Киелі өлке құт қонған, тарихы бар сыр тұнған
Қазалы ауданының батыс бөлігінде тарихи маңызы зор Өркендеу деген ауыл бар. Уақыт ағынымен бойын тіктеген мекеннің бүгінде қойнауы ырысқа толы. Дамуы мен ынтымағын қатар ұстап, өңірдің бір пұшпағынан ойып тұрып орын алды. Атқарылған жұмыс, жүзеге асар жобалары да аз емес.Халықтың әлеуетін көтеріп, ауыл-аймақтарды өркендету – ел алдына қойылған маңызды міндеттердің бірі. Осыған сәйкес, бүгінде білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, басқа да әлеуметтік салаларды дамытуға баса мән берілуде. Нәтижесінде, жыл санап жол, ауыз су, жарық пен жылу мәселелері кезең-кезеңімен оң шешімін тауып, өнім өндірушілердің бәсекелестік қабілетін арттыруға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл өз кезегінде тірлігі тұралап қалған елді мекендердің тез арада еңсе тіктеуі мен аймақтардың гүлденуіне тың серпін беруде. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы көкжиегі кеңейген елді мекендегі атқарылған айшықты істерді тізбектеп көрейік.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап жаңа формациялық қалыпқа өту үдерісі ауылдарға да түбегейлі өзгерістер әкелді. Ес жиып, жоғымызды түгендегеннен кейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сабырмен сынаған еді. Сондай сәттерден сүрінбей өткен уақыт аралығында ауданның ауыл-аймақтарындағы ахуал да көптің сенімін сәулелендірді. Соңғы жылдағы жетістіктеріміз арқасында түзеле түскенін көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Ауыл-аймақтардың өңі кіріп, ажары да айшықталып келеді. Түрлі нысан бой көтеріп, кәсіпкерлікпен қанат жаюда. Өрісі малға толып, жаңадан салынған, күрделі жөндеуден кейін қалыпты қызметін жалғастырған мәдениет үйлері мен мектептер, тіпті көше-көшенің әрін кіргізер бильбордтар да ауыл ажарын аша түскені рас. Жергілікті жердегі жетістіктеріміздің бәрі өзіміздің көз алдымызда жүзеге асып жатыр.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап жаңа формациялық қалыпқа өту үдерісі ауылдарға да түбегейлі өзгерістер әкелді. Ес жиып, жоғымызды түгендегеннен кейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сабырмен сынаған еді. Сондай сәттерден сүрінбей өткен уақыт аралығында ауданның ауыл-аймақтарындағы ахуал да көптің сенімін сәулелендірді. Соңғы жылдағы жетістіктеріміз арқасында түзеле түскенін көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Ауыл-аймақтардың өңі кіріп, ажары да айшықталып келеді. Түрлі нысан бой көтеріп, кәсіпкерлікпен қанат жаюда. Өрісі малға толып, жаңадан салынған, күрделі жөндеуден кейін қалыпты қызметін жалғастырған мәдениет үйлері мен мектептер, тіпті көше-көшенің әрін кіргізер бильбордтар да ауыл ажарын аша түскені рас. Жергілікті жердегі жетістіктеріміздің бәрі өзіміздің көз алдымызда жүзеге асып жатыр.
ТАҒЫЛЫМЫ ТЕРЕҢ МАҢ ДАЛА
Өркендеу ауылы аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта, Ұлы Жібек жолы басып өтетін, түркі елдеріне ортақ тұлға Қорқыт бабамыз бен әлемге «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз мекендеген Жанкент шаһары маңында орналасқан. Округ орталығы Жанкент елді мекені. Жанкент елді мекені 2014 жылы облыс әкімінің шешімімен тіректі елді мекендер тізіміне енген. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көне Жанкент қаласы мен Мыңтөбенің орындарына Алматы қаласындағы Әлкей Марғұлан мемлекеттік археологиялық академиясымен Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата мемлекеттік университеті студенттері тарапынан археологиялық зерттеу жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді. Облыс орталығының ара қашықтығы – 400 шақырым. Аудан орталығымен ара қашықтығы – 40 шақырым. Округтің солтүстік батысында Бірлік ауылдық округі және шығыс беткейінде Абай ауылдық округі болса, батыс беткейінде Аранды ауылдық округі, оңтүстік беткейі Бозкөл елді мекендерімен шектеседі.
Округтің басты ерекшелігі – оның аумағында ортағасырлық Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қалашығының орналасуы. Бұл тарихи мұра округті ауданның маңызды туристік орталықтарының біріне айналдыру әлеуетіне ие. Әкімшілік орталығы – Жанкент ауылы. Округтің қазіргі тарихы Кеңес дәуірінен басталады. 1974 жылы Қазалы ауданындағы бірнеше ұсақ шаруашылықтардың негізінде мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Өркендеу» кеңшары құрылды. Кеңшардың атауы «өркендеу, даму» деген мағынаны білдіріп, жаңадан құрылған шаруашылықтың болашағына деген сенімді білдірді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1997 жылы кеңшар негізінде қазіргі Өркендеу ауылдық округі болып қайта құрылды. Бертін келе округ орталығына оның аумағында орналасқан тарихи Жанкент қалашығының атауы берілді.
2018 жылы облыстық мәслихат шешімімен Өркендеу ауылының атауы Жанкент болып өзгертілді.
Сырлы Сырдың Жанкентінде Сырлыбайхан, Құттыбай кесенелері, Оспан тамы, Бабажан сарт қамалы және Қызыл тамырлы, Балшан, Сарыкөл мен Құдықтықұм сияқты тарихи жер аттары бар. Жанкент – ортағасырлардан сақталған көне қала орны. Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкенттің гүлдену дәуірі ІХ ғасырдың екніші жартысынан басталады. Ол кезеңде Жент (Арал) теңізі маңынан үлкен тұз кені табылып, Қытай, Иран, Үндістан елдерімен сауда қатынастары жасалған. Қыпшақ тайпалары Қарлаң өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасаған. Қалада құмыра жасаушы, ұсақ қолөнерші, зергерлер, қару-жарақ шығарушы ұста, шеберлер көп болған. Жанкенттің сырты үш орам болып суға толтырылған орлармен қоршалған. Қаланың сыртпен қарым-қатынас жасап араласатын төрт қақпасы бар-тын. Жанкент Жувейнидің, Несевидің және Омаридің кейбір еңбектерінде «Шаһаркент» деп те берілген. В.В.Бартольдтің пайымдауынша, Жанкент Х-ХІ ғасырларда Оғыз мемлекеттік бірлестігі билеушілерінің қысқы ордасы болған. Жанкентте 1867 жылы П.И.Лерих және М.К.Приоров қазба жұмыстарын жүргізіп жобасын түсірген. Зерттеуді келесі жылы В.В.Верщагин жалғастырды.
1946 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі Толостов) кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың нақты жобасын сызып, әуеден суретке түсірген. Әйтсе де кейбір қателіктерін 2005 жылы зерттеу жүргізген Мәскеу және Қорқыт ата университетінен келген ғалым-зерттеушілер тауып, өзгеше болжам жасауда. Орта ғасырлық деректерде Жанкент қаласын мұсылмандар қоныстанған. Сырдың бойымен Мауренахрдан Жанкентке астық тасылған делінеді. Қаланың өрлеген шағы Шыңғысхан шапқыншылығына дейінгі уақыт екені анық. Жанкенттің парсыша аты «Дех-и-нау», арабша «Әл-Карьят Әл-хадиса», түрікше «Янги кент», қазақша Жанкент. Демек «Жаңа қала» деген мағынаны білдіреді. Қаланың ХV ғасырдан кейінгі тағдыры белгісіз, жазба деректерде де ешқандай мәлімет кездеспейді. Жанкент шаһары туралы аңыз-әңгімелер көп айтылады. Жанкент қалашығында бүкіл түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт баба дүниеге келіп, шаһарды билеген Илхан ханға уәзір болған деп те, атақты Қарабура Әзінің қызы Жанкентті билеген Санжар ханның жары Бегім ана туралы да аңыз-әңгімелер көп.
ИГІ ІСТЕРІ ӨРКЕН ЖАЙҒАН
Тарихи мұраға бай Өркендеу ауылдық округі – аграрлық саланы дамыта отырып, туризмді өркендету арқылы Қазалы ауданының экономикасына зор үлес қоса алатын ерекше аймақ. Мұндағы атқарылған істер, жүзеге асқан жобалар аз емес. Ауыл әкімі Қуанғалы Қожахметтің айтуынша, округ бойынша 2026 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған жұмыстар ауқымды.
– Өркендеу ауылдық округінде үй саны – 249, халық саны – 1239 адам. Оның ішінде ер адам – 669, әйелдер – 570 адам. Отбасы саны – 319. Экономикалық белсенді халық саны – 661 адам. Жұмыспен қамтылғандар – 635 адам. (Жалдамалы жұмыскерлер – 497, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар – 138) Жұмыссыздар саны – 26 адам. Жұмыссыздық деңгейі – 3,9 пайыз. Жұмыс күші құрамына кірмейтін адам саны – 578 адам. Оның ішінде Зейнеткерлер саны – 164, студенттер саны – 68,оқушылар саны – 219,мектеп алды даярлық жасындағы балалар – 18. Мүмкіндігі шектеулі адамдар саны – 42. Көпбалалы аналар саны – 31, оның ішінде алтын алқа – 14 ана, күміс алқа – 17 ана. Округте 73 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Оның ішінде 13 шаруа қожалығы, 60 жеке кәсіпкерлер бар. Кәсіпкерлік субьектілерінің басым бөлігі мал және егін шаруашылығына бейімделген. Жеке кәсіпкерлердің халық санындағы үлесі – 6,0 пайыз. Кәсіпкерлік субьектілердің белсенділігі – 94,6 пайыз. Тұрғындарға 6 такси, 4 азық-түлік дүкені, 1 наубайхана, 1 мал өнімдерінің дүкені қызмет көрсетеді. Елді мекенішілік жолдың ұзындығы – 8,8 шақырым. Оның ішінде қатты қабатты – 6,95 шақырым, қиыршық тас қабатты – 0,85 шақырым, топырақ қабатты – 1,0 шақырым. Елді мекен ішіндегі көше саны – 10, қатты қабатты – 7 көше, қиыршық қабатты – 2 көше, топырақ қабатты – 1 көше. Елді мекендегі Жанкент көшесіне күрделі жөндеуге – 100 миллион 470 мың теңгеге жоба-сметалық құжаттары жасалған, – дейді ауыл әкімі.
Жанкент ауылындағы №104 орта мектепте 12 сынып комплектісі бар, оған 32 мұғалім оқу-тәрбие жұмысын жүргізеді. 1-11 сыныптарда 217 оқушы білім алуда. Мектеп алды даярлық тобында 19 бала оқиды. Қазіргі уақытта Ұлттық біріңғай тестілеуге 15 бітіруші түлек, яғни 100 пайыз қатысқан. 3 оқушы «Алтын белгі» алған. № 5 «Аққоян» бөбекжай-балабақшасында 70 бала тәрбиеленуде. «Өркендеу» дәрігерлік амбулаториясында 1 дәрігер, 9 мейіркеш жұмыс жасайды, 1 жедел жәрдем автокөлігімен қамтамасыз етілген. Жанкент ауылдық мәдениет Үйінде 10 адам тұрақты жұмыс жасайды. Әрбір мерекелі, атаулы күндер атап өтіледі. Мәдениет үйінде ән, би, жазба ақындар, көркемсөз және сурет үйірмелері жұмыс жасайды. 46 мәдени іс-шаралар өткізіліп, 4600 көрермен қатысқан. 306,0 мың теңгеге ақылы қызмет көрсетілген. Мәдениет үйінің бір бөлігінде орналасқан ауылдық кітапханада 15457 кітап қоры бар. Оқырмандар саны – 487 адам.
ТЫҢ КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН
Осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп халыққа нақты бағыт сілтеген болатын. Уақыт алға жылжыған сайын осы «үш керектің» орны байқалып тұрады. Қазалы ауданы кәсіпкерлікте қанатын кеңге жаюда. Оған дәлел екі қолға бір күрек ұстап, кәсібін дөңгелеткендер қатары артқан. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту – жергілікті халықты жұмыспен қамтып, өңір экономикасын көтерудің басты кілті. Өркендеу ауылдық округі, Жанкент ауылының географиялық орналасуы мен статусы шағын және орта бизнесті дөңгелетуге бірнеше тиімді бағыттар ұсынады. Жанкент елді мекенінің 2014 жылы тіректі елді мекендер тізіміне енуі мұнда бизнес ашуға оң ықпал етеді. Тіректі ауылдарда инфрақұрылымның жақсаруы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер алуға, мемлекеттік гранттарға қатысуға және өз кәсібін инфрақұрылымы дамыған ортада жүргізуге мүмкіндік береді.
2026 жылдың 1 жарты жылдығында ауылда жаңадан 5 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 1 кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында 9,8 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, жаңа МТЗ-80 техникасын сатып алып, мал азықтық шөп өндіруге қол жеткізді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1 кәсіпкер 3,8 миллион теңге,1 кәсіпкер 10,8 миллион теңге темір бұйымдарын өндіру үшін несие қаржысын алыпты. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 3 адам оқып, сертификаттарын алған. Сонымен қатар жыл көлемінде 4 адам тұрақты, 14 адам уақытша жұмысқа қабылданған. Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша аудандық мансап орталығы арқылы ақылы қоғамдық жұмысқа 15 адам қабылданған.
Иә, мемлекет тарапынан қолдауға ие болған ауыл кәсіпкерлері бизнесін алдағы уақытта кеңейтуді көздейді. Ал кәсіп етемін, көсегемді көгертемін деген жанға аудандық кәсіпкерлер палатасының есігі қашан да ашық. «Қалауын тапса – қар жанады». Шешілмейтін мәселе жоқ. Тек арман мен ниет тоғысса болғаны.
АГРОСАЛАДА СЕРПІН БАР
Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Көшпелі халықтың қоныстанған орны кең алқапты отырықшы елге айналды. Қазалы – аграрлы өлке. Жыл сайын қамбаға астық толып, оң нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Мұның сыры жердің көлемді болуында. Әрі сол жерді ұтымды игеруімізде. Мемлекетте ауыл шаруашылығын дамытуға, ішкі нарықты қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа шығаруға қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Өркендеу ауылдық округіндегі ауылшаруашылық саласында серпін бар.
2025 жылы ауылдық округ бойынша егілген егіс көлемі – 400 гектар. Оның ішінде күріш – 340 гектар. Мерей ШҚ – 120, Жанкент Агро ЖШС – 220 Ал жаздық арпа – 60 гектар. Оның ішінде Мерей ШҚ – 40, Өте ШҚ – 20. Жаңа жоңышқа – 310 гектар. Өте шаруа қожалығы – 113 гектар, Мерей ШҚ – 100 гектар, Жанкент Агро ЖШС – 64гектар. Елді мекен бойынша –33 гектар. Көне жоңышқа – 667 гектар. Оның ішінде Өте ШҚ 289, Мерей ШҚ – 210 гектар, Жанкент Агро ЖШС – 127 гектар, елді мекен бойынша – 41 гектар.
Округ бойынша 2026 жылдың 1 шілдесіне 2547 бас мүйізді ірі қара, уақ мал – 3507 (оның ішінде қой – 1052, ешкі – 2457), 1804 бас жылқы, 90 бас түйе бар. Барлық мал басы бірдейлендіріліп, базаға енгізіліп, сырғаланған. Қазіргі уақытта ауылдық округ бойынша жоспарға сәйкес диагностикалық іс-шаралар уақытылы жүргізіліп келеді. Бруцеллез ауруы бойынша МІҚ – 1647 бас, уақ мал – 3032 бас, түйе 60 бастан қан алынған. Қалыпты деңгейде. Ауылшаруашылығы малдары оның ішінде МІҚ – 1050 бас,жылқы – 600 бас, уақ мал – 2050 бас сібір жарасына, МІҚ 2550 бас, уақ мал – 4000 бас аусыл ауруына және МІҚ 1000 бас қарасан ауруына вакцинацияланған.
АТҚАРЫЛАР ІС АУҚЫМДЫ
Ауылдың әлеуетін арттыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және жергілікті экономиканы жандандыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Өркендеу ауылдық округінде осы бағытта атқарылар істер мен даму перспективалары өте ауқымды. Ауыл әкімі Қуанғали Қожахметтің айтуынша, алға қойған жоба мен жоспар аз емес.
– Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бағдарламаларын ауылдық округ көлемінде іске асыруға, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етуге, округ тұрғындарының тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал ету бірінші орында тұр. Шағын кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасап, оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелендіру және ауыл тұрғындарын ұйымдастыра отырып, ауылшаруашылығы кооперативтерін құру жобасы жолға қойылды. Өнім өндіру жобаларына басымдық берудеміз. Жанкент ауылының көшелерін түнгі жарықпен қамтамасыз ету, Жанкент ауылының 1 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауылішілік электр желілерін жаңарту жүзеге аспақ, – дейді ол.
АУЫЛДАҒЫ РУХАНИ ТУРИЗМ
Ұлттық колорит бізде де бар. Туған жердің әрбір тауы мен тасы, қаласы мен даласы, шүйгіні мен орманы көненің көзі іспетті. Жерде жатқан әрбір тасын төңкере қалсаң, тарих жайында сыр шертеді. Қойнауы жақұт пен жәдігерге толы Жанкент мекенінде ашылмаған сыр көп. Жанкент шаһары – аумағы 15-20 гектар, егіншілігі, саудасы мықтап өркендеген қала болды. Қала маңындағы суландыру жүйесі егіншіліктің шаруашылықтағы негізгі басты саласы болғандығын дәлелдейді. Ол кезеңде Арал теңізін Жент теңізі деп атаған. Жанкент тұрғындары осы теңіз маңынан үлкен тұз көзін тауып, Қытай, Иран, Үндістан елдерімен сауда қатынастарын жасаған. Қыпшақ-қимақ тайпалары мыңдаған малдарын айдап, Карлан өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасап отырған.
Жанкент қалашығында 2023 жылдан бері Түркі академиясы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бірлесіп жүргізіп келе жатқан археологиялық қазба жұмыстарын сақтау мақсатында орнатылған қорғаныш жабындысы мен ескерткіш белгі бой көтерді. Соңғы кездері жасалып жатқан археологиялық қазба жұмыстары да аз емес. Зерттеушілердің айтуынша, мұнда хан сарайлары салынып, әдемі кілемдер тоқылған, тұскиіз, садақ пен жебе жасалған. Қазба жұмыстары барысында Жанкенттің материалдық мәдениетін айғақтайтын көптеген құнды тарихи жәдігерлер табылды. Бұрын-соңды кездеспеген пішін мен қолдану мақсатына ие қолдан жасалған керамика үлгілері, қола бұйымдар, ошақ маңында қолданылған қошқар басы бейнесіндегі тұғырлардың түрлі өрнектелген түрлері ерекше назар аудартады. Табылған ең құнды олжалардың бірі – IX ғасырға тән оғыз дәуірінің теңгелері жасырылған күміс көмбесі. Жанкенттен алғаш рет табылып отырған тарихи жәдігер ежелгі қаланың Жібек жолындағы ірі сауда және мәдени орталық ретіндегі маңыздылығын көрсетеді.
Айта кеткен жөн, облыста 567 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. Оның 31-і республикалық, 256-ы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ал 280 нысан алдын ала есепке алынған. Мәдениет және ақпарат министрлігі «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясы бойынша Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Жетіасар мәдениет ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне енгізу жұмыстарын жүргізуде. Облыстық бюджет есебінен жыл сайын ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарында кешенді археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, музейлер қоры 10 мыңға жуық экспонатпен толықтырылған. Табылған жәдігерлердің негізінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструкциялары жасалған. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи-мәдени мұраларды сандық форматқа көшіру және желі қолданушыларына қолжетімді ету үшін 3D форматтағы интерактивті карта (virtualmap.xyz) жұмыс жасайды. Сайт 2018 жылдан бері қолданыста. Қала, аудан орталықтарына жақын орналасқан республикалық және жергілікті маңызы бар 194 ескерткішке QR-код орнатылып, қонақтар мен туристерге толық ақпарат ұсынылған. Дәл осы код Жанкент шаһарының кіреберісінде тұр. Келген адам смартфоны арқылы әлгі кодты сканерлеп, қалашықтың тарихы жайында толығырақ ақпаратқа қаныға алады.
Айнұр ӘЛИ













