Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерден түлеген генерал – жас ұрпаққа үлгі

Туған жерден түлеген генерал – жас ұрпаққа үлгі

Туған жерден түлеп ұшып, елге адал қызмет еткен азаматтар – кейінгі ұрпақ үшін әрдайым мақтаныш. Осындай елге сыйлы тұлғалардың бірі – жерлесіміз, М. Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің түлегі, Ауған соғысының ардагері, генерал-майор Әлімжан Қанағатұлы Ерниязов.
Әлімжан Қанағатұлы 1955 жылы 9 сәуірде Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген. Балалық шағы туған жерде өтіп, білім алған мектебінен үлкен өмірге қанат қаққан. Кейін әскери мамандықты таңдап, саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне арнаған. Оның әскери өміріндегі ең күрделі кезеңдердің бірі – Ауған соғысы. Соғыс жылдарында Әлімжан Қанағатұлы жауынгерлеріне басшылық жасап, қиын сәттерде командирге тән батылдық пен жауапкершілік танытқан. Деректерде 1980 жылдың 13 қаңтарында оның взводымен бірге қоршауда қалып, жауынгерлерін аман алып шыққаны айтылады. Өзі жарақатталғанына қарамастан, санитарлық тікұшаққа алдымен жаралы сарбаздарын орналастырған.
Кейін Әлімжан Қанағатұлы тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінде қызметін жалғастырды. Полк, дивизия командирі болып, «Батыс» өңірлік қолбасшылығында жауапты қызметтер атқарды. Оның ұзақ жылдар бойғы әскери қызметі Отан алдындағы борышқа адалдықтың үлгісі деп білемін.
Осындай ел ағасымен 26 қыркүйек күні М. Горький атындағы №16 мектеп-лицейінде кездесу өтті. Кездесу барысында Әлімжан ағай өзінің өмір жолы мен әскери қызметі туралы әңгімеледі. Әсіресе туған жердің қадірі, мектепте алған білім мен тәрбиенің адам өміріндегі маңызы туралы айтқан сөздері бізге ерекше әсер етті. Ол оқушыларды жақсы білім алуға, ізденуге, спортпен айналысуға, тәртіпті болуға және алға қойған мақсатқа табандылықпен жетуге шақырды. Сонымен қатар Отанға қызмет ету үлкен жауапкершілік екенін айтып, әскери мамандыққа қызығушылық танытқан оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Біз үшін кездесудің ең әсерлі тұстарының бірі – өзіміз білім алып жүрген мектептен түлеп ұшқан азаматтың генерал-майор дәрежесіне дейін жеткен өмір жолын өз аузынан есту болды. Оның қарапайым мектеп оқушысынан ел қорғанысына қызмет еткен азаматқа дейінгі жолы әр оқушыға ой салары анық.
Бұл кездесуден мен өзіме көп ой түйдім. Отанды сүю – тек әдемі сөз айту емес. Жақсы оқу, тәртіпті болу, еңбектену, туған жеріңді құрметтеу және болашақта еліңе пайдаңды тигізу де – Отанға деген сүйіспеншіліктің белгісі.
Бүгінде біз Әлімжан Қанағатұлы білім алған мектепте оқып жүрміз. Сондықтан осындай азаматтың өмір жолы бізге ерекше жақын әрі үлкен мақтаныш.
Туған жерден түлеп, елге қызмет еткен азаматтың өнегелі жолы – жас ұрпаққа үлгі. Біз де болашақта қай мамандықты таңдасақ та, туған жерімізді ұмытпай, еліміздің дамуына өз үлесімізді қоса білсек деймін.

РахманБиназир,
М. Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің
8-сынып оқушысы





12 қазан 2026 ж. 42 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031