Қос өрім
Сан түрлі тағдыр, сан түрлі пенделермен азды-көпті араласып жүрген соң, мамандығымызға сай адамның ішкі әлеміне көбірек үңілгіміз келіп тұратындығын несіне жасырайық. Біреулер ауыз толтырып айтарлықтай елге ересен еңбек сіңірмесе де, сол болмашы тірлігінің өзін жұрт білсе екен, орайы келсе алқалы топтың арасында аты-жөнім алдымен аталса екен деп сыртқа сыпайы қылық танытқан секілді болғанымен, күллі болмысымен жұрттың көзіне түскісі кеп, іштей жанталасып жүреді. Екінші топтағылар бұларға мүлде қарама-қарсы кейіптегі кейіпкер; қыруар шаруа тындырып жатса да, жарнамалауға жаны қас, қолға алған ісінің қашан көңіл тоқтататындай нәтижесін көргенше бөгде сөз, бұратана тірлікке мойын бұрмастан, тым-тырыс жүре береді, тіпті есіміңді ел білсін, ақпарат құралдарына сұхбат берсеңізші десең де, әрнені сылтауратып сенен қашқалақтай береді. Неге екендігін қайдам, саған жарылып ешнәрсе айтпаса да, сенімен дидарласқысы келмесе де, алым-берімсіз сол азаматтың әрдайым жолы болса екен деп, іштей тілеулес болып жүретіндігіңді кейде өзің де аңғармайсың.
Менің пайым-түсінігімше, Жылқайдар Тәңірбергенов соңғы пікіріміздің үдесінен шығатын әтібірлі азамат. Қазалы жаққа жол түскенде атбасын бұрып тұрамыз, ата-бабамыздың қаны мен терінің арқасында кешегі күннің берекесін бүгінгі біз бастан кешкен өмірдің құпия-сырымен үндестіре білген, жалғастыра білген ел азаматтарының жақсы бастамаларын естігенде бір марқайып қалатындығымыз анық. Анау айтқандай, қолымыздан дәл соған жәрдеміміз тие қоймаса да, іштей мақтанғымыз келіп тұрады, біреулерге ауыз толтырып айтқымыз келіп тұрады. Біздің бір кездегі жастық шағымыз өткен Қазалыға бақ-дәулеті асып-тасымаса да, заман талабына сай үн қосып, уақыт ырғағынан жаңылмай тіршілік қазанын қыз-қыз қайнатып жатқан бүгінгі Қазалы мүлдем ұқсамайды. Елдің еңсе тіктегені бірден аңғарылады.
Жұртшылықтың күнделікті ауыздарынан айтылатын қарапайым өтініштері; «үйімізге табиғи газ кіріп, көмір жағып, күл шығаратын азаптан құтылсақ екен...», «таза су ішіп, ауру-сырқаудан айықсақ екен...» Мұның орындалуы қиын, мың жылдық арман еместігіне біртіндеп көзіміз жетіп келеді. Қазір табиғи газ бен таза судың рақатын көрмей отырған елді-мекен некен-саяқ. Осы орайда Жылқайдар мырзаның елдің алғысына бөленген есім-сойын аудан басшыларының аузынан да, алыс ауылдағы тұрғындар аузынан да жиірек естиміз. Естігенде жаның жадырайды, кешеге дейін бауырластығымыз бен туыстығымыздың арқасында бір үйдің баласындай ойнап-күлген Жақаңның елдің құрметіне бөленгені сенің де мәртебеңді бір көтеріп тастайды. Және мұндай шын жүректен айтылған қошеметті алтынға айырбастап, ақшаға сатып ала алмайсың. Шын туайтына келгенде үлкен награда осы!
Газ саласында қызмет істеп, осы кәсіптің ұңғыл-шұңғылына үңілу үшін өмірлік ұстаным, мол тәжірибе, асқан жауапкершіліктің керек екендігін бұл тұсқа үш қайнаса сорпам қосылмаса да, сыртта жүріп жан жүрегіммен сезінемін. Жетіқат жер астынан шығып жатқан табиғи байлықты орнымен ұқсата білмесең – отқа күйесің, не біреуді күйдіресің. Тұрбаның шүмегін артық айналдырсаң да, кем бұрасаң да көгілдір газ сенің ырқыңа көне қоймайды. Ортасындағы озық технологияның ықпалымен «ауырлық нүктені» ақыл тезіне салып, таба білсең ғана ұтысқа шығасың. Менікі табиғи газды халық қажетіне жарату жолындағы бергі жақтан айтыла салатын өте жауапты шаруаның «әліппесі» ғана. Оған жұмсалар қажыр-қайраттың қай «межеге» барып тұрақтайтындығын дәп басып айта алмаймын.
Ал орайы келгенде осы түйіткілді өзімше тарқатайын, біраз жайдың ақ-қарасын біліп алайын деп, Жақаңмен сырласа қалсаң, ол батырың қолға ұстатқандай мың-сан цифрларға толы деректі мәліметтерсіз жақ ашпайды, өзіне ғана түсінікті үнемі сөмкесінде жүретін шым-шытырық сызықтарға толы картаны алдына жайып тастағанда ғана, аржағынан түйдектелген әңгіменің тиегі біртіндеп тарқатыла бастайды. Жылқайдар Тәңірбергенов Қазалы ауданын газбен жабдықтау мәселесіне келгенде де саланың сұңғыла маманы ретінде біраз істің тігісін жатқызғанын мен емес, өзгелер айтып жүреді.
Ол Арал ауданындағы балықшылар ауылында өмірге келгенімен, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Қазалыдағы №422 орта мектепті үздік бітірген-ді. 1973 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының «Нефтогаз ісі» бойынша мамандығын алып шыққан-тын. Ол кездегі бұл қаны жерге тамбай тұрған аса зәру мамандық болатын. Ашық айтайық-ау, тіл-әдебиет, не журналистика мамандығын алғашқы жылдары біреулерге шәкірт бола жүріп, «балағыңда битің болса» араға біраз уақыт салған соң, ілініп-салынып үйреніп кетуге де болар еді ғой, ал газ саласына келгенде мұндай «ұзын арқан, кең тұсауды» араға қыстыра алмайсың. Асқан жауаптылық пен терең білімнің арқасында ғана сынақтан сүрінбей өте аласаң жақсы. От ішіндегі өмірді көз алдыңызға елестете беріңіз. Басқасын тізбелемегенде, болар-болмас кемшіліктің өзі айықпас апатқа ұрындыруы түкке тұрмайды. Сондықтан бұл саламен айналысамын деген пендеңізге алақандай жүрек пен батпандай батырлық алдымен керек-ақ!
Жақаң Қазалыдан Шымкент қаласына қызмет бабымен қоныс аударғаннан кейін Қазақ фосфор өнеркәсібі ғылыми-зерттеу және жобалау институтының жөндеу-механикалық бөлімінде инженер, Шымкент шина жөндеу зауытында инженер-констуктор болып алғашқы еңбек баспалдағын бастаған-ды. Білгенін өз ішінде байытты, білмегенін өзгелерден сұрап алды, бұл қиын салаға бір тырнақ іліктірген екенсің, мұнан былай сылбырлық пен ұмытшақтықты басы бүтін ұмытқаның абзал. Жалаңдаған қылыштай қынаптап суырылуға әркез дайын тұруың керек. Тоқсаныншы жылдардың аяғында атақты «Казгипрогаз» жас инженерді өздері қалап, шақыртып алды. Екі мыңыншы жылдардың басында «Алаутрансгаз» акционерлік қоғамының газ толтыру стансасының бастығы боп орналасты. Өмірінің ақырғы күндеріне дейін «ЮгГазПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры болып, абыройлы қызметтер атқарды.
Республикадағы газ саласының бір ізге түсіп, жандануына жан аямай жұмыс істеген Жылқайдар Тәңірбергенов әсіресе, Қазалы ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданының газдандыру ісіне келгенде ерекше ыждағатты қимыл-әрекетімен көзге түсті. Аталмыш аудан тұрғындарының басшысы мен қошшысы күні бүгінге дейін Жақаңның қарапайым елге сіңірген еңбегін ұмытпайды, қазақшалап айтқанда, төбелерінен жай беруге әзір. Қос ауданның «Құрметті азаматы». Ұлттық экономика министрлігінің «Құрметті құрлысшысы», Рухани жаңғырудың «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаты, Еуразия мемлекеттер достастығының «Құрметті азаматы».
Бір адамның пешенесіне аздық етпейтін құрмет пен айтулы атақтар-ау?! Астанаға да арагідік атшалдырып тұратын, іргелі министрліктің газ төңірегіндегі келелі мәслихаттарына әдейі шақырылады, тәжірибелі маманның қағазға түскен, қағазға түспеген құнды байламдары мен пікірлерін тыңдауға құмар жұрттың қарасы қалың. Әсіресе, жастара жағы қапталдасып, әуежайдан Шымкентке шығарып салғанша жанында жүргенді ұнатады. Оған өзімнің де әлденеше куәгер болғаным бар. Бір үйден түстену, шай ішу дегенді атамаңыз, уақыттың қадірін уысынан шығармауға тырысатын кісі сол күннің кешінде отбасынан шаң беруге тырысады.
Туған жерге перзенттік парыздың қандай өлшеммен өлшеніп, қандайөлшеммен ақталатындығын тап басып айта алмаймын. Ол әркімнің жүрегіндегі жалыны сөнбейтін жанартау болар. Ара-тұра Тәңірбергеновпен хабарласа қалсаң, бір тығыз шаруамен Қазалыға қарай шұғыл аттанып бара жатады. «Ау, аманшылық па?» «Дарияның арғы бетіндегі бір ауылға газ тартылуға тиіс еді, соның жоба-жоспарын өзім қадағаламасам болатын елес...» «Аяқ-қолым сау, аман-есен жүріп-тұрсам ағайынның той-томалағынан да қалғым кедмейді...»
Ешкімге ұқсамайтын елгезек, ағайын-туғанға жанашыр еді. «Еді...» дейтін өзек өртейтін өкінішті өткен шақтың тілге амалсыз оралатындығын қайтерсің?! Көнеміз бәріне. Жақаң өткен жылы ұзақ сырқаттанып жүргендігін де елге сездірместен, ойламаған жерден арамыздан алыстады. Қазан айының соңынан таман Шымкент қаласында жылдық асы беріледі. Ұлы Айбармен қызы Айнұр үйлі-баранды, оңды-солын білетін, оқыған-тоқығаны мол, әке абройын асқақтатып жүрген адал жүректі перзенттер.Құдай көпсінбесін артында алтын асықтай бірнеше немерелері қалды. Шаңырақтың отын өшірмей, Жақаңның жоқтығын білдірмей, шапқылап жүрген Рахима жеңгемізге ұзақ ғұмыр білейміз. Туған топырақтан тамыр үзбеген Тәңіргеновтің алдынан жарылқасын, жатқан жері жайлы болсын!..
Сағыныш еді-ау сол жылдар...
Жетпісінші жылдардың басында Арал теңізі тартылу тақсіретін бастан кешті. Жылқайдардың әкесі Тәңірберген Бақтыбаев Құран кәрімді түп нұсқадан оқитын өте сауатты және осы заманның да тамыр бүлкілін тап баса білетін сұңғыла кісі-тін. Үстіне қылаудай кір жұқтырмайтын, қашан көрсең де кәделі жиналысқа баратындай тіп-тік боп жүретін үйреншікті қалпы қазіргідей көз алдымызда. Теңіздің тартылатындығын күні бұрын сезгендей, мұнан біршама уақыт бұрын ағайындарын сағалап, теңіз жағалауынан Қазалыға көшіп келді. Қарап отыра алмайтын, екі үйлік атшаптырым ауласы неше түрлі жеміс-жидектерге толып, жайқалып тұратын. Жүзімдерінің дәмі әлі күнге дейін таңдайымызда. Үлкен-кішіміз бір ауыздан «көке» дейтінбіз. Ешкімді жатырқамайтын кең пейілді Күнбибі анамыздың қолынан талай рет дәм таттық.
Онжылдықты Бөгенде бітіріп, алып-ұшып Алматыға барғаныммен Казгу-дің журфагіне түсе алмадым. Өкініш қара қазандай, екі жылдық еңбек өтілі барлардың бағы жанды. Теңіздің жағдайына байланысты балықшылық кәсіптің де аяқ-басы қуыра бастаған кезең ғой. Жұмыссыз ауылда сенделіп қашанға жүрерсің, марқұм Жаңыл әжем ағайынгершілігін араға тықпалап, мені көкемнің үйінде жатып, қара жұмыс істеуге көндірді. Жақаңның туған ағасы Нәкең-Нағашыбай аға мені Қазалыдағы ПМК-41 дейтін мекемеге бетон құюшы қылып орналастырды. Отбасының береке-бірлігін келтіріп жүретін жеңгеміз Раушан Аңламасқызы қандай кереметадам еді! Біршама жыл Қазалы аудандық партия комитетінде нұсқаушы боп қызмет атқарды. Ұлы Ардақтың қолында Алматыға көшіп келген соң қайтыс болды.
Бетоншы. Еңбек кітапшаға түскен алғашқы жол осы-тын. (Ұмытпасам ПМК-нің сол кездегі басшысы Морозов болды-ау деймін). Дарияның арғы-бергі бетіндегі күріш алқаптарына су жеткізетін кішкене каналдардың ұзына бойын жөндейміз, кей тұстарына бетон құйып жамаймыз. Қара жұмыс өзіме соншалық ұнайтын, адамдармен араластым, тамыр-таныс таптым, жалақысы да жаман болмайтын.
Сол баяғы, жазу-сызуға деген құмарлықты қойсаңшы, шошаңдап онда Басықара су торабы жаңадан пайдалануға берілгелі жатқан-ды. Сондағы құрылысшылар жайлы бес-алты бет мақаланы (ол кезде компьютер түске кіретін) төркөз дәптерге әдемілеп қолмен көшіріп, «Ленин туы» газетіне жібере салмасым бар ма?! Мақала араға бір жеті салып, газеттің бір бетін алып, жарқ етіп шыға келді. Мектеп қабырғасында жүріп, Арал аудандық «Толқын» газетінің жергілікті тілшісі атанғанбыз. «Ленин туын» нөмер жіберместен қадағалап оқимын. Газетке ғашық болған секілдімін. Нағашыбай ағамның бас редактордың орынбасары, жазушы Әлмәмбет Әлішов ағамызбен таныс- білістігі бар білем. Мен жайлы әңгіме болады-мыс, кешікпей «Ленин туына» корректор боп орналастым.
Өмір көрмеген шикі өкпе бозбаламын ғой, корректорлық маған ұнаңқырамады. Себебі, үйім стансада, жұмыс қалада. Ол кезде бүгінгідей жағдай қайда, газет қорғасынға теріліп, қолмен беттеледі. Кеш шығады. Қаларалық автобустан қалып қойып, таң атқанша баспаханада түнеуге тура келетін. Газеттің бас редакторы ақын Сейіл Боранбаев ағамыз, көп сөйлемейді, жүріс-сұрысы нық, істеген ісі орнықты. Албасты басып, жалақысы түкке тұрмайтын корректорлық немді алған деп, өз-өзімді жерден алып, жерге саламын, бетон илеп, кең далада еркін жүрген күндерімді сағынамын. Газет басшылығы менің тәжірибесіз жастығыммен, жағдайымды ойлады ғой деймін, бір-екі айдан соң газеттің тілшілік қызметіне ауыстырды. Редакцияның қабырғалы қаламгерлері – Киікбай Изетов, Тиышбай Шерекенов, Кеңес Арықбаев, Шамша Айтуғанов, Жұмабай Жақыпов, Сексенбай Күлімбетов, Жаңабай Өтегенов, Түлкібай (Азат) Әкімов секілді азаматтармен қоян-қолтық араласып жұмыс істедім. Білмегенімді солардан үйрендім, әліме қарамай біреуге еліктемей мақаланы өзімше жазуға тырыстым. Бірақ тәжірибесіздіктің шылауынан шығу қиынға соқты.
Сол оқиға есіме түскенде әлі күнге дейін күлкім келеді. Бірде редактордың орынбасары Әлмәмбет Әлішов ағам: «Ертең «Қызылту» колхозының 4-ші фермасына сүт жоспарын асыра орындағандықтары үшінауыспалы Қызыл ту тапсырылады. Сен содан келесі нөмірге репортаж жазып келесің» деп тапсырма берді. Бардым. Төртінші ферманың төңірегі тым-тырыс. Қызыл туды қабылдап алуға жүгіріп жүрген озат сауыншылар да, ауданнан арнайы келген өкілдер де көрінбейді. Ары-бері тұрдым да жолға шығып, Басықарадан келе жатқан автобусқа отырып, үйден бір-ақ шықтым. Ертеңінде редакцияға барған бетте Әлекең: «репортаж дайын ба?» деді. Мен болған жайды баяндадым. «Яғни, репортаж дайын емес, тапсырманы орындамадың, жұмысқа салғырт қарадың, өз қолыңмен қызметтен босану жөнінде арыз жаз!» деді қабағын суытып.
Сөйтсем, оның бас ауыртпайтындай қиындығы жоқ екен. Қайран Кеңес одағындағы қапталыңнан қалмай, еріксіз өтірік айтуға, өтірік жазуға итермелейтін жалғандық-ай! Ол оқиғаны өзіміз майдан қыл суырғандай қолдан «құлпыртып», «ақ халатты сауыншылардың аузына жалынды сөз салып,айналаны асқақ әуеге толтырып, жұтып қоятындай жаңалық ретінде» жылмитып жазып шығуымыз керек екен ғой. Мен байғұс ондай «әдемі тәжірибенің» барлығын айдан білейін. Әлмәмбет ағаммен кейін ағалы-інілі боп, жақсы қарым-қатынаста араластық, жазушының туған күндеріне Астанадан арнайы келіп қатыстық, сөз сөйледік. Жұмыс барысында ашуланғанмен қайтарымы тез, жайдары мінез, кең қолтық азамат еді ғой жарықтық! Қаладағылар түстік кезінде үйлеріне кететін де, стансадан қатынайтын Әлекең екеуміз редакция жанындағы асханадан тамақтанып алған соң ішке кіріп, дәліліздегі ескілеу бильярд үстөліндегі тастаяқ ойынына кіресетінбіз. Қанша тырыссам да Әлекеңді жеңе алмаймын. Әлекең аха-ха-лап күледі: «Кіммен ойнап жүргеніңді білмей жүр екенсің, бала!..» Осы риясыз күлкі «жұмыстан шығару мәселесін» де ұмыттырып жіберетін-ді. Сол күндерді сағынасың, әрине.
Сөйтіп жүргенде әскер қатарына шақырылатын болдым да жұмыстан босандым... Нағашыбай ағамның ықпалының арқасында күзгі шақырудан көктемге ауыстым. Редакциядағы орныма адам алып қойыпты. Сосын Балтабай Тәжімбетов ағам Ғ.Мұратбаев музейіне қызметке қабылдады. Балтекеңнің ақ жарқын азаматтығын бұл жалғанда айтып тауыса алармысың?! Бұл туралы «Алашбай, Сексенбай, Балтабай» дейтін көлемді мақалам «Қарапайым һәм тамаша тағдырлар» дейтін публицистикалық кітабымда жарияланды. Кейін оқуға түсіп кеттім...
Қуаныш ЖИЕНБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


.jpg)











