Тазалық – тәрбие бастауы
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы маңызды жалпыұлттық бастамаға ұласып отыр. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде тұрғындар ортақ іске белсене атсалысып, тазалық сақтау мен табиғатты аялауды азаматтық жауапкершіліктің ажырамас бөлігіне айналдыруда.Жыл басынан бері елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық іс-шараларға 7 миллионнан астам азамат қатысқан. Бастама жүзеге асырыла бастағалы бері елді мекендерде 7 миллионнан астам ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қоры аумақтарына 1 миллиардтан астам тұқым мен көшет егілді.
Республика көлемінде қолға алынған игі бастама өңірлерде де жүйелі түрде жалғасуда. Облыс аумағындағы елді мекендерде жыл басынан бері ұйымдастырылған экологиялық шараларға 377299 ерікті, қоғам белсендісі, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкері қатысты. Нәтижесінде 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 510 сквер мен саябақ, 256 тарихи-мәдени ескерткіш және 1019 әлеуметтік нысан тазартылды. Сонымен қатар өнеркәсіптік және бизнес нысандарының аумақтары, су айдындары мен көшелер санитарлық тазалаудан өтті. Ауқымды жұмыстарға 548 арнайы техника жұмылдырылды.
Қоршаған ортаны көгалдандыру мен көркейту бағытындағы жұмыстар да қарқын алды. Облыстың табиғи-климаттық жағдайына бейімделген 91817 түп көшет отырғызылды. Алдағы уақытта да экологиялық бастама аясындағы жұмыстарды жалғастырып, елді мекендердің тазалығы мен көркін жақсартуға басымдық беру көзделіп отыр.
Жалпыұлттық бастаманың игілігін аудан тұрғындары да сезініп, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуда. Өткен сенбіде Әйтеке би кенті мен барлық ауылдық округтерде кезекті жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Шара барысында көшелерді тазарту, қоғамдық аумақтарды абаттандыру және санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.
Бұл жолы Әйтеке би кентінің көшелерін тазалап, ретке келтіруге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, М.Әуезов, С.Мұқанов, Р.Бағланова және Төремұрат жырау көшелеріндегі шашылған қоқыстар жиналып, ретсіз өскен шөптер шабылды. Сондай-ақ кенттің ішкі және сыртқы аумақтарында санитарлық тазалау жұмыстары атқарылды. Мекеме қызметкерлерімен қатар аудан тұрғындары да сенбілікке белсене қатысып, өз аулалары мен көше бойларын тазартуға атсалысты.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі тазалық жұмыстарының барысын аралап көріп, орталық көшелердің санитарлық жағдайына назар аударды. Аудан басшысы кент әкімі мен тазалық жұмыстарына жауапты аймақ басшыларына жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру, көшелердің тазалығы мен күтімін тұрақты бақылауда ұстау жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Кезекті сенбілікке 143 мекемеден 1678 адам қатысып, 18 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде полигондарға 17,5 тонна қоқыс шығарылды.
Тазалық – қоршаған ортаны түлету ғана емес, тұрғындардың ортақ мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Туған жерді таза ұстау, табиғатты қорғау және елді мекендерді көркейту – баршамызға ортақ міндет. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін нығайтуға қызмет ете бермек.
А.ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














