Дара болмысты дәрігер
Ұлы Абай «Жақсы адам жақсымын деп айта алмайды, ал жаман адам жақсымын деп айқайлайды. Таудың бауырында күнде жүрсең, таудың биіктігі байқалмайды» деген екен. Сол секілді Шакизада «мен медицинаны жақсы білемін» деп ешқашан айтып көрген емес. Мен соның куәгерімін. Өткенге сәл шегініс жасап көрейік.Шакизада Егізбайқызы Кенжеғулова 1956 жылы 5 қыркүйекте Арал ауданы, «Көзжетпес» елді мекенінде жарық дүниеге келген. Әкесі Егізбай Теңіз жағасында моторлы қайықпен балық аулап, көбісін үкіметке өткізіп, қалған балықпен отбасын асырап отырған. Жұбайы Қарлыға апамыз 5 қыз, 2 ер баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Егізбай әкеміз күн-түн демей, дем алмай, теңізде балық аулаумен, үкіметпен отбасын асырайтын, ерінбей еңбек еткен. Кенеттен ол қатты ауырып, 48 жасында дүниеден озады. Теңіздегі Көзжетпестен Қарлыға анамыз Қазалы ауданы, қазіргі Қожабақы ауылына көшіп келген. Анамыз совхозда күн-түн демей жұмыс жасап, 5 қыз, 2 ер баланы асырап, оны оқытып, тәрбиелеп өсіреді.
Шакизада сол Қожабақы ауылында орта мектепте оқып бітірген. Алғыр қыз мектепте сабақты өте жақсы оқиды. Сол үшін мектеп директоры интернатта жатып оқыған Шакизаданы тәрбиеші етіп жұмысқа алады.Ол кезде мен Қазалы аудандық мәдениет үйінде аға методист болып жұмыс істеймін. Аудандық мәдениет үйі Қазалы қаласында болатын. Ол кезде әнші, күйші, биші аудандық байқауы жыл сайын өткізіліп тұратын еді.
9 мамыр Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерекесіне орай Қазалы қаласындағы аудандық мәдениет үйінде аудандық өнер байқауын өткіздік. Сол өнер байқауында Шакизада халық әні «Көкемайды» айтып, лауреат атанды.Сонымен бірге әнші Қарлыға Дабылова, қазіргі Кенжебай Мақсатбаевтың келіншегі, халық әні «Сәулем-айды» айтып, 1-орын алды.
Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Кеңес Асанбаев ағамыз Шакизада мен Қарлығаның ән айтуын мақтап, аудандық мәдениет үйіне жұмысқа алдыртты.Сол жылы күзде, қыркүйек айында Қызылорда қаласында Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерекесіне арналған облыстық әншілер байқауы болды. Біз байқауға Шакизада мен Қарлығаны жібердік. Шакизада композитор Байқоңыровтың «Бейбітшілік маршы» әнін айтып, облыстық әншілер байқауында 1-орын алды. Ал Қарлыға халық әні «Сәулем-айды» орындап, 2-орын алды.
Мен Шакизадамен 1976 жылы отау құрдым. 1977 жылы Ермек деген ер бала жарық дүниеге келді. Аудандық Атқару комитетінің орынбасары ҚуанышқалиШапшановқа Шакизаданы айтып, поселкелік кітапханаға жұмысқа тұрғыздым. Аудандық Атқару комитетінің бастығы Қартақов менің өнердегі еңбегімді бағалап, қазіргі Әйтеке би көшесі №91 екі этаж үйден 2 бөлме көмірмен жылитын үй берді. Бір жылдан кейін қазіргі Жанқожа батыр көшесі №143 үйден орталықтан жылу жүйесіне қосылған 2 бөлмелі Қартақов бастық үй берді.
Жолдас, дос болған көрші ПМК-86-мекемесінің басшысы Самұрат Имандосов менің өнердегі еңбегімді бағалап, орталық жылу жүйесіне қосылған 4 бөлмелі үй берді. Өмірдің ағыны бір орында тоқтап қалмайды. Кейін Шакизада еш дәрігер ауруын біле алмаған адам білмес ауруға ұшырады. Теміржол ауруханасына жатқыздым. Ауруын шеше алмады. Аудандық ауруханаға жатқыздым, қандай ауру екенін біле алмады. Болмаған соң Қазалыда музыка мектебінде директор болған, кейін Қызылорда қаласында пединститутта декан болған Жеңіс Өтегеновке жолықтым.Оның әйелі Бағымша Қызылорда Теміржол ауруханасында бас дәрігер болып жұмыс істейтін. Облыстық маслихаттың депутаты. Мен сол бас дәрігерге арнайы барып жолықтым. Шакизаданы бас дәрігер Бағымша ауруханасына жатқызды, рентгенге түсірді, анализ алды. Ауруын шеше алмады. Болмаған соң Шакизаданың көзін байлап, жедел жәрдем машинамен кәріс дәрігердің үйіне алып барады. Ол кәріс дәрігер Шакизаданы 4 күн емдеп, ауруынан жазады. Бас дәрігерге кәріс дәрігер айтыпты: «Мына әйелдің еш ауруы жоқ. Құдай берген, табиғи таланты бар, әулие. Қазалыда бір ауылда тұратын емші, тамыршы бір әулие бар. Соған барып тез емделсін, батасын алсын» депті.
Шакизаданың анасы Қарлыға апамызға бәрін айттым. Қарлыға анамыз Шакизаданы ертіп, қазіргі Ғани Мұратбаев ауылында тұратын, Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болған Жанқожа батыр әулиенің таза ұрпағы Балмағанбет көкеміздің үйіне барады. Балмағанбет көкеміз Шакизаданы үш күн емдеп, тамырын ұстап, Шакизадаға: «Сен әртістікті таста. Кұмалақ салып, адам емде. Келешекте атақты емші, тамыршы боласың» деп Ақ батасын беріпті.Сол күннен бастап Шакизада құмалақ салып, адам емдейтін болды. Бір ай көлемінде бүкіл Қазалы ауданының халқы Шакизаданы естіп, үйге келетін болды. Үйге келген ауру адамға: «Сен әуелі дәрігерге көрін. Анализ тапсыр, рентгенге түс. Олар сенің ауруыңды анықтай алмаса, сонда барып маған кел» дейтін еді.
Шымкенттен, Ташкенттен, таудың басындағы дәрілік шөптерді алдыртып, адам емдеді. Шакизада құмалақ салып, әуелі адамның ауруын анықтап алады, соған байланысты адамды емдейді. Мен өзімнің көзім көріп білгенім, 10 жыл, 15 жыл, 17 жыл тумаған әйелдерді емдеп, бірнеше бала сүйгізген.
1973 жылы 10 қазан айында ҚР Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шарманов менің өнердегі еңбегімді бағалап, Грузияның Абастумани деген таудың басындағы курортқа 2 ай демалуға жолдама берген. Сонда Қарақалпақстанның Астанасы Нөкіс қаласынан Ибрагим деген жігітпен бір палатада жаттық. Ол маған мекен-жайын берген және 1976 жылы қыркүйек айында Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Кеңес Асанбаев, аудан басшысы Қозтай Әбуовтың рұқсатымен Қазалы ауданының Қарақалпақстанның Тақта көпір ауданында «Мәдениет өнер күні» болды. Өнерден бірнеше өнерпаз бардық. Қазіргі кезде өнер құрамында болған Ерпазыл Жүсіпов, Біржан Құрманбаев бар.Сонда мен Тақта көпір аудан басшысының, 2-совхоз директорының, 1-Ауылдық Советінің мекенжайы, телефон номерін алып алғанмын. Сонымен бірге Нөкіс қаласында тұратын атақты жырау Алдаберген Тасқынбаев, Көне Нөкісте тұратын 81 жастағы Жалғасбай жыраудың адресін алдым. Облыс прокурорларының да адрестерін алдым. Ол кезде Кеңес үкіметі кезі.
1976 жылы тамыз айында мен бір ай жұмыстан еңбек демалысын алдым. Әйелім Шакизадамен, атақты жас жырау НәзиҚоғашовты ертіп, Қызылордадан Нөкіске самолетке билет алдым АН-24-пен. Самолеттен түскеннен кейін Тақта көпір ауданына 110 километр. Бізді автобустан күтіп алды. Кешке бізге қонағасы берді, дастархан жайды. Аудан басшылары әйелдерімен келген. Үлкен асты жеп болғаннан кейін шәй келді. Шәймен бірге май келеді. Біздің алдымызға үй иесі орамал жайды, шабыттарын шалқысын деп өзі бірінші орамалға ақша салды.
Мең әуелі өзімізді таныстырамын. Қандай мақсатпен келгенімізді айтамын. Тарихын айтып, өзімнің шығарған күйлерімді орындаймын. Кезек Шакизадаға келеді. Оның айтатын әндерін мен домбырамен сүйемелдеймін. Соңында кезекті Нәзи жырауға беремін. Нәзи әуелі мақамымен термелер айтады.Соңында «Қарасай-Қази», «Едіге», «Ұры Қарқа» қыссаларын неше түрлі мақаммен жырлайды. Әр ән, күйіне, қысса айтуына тыңдаушылар риза болса, орамалға ақшаны үйіп салады. Соңында үй иесі ақша салған орамалды түйіп: «Рақметін айтып, өзіңізге береді. Мен сіздерге мың да бір рақмет» деп орамалды ашып, әрқайсысыңа сарқыт деп шамалы ақшаберемін. Отырғандардың үлкені бізге риза болып, Ақ батасын береді. Сол үйге біздер қонып, ертеңіне біздерді басқа ауылға алып барады. Күндіз, кешке дейін Шакизада келген адамдарды құмалақ салып, тамырларын ұстап, ауруын айтады. Аурудан жазылатын жолдарын айтады. Көбінесе ауруды өзі емдейді.
Тақта көпір ауданының орталығымен 5-ауылында болдық. Соңында Нөкіс қаласына сапар шектік. Грузияда танысқан Ибрагимнің үйіне болдық. Әйелі акушерка болып жұмыс істейді екен. Балалары бар. «Қазақстаннан бір әулие-емші әйел келді» деп бар таныстарына хабар беріпті және қасында күшті өнерпаз, жырау жігіті бар екен деген сөз бүкіл қалаға тарап кеткен. Нөкіс қаласында бізді 8 үй шақырған. Шакизада күндіз адам қарайды, кешке біздің үйлерінде болдық, өнер көрсетеміз. Бай адамдар машинасы ішіне кіріп тұрады. Бес, алты телевизор, қонақ бөлмесі. 10-15 адам отырады.Біздерге қой сойылды. Үлкен астан кейін шәй береді. Күндіз Шакизада адам қарайды, кешке сауық кеш жасайды, өнер көрсетеміз. Үй иесі алдына орамал салады. Сіздерге шабыт берсін деп орамалға ақша салады. Біздер күй тартамыз, Шакизада ән айтады, мен домбырамен сүйемелдеймін. Нәзи терме қыссаны жырлайды. Шакизадаға көрінген жандар риза болып: «Шаки, Нөкісте бір ай болыңыздар, сізге көрінетін адам көп» десті. Мен: «Нәзи екеуіміз жұмыстамыз. Тағы да сіздерге Нөкіске келеміз, айып етпеңіз» дедім.
Шакизада Нөкіс қаласында 17 жыл тумаған әйелді емдеп, бала туатын қылды. Ракпен ауырған бірнеше адамды емдеді. Тақта көпір ауданында бір ауылда, екінші ауылдың адамдары: «Қазақстаннан бір емші әйел келіпті» деп, Самасавал темір машинаның үстіне мініп алған 20-адам бізді іздеп келді. Денсаулықтары жоқ па? Ауылда дәрігерлер жоқ па?
Бір күні Қызылорда қаласынан «Ленин жолы» газетіне облыс басшысы Тәкей Есетовтің «Жалған емшілер» деген кең көлемінде мақаласы шықты. Соған байланысты облыстық прокуратура тексеру бастады. Бірінші Арал қаласында тұратын Дәмеш деген емшіні тексерген. Оған Ресейден, Оралдан, Ақтөбеден, Атыраудан адамдар келіп емделеді екен. Ол тек бұлақтың суына дем салып, адам емдейді екен.
Мен сол жылы Шакизаданы ертіп Қызылорда қаласына барып, медучилищенің директоры Сара Дәуітбаеваның үйіне бардым. Қолымда 200-мыңның домбырасы бар. Құрметті Сара Дәуітбайқызы сізге КСРО-мәдениетінің үздігі, Орақ Баубековтен домбыраны ұсындым.Шакизада медучилищеде «Акушерка» мамандығы бойынша емтихан тапсырды. Емтиханнан жақсы өтіп шықты. Шакизада акушерка мамандығын 3 жыл 6 ай оқып, диплом алды. Шакизада медучилищенің жатақханасында жатып оқыды. Ауылда оқушы Ермек балама өзім қарадым.
Шакизада медучилище бітіргеннен кейін Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері Қаражан Сансызбаев ағаға айтып, Әйелдер босанатын бөлімге акушерка мамандығымен жұмысқа қабылдады. Акушер мамандығымен 10 жыл жұмыс істеді. Гаиға жақын үйіміз, микроауданда тұрдық. Теміржол ауруханасына қатынау қиын болды. Кейін Аудандық аурухананың бас дәрігері, досым Қуаныш Азировке өтініш айтып, Шакизаданы жүкті әйелдерді қарайтын бөлімге акушерка етіп жұмысқа қабылдады. Рақмет! Онда 12 жыл жұмыс істеді.
1997 жылы Шакизада акушер қызметін тастап, 3 қыркүйек күні Облыстық денсаулық басқармасының лицензиясымен аудан бойынша бірінші жеке дәріхана ашты. Теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетовтың емханасы жанынан 2 бөлмесін жалға алып, дәріхана ашты. Кейін Аудан басшысы Бақыт Жақановтың көмегімен орталық алаңның жанынан шағын дәріхана салуға жер алып берді. Баламыз Еркебұлан шағын 2-этаж дәріхана салды.
Еркебұлан баламыз Қ.Сәтбаев мектебінен 9 класс бітіріп, Астана қаласындағы Қаржы-экономикалық колледжін оқыды.Қаржы-бақылау, аудит мамандығын алып шықты. Сол Астанада Д.А.Қонаев атындағы университеттің қаржы мамандығын оқып, диплом алды. Кейін Шымкент қаласындағы медучилищеде фармацевт мамандығын оқып, диплом алды. Ал анасы Шакизада– Шымкент қаласындағы Мемлекеттік Оңтүстік Қазақстан Медакадемиясының провизор мамандығымен сырттай оқып, диплом алды. Еркебұлан Қызылорда қаласында облыстық БТИ-да жетекші маман болып жұмыс істеп жүрген жерінен анасы зейнеткерлікке шығатын болған соң ұлымызды ауылға алдыртып, дәріхананың жұмысын соған тапсырдық. Қазір Еркебұлан – азаматым. Еркебұлан ЖШС «Дәріханасының» директоры. Келіншегі Дамира фармацевт мамандығы бар, дәріханада Еркебұланның көмекшісі.
Шакизада Кенжеғулова 5 қыркүйекте 70 жасқа толды. Бүгінде Нұрай, Ләйлә, Ернияз, Елжан атты 4 немере сүйіп отырмыз.
Орақ БАУБЕКОВ,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы














