп атап өтті аудан басшысы Алмасбек Есмаханов.
Екі көпірдің де елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуда маңызы зор. Әсіресе Қарлан көпірінің іске қосылуы Сырдарияның екі бетіндегі елді мекендердің қатынасын жеңілдетіп, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай қалыптастырады. Аталған инфрақұрылымдық жобалардың сапалы салынуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, бірнеше елді мекен арасындағы қатынасты едәуір жақындата түспек. Жол сапасы мен көпірлердің беріктігі – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Айнұр ӘЛИ














