Аудан әкімінің құттықтауы
Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – бейбіт өмір мен бостандық жолында жанын қиған боздақтардың ерлігі мен өр рухына тағзым ететін, аға буынның қайсарлығы мен қаһармандығын ұлықтайтын қасиетті күн.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:«Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық», – деп атап өткен болатын.
Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында жаумен шайқасқан батырларымыз ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Ал тылдағы еңбеккерлер күн-түндемей «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен аянбай еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Бұл – халқымыздың бірлігі мен табандылығының, қайсар рухының жеңісі.
Қазалы ауданынан Ұлы Отан соғысына 11 мыңға жуық азамат аттанып, олардың мыңдағаны туған жерге оралмады. Олардың есімі ел жадында мәңгі сақталады. Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің алдында біз әрдайым қарыздармыз.
Бүгінде соғыс жылдары тылда еңбек еткен және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға тиісті әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп келеді. Бұл – ерлікке деген тағзымның белгісі.
Батыр бабаларымыз қорғап қалған қасиетті Отанымыз аман, еліміз тыныш, көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрсын!
Құрметпен,
Қазалы ауданының әкімі
Алмасбек ЕСМАХАНОВ













