Патриоттық ән байқауы өтті
Жанкент ауылдық мәдениет үйіндежас өнерпаздар арасында аудандық патриоттық ән байқауы өтті. Сайыс аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, «Жанкент ауылдық мәдениет үйі» КМҚК ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «АRТ» уақыт жобасы аясында жүзеге асты.

1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысындағы даңқты Панфиловшылар дивизиясының құрылғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Отан үшін от кешкендерге тағзым» атты сайыс 14-17 жас аралығындағы жеткіншектерді қамтыды.Байқаудың басты мақсаты – Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан Панфиловшылар дивизиясы мен батырлардың өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттау, олардың ерлігін ел жадында жаңғырту, сондай-ақ жас таланттардың шығармашылығын шыңдау.
Салтанатты шараны Жанкент ауылдық мәдениет үйінің әдіскері, ауылдық жастар ұйымының төрағасы Талап Мурзалиев жүргізіп, қатысушыларға байқау шарттарын түсіндірді. Ал Өркендеу ауылдық округінің әкімі Қуанғали Қожахмет байқауды салтанатты түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.Байқауға ауданның 8 ауылдық округінен, Кенттік мәдениет үйінен және Қазалы қаласынан барлығы 10 үміткер қатысып, патриоттық ән шырқады.
Жас өнерпаздардың өнеріне Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығының ұйымдастырушысы Ақбөпе Кеулімжаева, мәдениет саласының ардагері Таня Оспанова және аудан әкімі аппаратының бас маманы Айткүл Ілияс баға беріп, сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберліктерін сарапқа салды.Байқауда жас әншілер өз өнерлерімен көрермендерді де, әділ қазыларды да тәнті етті. Тартысты өткен өнер додасының қорытындысы бойынша бас жүлде Қазалы қалалық мәдениет үйінің өнерпазы Жанқуат Сұңғатқа бұйырды.Ал I орынға кенттік мәдениет үйінің намысын қорғаған Мейірхат Нұрланұлы лайықты деп танылды.II орын Жанкент ауылдық мәдениет үйінің өнерпазы Айару Мусаға бұйырса, III орынды екі өнерпаз өзара бөлісіп алды. Бұл орын Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің өнерпазы Жетес Нұрдаулетке және Тасарық ауылдық клубының өнерпазы Нұржан Нұрыллаұлына бұйырды.Сонымен қатар, арнайы номинациялар мен марапаттар иегерлері де анықталды. Лақалылық Асылмұрат Бекниязов «Көрермен көзайымы» болса, Кәукей ауылынанАқмерей Орынбай «Елжанды әнші» аталымына ие болды. Сайысқа қатысқан Зере Әбілда, Айзере Ұзақ және Арай Сәрсенғали сынды өнерпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.Бұл кеш өскелең ұрпақтың тарихқа деген құрметін арттырып, патриоттық сезімін оята түскені сөзсіз.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ














