Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды есімі ел тарихымен біте қайнасқан даңқты қолбасшы, мемлекет қайраткері, батыр әрі көрнекті тұлға – Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының туғанына 450 жыл толу мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ тарихы – ел тағдыры сынға түскен алмағайып кезеңдерде халықтың бірлігі мен азаттығы жолында күрескен батырлар мен қайраткерлердің өнегелі өміріне толы. Сол біртуар тұлғалардың бірі – Сыр бойынан шыққан, есімі қазақ тарихында ғана емес, бүкіл Орталық Азияның саяси-әскери шежіресінде айрықша орын алатын Сейітқұлұлы Жалаңтөс баһадүр.
Жалаңтөс баһадүр – XVII ғасырдағы қазақ даласының қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тарихи тұлға. Ол өзінің қолбасшылық қабілетімен, ел басқарудағы көрегендігімен, қайсар мінезі мен парасатты болмысымен танылып, тұтас бір дәуірдің тарихи оқиғаларына ықпал еткен қайраткер ретінде тарихта қалды.
Баһадүрдің өмір жолы – елдік пен ерліктің, бірлік пен берекенің, туған жерге деген адалдықтың жарқын үлгісі. Ол күрделі кезеңдерде ел мүддесін бәрінен биік қойып, саяси-әскери қызметімен қатар, мәдениет пен руханияттың дамуына да айрықша үлес қосты. Самарқанд қаласындағы Регистан алаңында бой көтерген сәулет өнерінің жауһарлары оның есімін Орталық Азия өркениетінің тарихымен сабақтастыра түседі.
Жалаңтөс баһадүрдің тарихи тұлғасын ұлықтау, оның ел алдындағы еңбегін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау – баршамызға ортақ міндет. Өйткені ұлы тұлғалардың өнегелі өмірі ұлттың тарихи жадын қалыптастырып, жас ұрпақтың бойында отаншылдық рух пен елдік сананы нығайтады.
Сыр өңірі – Жалаңтөс баһадүрдей даңқты тұлғаны дүниеге әкелген қасиетті өлке. Сондықтан да баһадүр есімін ұлықтау, оның мұрасын сақтау мен дәріптеу бағытындағы жұмыстар өңірімізде әрдайым айрықша маңызға ие.
Қазалы ауданында ұлы қолбасшының есімін ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ауданымыздағы елді мекен мен көшелерге, орталық стадионға Жалаңтөс баһадүр есімінің берілуі – баба рухына көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.
2016 жылы баһадүрдің 440 жылдығына орай аудан орталығындағы көшелердің бірінде кесене бой көтерсе, 2021 жылы 445 жылдық мерейтойы аясында Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында ұлы қолбасшыға арналған биіктігі 12 метрден асатын еңселі ескерткіш орнатылып, абаттандырылған алаң ел игілігіне берілді. Бүгінде бұл орын – тарихи тұлғаға тағзым ететін, өскелең ұрпаққа тағылым беретін рухани нысандардың бірі.
Биылғы 450 жылдық мерейтой – Жалаңтөс баһадүрдің тарихи мұрасын терең зерделеп, оның ел алдындағы еңбегін кеңінен танытуға мүмкіндік беретін маңызды белес. Осы мерейтой аясында ұйымдастырылып жатқан ғылыми-танымдық конференциялар, мәдени іс-шаралар мен жыраулар фестивалі баба мұрасына деген құрметтің жарқын көрінісі болып табылады.
Мерейтойдың негізгі мақсаты – тарихи тұлғаның есімін ұлықтаумен ғана шектелмей, оның өмір жолы мен елдік мұратын бүгінгі ұрпаққа өнеге ету. Жалаңтөс баһадүрдің қайраткерлік болмысы мен ерлік жолын зерделеу арқылы жас буынның туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық тарихымызға деген құрметін нығайта түсеміз.
Қадірлі ағайын!
Жалаңтөс баһадүр – халқымыздың тарихи жадында мәңгі сақталатын, есімі ғасырлардан ғасырларға жалғасатын ұлы тұлға. Оның ерлік жолы, елдік мұраты мен қайраткерлік өнегесі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ұрпағы үшін де құндылығын жоғалтпайды.
Осы айтулы мерейтой халқымыздың тарихи санасын жаңғыртып, ұлттық рухымызды асқақтататын, ел бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын тағылымды мерекеге айналсын!
Ұлы бабамыздың есімі ұлықталып, өнегелі өмірі мен өшпес мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталсын!
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін!
Бірлігіміз берік, елдік мүдде жолындағы істеріміз баянды болғай! Мерейтой құтты болсын!

Құрметпен, аудан әкімі Алмасбек ЕСМАХАНОВ
10 қараша 2026 ж. 107 0

Кент көшелері жаңаруда

10 қараша 2026 ж. 114

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30