Берік отбасы – есірткіден аулақ
Бүгінгі қоғамды толғандырған ең өзекті мәселелердің бірі – есірткі дерті және оның жастар арасында таралуы. Ғасыр тажалына айналған бұл індетпемен күресте тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана сүйеніп қою жеткіліксіз. Себебі кез келген заңнан да, жазадан да қуатты, адам баласын жамандықтан қорғайтын ең басты қалқан бар. Ол – отбасы. «Берік отбасы – есірткіден аулақ!» деген ұран әрбір шаңырақтың мызғымас өмірлік қағидасына айналуы тиіс.Есірткі тәуелділігі – тек бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қасіреті. Қазіргі таңда синтетикалық есірткілердің қолжетімділігі мен олардың жасөспірімдер арасында тез таралуы дабыл қағарлық деңгейге жетті. Психологтар мен әлеуметтанушылардың зерттеуінше, жастардың бұл қауіпті жолға түсуіне көбіне отбасындағы түсініспеушілік, жалғыздық, назардан тыс қалу және рухани бостық себеп болады. Бала өз үйінен жылулық, қолдау және түсінушілік таппағанда, өзін мазалаған ішкі үрей мен күйзелістен қашудың амалын сырттан, соның ішінде есірткі сияқты жалған алданыштардан іздей бастайды.
Берік отбасының басты белгісі – ата-ана мен бала арасындағы шынайы диалог пен ашық сенімділік. Бала кез келген қателігі мен мәселесін қорықпай айта алатын, сырын бөлісетін жалғыз қауіпсіз мекен өз үйі екенін сезінуі керек. Ата-аналар баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, оның қызығушылықтарына, қоршаған ортасына және мінез-құлқындағы кенет пайда болған өзгерістерге мұқият болуы қажет. Сүйіспеншілік пен қалыпты бақылаудың арасындағы алтын көпірді таба білу – бала болашағын қатерден сақтайды.
Отбасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бірге спортпен шұғылдану, ұлттық және рухани құндылықтарды сіңіру баланың бойында жат қылықтарға деген жиіркеніш пен берік иммунитетті оятады. Егер бала кішкентайынан жауапкершілікті, еңбекқорлықты көріп өссе, оның есірткі сияқты зиянды әдеттерге уақыты да, құлқы да болмайды.
Қорыта айтқанда, есірткі індетінен қоғамды құтқарудың төте жолы – әрбір шаңырақтың іргесінің бүтіндігі мен бірлігінде жатыр. Балаларымыз есірткіден аулақ болсын десек, алдымен өз үйімізде махаббат пен түсіністік орнатуымыз қажет. Тәрбие бесігі түзу, шаңырағы биік, іргесі берік отбасы бар жерде есірткі секілді ғасыр тажалына орын жоқ. Болашақ ұрпақтың дені сау, санасы сергек болуы – бүгінгі біздің отбасымыздың қолында. Қоғамның тірегі де, болашақтың кепілі де – тек есірткіден таза, берік отбасы!
Аманкелді Қанатов,
Жалаңтөс ауылы














