Тың туындылар тартысы
Қазалы қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Креативті HUB» жобасы аясында ҚР Мәдениет қайраткері, Сыр өңірінің өнері мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан Сұлтан Сармолдиннің шығармашылығын дәріптеуге арналған «Өнердің өшпес өрнегі» атты аудандық суретшілер байқауы өтті.Байқаудың ашылу салтанатында Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Бекет Табынбаев сөз сөйлеп, Сұлтан Сармолдиннің өнердегі қолтаңбасын таныту мен оның мәдени мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.
– Сұлтан Сармолдиннің есімін ұлықтап, шығармашылығын кеңінен насихаттау – мәдени мұрамызды бағалап, өнерге құрметті арттырудың бір көрінісі деп білемін. Бейнелеу өнері арқылы адам өзінің ішкі сезімін, дүниетанымы мен көзқарасын жеткізеді. Сондықтан суретшілердің шығармашылық әлеуетін қолдаудың маңызы зор. Бүгінгі байқау оларға өз шеберлігін танытып, жаңа туындылар арқылы ой бөлісуге мүмкіндік береді. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауданымыздың мәдени өміріне серпін бере берсін. Қатысушыларға сәттілік пен шығармашылық шабыт тілеймін! – деді Бекет Табынбаев.
Ал сындарлы сайыста суретшілердің жұмысын мәдениет саласының ардагері Қайрат Ілиясов, аудандық мәдениет орталығы жанындағы Ж. Тұрсынов атындағы халық театрының суретшісі Әбілқайыр Өтелбаев және Қазалы қалалық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Асылбек Көшербаев саралады.
Бір кезеңнен тұрған байқауға 25 жастан асқан 10 үміткер қатысып, алдын ала әзірлеген туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Суретшілер өз жұмыстарының мазмұнын түсіндіріп, шығармашылық идеялары мен көркемдік шешімдерін таныстырды. Қатысушылардың еңбектері мазмұны, орындалу ерекшелігі және авторлық ізденісі тұрғысынан бағаланды.
Бәсекенің қорытындысы бойынша Бас жүлде Қази Арзыға бұйырды. Бірінші орынға Аршын Нұрымова лайық деп танылса, екінші орын Аян Арзыға берілді. Ал үшінші орынды Данагүл Қуанышбаева мен Қайрат Есіркеев өзара бөлісті.
Сонымен қатар Жазира Шунканова, Венера Әлімбетова, Гүлжайна Кеңесбай, Жансая Әмірбек және Гауһар Сералиева арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ байқауға қатысқан өзге де үміткерлерге ұйымдастырушылар атынан сыйлықтар табысталды.
А. ЖҮСІПОВА













