“Қызыл сызықтан” асқандар қадағалануда
Ауданның сәулеттік келбетін қалыптастыру, елді мекендерді көріктендіру және құрылыс жұмыстарын белгіленген талаптарға сай жүргізу – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Өйткені аумақтың ажарын ашып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруда сәулеттік талаптардың сақталуы мен жерді заңды пайдалану тәртібінің маңызы зор. Алайда бұл бағытта бірқатар олқылықтар да кездесіп отыр. Соның ішінде жер телімдерінің белгіленген шекарасын сақтамау, көше қызыл сызығынан асыра қоршау орнату және рұқсатсыз құрылыс жүргізу деректері алаңдаушылық туғызуда.Аталған мәселелер аудан әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте талқыланды. Жиында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдан Ниязов аудан аумағында жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелері мен анықталған заң бұзушылықтар туралы баяндады.
Бөлім басшысының айтуынша, жер телімдерін белгіленген мақсатта әрі заң талаптарына сәйкес пайдалану, елді мекендердің сәулеттік келбетін сақтау және өз бетінше құрылыс жүргізудің алдын алу – тұрақты бақылауды қажет етеді. Осы мақсатта аудан аумағында зерделеу және рейдтік іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
– Жер телімдерін пайдалану кезінде белгіленген шекараларды сақтау – әрбір меншік иесі мен жер пайдаланушының жауапкершілігі. Әсіресе, көше бойындағы қоршаулардың қызыл сызықтан асып кетпеуіне назар аудару қажет. Мұндай талаптар елді мекендердің жоспарлы дамуына, қоғамдық аумақтардың сақталуына және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған, – деді Айдан Ниязов.
Брифингте айтылған мәліметке сәйкес, аудан орталығы Әйтеке би кентінде жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде көше қызыл сызығын бұзып, жер телімдерін белгіленген шекарадан тыс қоршаудың 16 дерегі анықталған.
Аталған жағдайлар бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 8 тұрғын артық қоршауларын өз еркімен алып, жер учаскелерінің шекарасын заң талаптарына сәйкестендірген. Бұл – заң бұзушылықтарды уақтылы түсіндіру және тұрғындардың өз жауапкершілігін сезінуі арқылы реттеудің бір көрінісі.
– Түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – тұрғындарға заң талаптарын жеткізіп, анықталған кемшіліктерді өз еркімен түзетуге мүмкіндік беру. Қазіргі уақытта 16 деректің 8-і бойынша тұрғындар артық қоршауларын алып, жер учаскелерінің шекарасын ретке келтірді. Қалған жағдайлар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдау жұмыстары жүргізілуде, – деді бөлім басшысы.
Қалған жер учаскелері бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін ауданның ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне хат жолданған. Сонымен қатар, аталған жер учаскелері актіленіп, заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау үшін Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілген.
Брифинг барысында көше қызыл сызықтарының құқықтық маңызына да ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес, қызыл сызықтар көшелер мен қоғамдық аумақтардың шекарасын айқындайды. Ал Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде жер учаскелерін пайдалану тәртібі белгіленген.
Қызыл сызық талаптарын сақтау тек аумақтың сыртқы көрінісіне қатысты мәселе емес. Ол көшелердің өткізу мүмкіндігін сақтауға, инженерлік-коммуникациялық желілерді орналастыруға және қоғамдық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді.
Айдан Ниязұлының сөзіне сенсек, жер телімін қоршау кезінде мемлекеттік актіде көрсетілген шекарадан асып кету немесе қоғамдық пайдалануға арналған аумақты иемдену өзге де құқықтық мәселелерге себеп болуы мүмкін.
– Кей жағдайда тұрғындар қоршауды өздеріне тиесілі жердің шекарасынан асырып орнатудың салдарын ескере бермейді. Алайда көшенің қызыл сызығын бұзу қоғамдық аумақтың тарылуына, инженерлік желілерді жүргізу кезінде қиындықтардың туындауына әкелуі ықтимал. Сондықтан қоршау орнатпас бұрын жер учаскесінің құжаттарын қарап, нақты шекарасын анықтап алған жөн, – деді Айдан Маратұлы.
Заңсыз қоршаулар мен рұқсатсыз салынған нысандар елді мекендердің сәулеттік келбетіне кері әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігіне де ықпал етуі мүмкін. Мұндай кедергілер инженерлік желілерге қолжетімділікті шектеп, өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктерінің қозғалысына тосқауыл келтіруі ықтимал.
Сондықтан жер телімдерін пайдалану және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау маңызды. Рұқсатсыз салынған нысандар мен анықталған өзге де заң бұзушылықтарға қатысты заңнамада көзделген тәртіппен тиісті шаралар қабылданады. Заң талаптарын бұзған тұлғаларға әкімшілік және өзге де жауапкершілік қолданылуы мүмкін.
Бөлім басшысы тұрғындарды жер телімдерін пайдалану кезінде жауапкершілік танытып, қоршауларды мемлекеттік актіде көрсетілген шекарадан асырмай орнатуға шақырды. Сондай-ақ анықталған заң бұзушылықтарды өз еркімен ретке келтірудің маңызын атап өтті.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













