Қазалылық ұстаздар жылды қорытындыланды
Бүгін Қазалы ауданында білім саласы қызметкерлерінің жылды қорытындылауға арналған жаңа жылдық мерекелік шара өтті. Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейде өткен білім саласының үздіктерін марапаттауға арналған салтанатты шарада аудан әкімі ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, жыл үздіктерін марапаттады. Сондай-ақ аудандағы білім саласында атқарылып жатқан игі жұмыстар жайында айтып өтті.
-2025 жыл еліміз үшін, киелі Сыр өңірі мен қасиетті Қазалы ауданы үшін бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды. Сыр өңірімен қазыналы Қазалы ауданында Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, облыс әкімінің басшылығымен білім саласында ауқымды жобалар мен тың бастамалар жүзеге асуда. Биыл Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында наурыз айында Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр ауылында 300 орындық заманауи мектеп пайдалануға берілді. Жыл сайын аудандағы білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Биыл аудандағы 9 мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушыларға жайлы жағдай жасалды. Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей ауласына ойын алаңы салынды. Бүгінде ауданымызда 38 білім ошағы, ал жалпы ауданымыздағы білім беру ұйымдарында 2500-ден астам ұстаз жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде толымды жұмыс жасауда. Оның ішінде 6 «педагог-шебер» ұстазымыз бар, бұл көрсеткіш аудандар арасында алдыңғы орында. Тәуелсіздік жылдарынан бастап осы кезге дейін ауданымызда 36 педагог «ҚР Білім беру ісінің үздігі», 31 педагог «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», 25 педагог «Ыбырай Алтынсарин», 1 педагог «ҚР Еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгілерімен марапатталды. Өткен оқу жылында аудан бойынша 11-ші сыныпты 944 оқушы тәмамдаса, оның 859-ы Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысты. Қуантарлығы сол, оның ішінде 543 оқушы мемлекеттік грант иегері атанды. Өткен оқу жылында мектеп бітіруші 100 түлек «Алтын белгі» белгісін иеленіп, оқушыларымыз облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлдегері атануда. Аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген ауданның барша білім саласының қызметкерлерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, аудан жұртшылығының және Өзімнің атымнан шынайы алғысымды білдіремін, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Салтанатты шарада аудан әкімі жыл бедерінде ауданның білім саласының дамуына айрықша үлес қосқан сала үздіктеріне «Үздік жыл мұғалімі», «Үздік мектеп директоры», «Үздік пән мұғалімі», «Үздік тәрбиеші», «Үздік тәрбиеші», «Үздік тәлімгер» сынды номинациялар мен арнайы дипломдар табыстады.
Шара соңында аудан өнерпаздары мен оқушылар өнер көрсетіп, ұстаздар қауымына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.














