Мектеп кітапханасы – рухани байлық мекені
Фото: Жасанды интеллектМектеп... Оның қабырғасынан естілген сыңғырлаған қоңырау үні мен балалардың шат күлкісі – өмірдің ең таза, ең шынайы әуені. Ал осынау үлкен, шуақты білім ордасының лүпілдеп соққан алтын жүрегі қай жерде десеңіз, мен еш ойланбастан «кітапхана» дер едім. Себебі, сынып бөлмелерінде балаға білім нәрі берілсе, кітапханада оның рухани әлемі қалыптасып, адамгершілік діңгегі бекиді.
Қазіргі заманғы мектеп кітапханасы – бұрынғыдай тек қатар-қатар тізілген сөрелер мен мүлгіген тыныштықтың мекені емес. Бүгінгі кітапхана – ақпарат пен инновацияның, шығармашылық пен еркін ойдың тоғысқан, қайнаған ортасы. Мұстафа Матаев атындағы №170 орта мектебінің кітапханасы да күнделікті таным мен тағылымның ошағына айналған. Біздің шаңырақта әрбір оқушының жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай алуан түрлі танымдық шаралар мен ойын түріндегі байқаулар тұрақты түрде өтіп тұрады. Оқушылардың кітапқа деген махаббатын ояту мақсатында «Отбасымен кітап оқу» дәстүрін қалыптастырып, тартысты оқырмандар конференциясы мен арнайы кітап оқу сағаттары жиі ұйымдастырылады. Атаулы мерейтойларға арналған танымдық-әдеби кештер, мазмұнды кітапханалық сабақтар мен танымдық маңызы зор көңілді үзілістер – балалардың рухани азық алып, бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне таптырмас мүмкіндік.
Кітапхана меңгерушісі ретіндегі менің басты мұратым – баланың қолына жай ғана кітап ұстату емес, сол кітап арқылы оның жүрегіне жақсылықтың, мейірім мен парасаттың нұрын құю. Осындай қажырлы еңбек пен кітапқа деген шексіз құрметтің жемісі де жоқ емес. Соңғы сегіз жыл көлемінде біздің мектептің кітап сүйер оқушылары аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен өтетін додалар да үнемі топ жарып жүр. Олар аудандық «Үздік оқырман» байқауының бас жүлдесін осымен бесінші рет қанжығаларына байлап, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Тағы бір мақтанышпен айтатыным Қызылорда қаласында өткен «Балаға ақыл айтпа – тұлға таныт» облыстық кітап оқу байқауында оқушымыз Жеңісбек Гүлназ БАС ЖҮЛДЕ иегері атанды. Бұл – мектеп кітапханасының жүйелі әрі дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқанының жарқын көрінісі.
Қазіргі ақпараттық ғасырда, телефон мен ғаламтор бала санасын жаулаған тұста, кітапхананың рөлі тіпті арта түсті. Біз оқырмандарымызды шындықты жалғаннан ажыратуға, терең ойлауға, қиялдауға үйретеміз. Әрбір кітап сөресі – тұтас бір құрлық болса, кітапханашы – сол беймәлім әлемге бастайтын жолбасшы. Мен өз ісіммен, өз мектебімнің шуақты атмосферасымен мақтанамын.
Мектеп кітапханасы – шынында да шуақты білім ордасының алтын жүрегі. Ол лүпілдеп соғып тұрғанда, мектептің де жаны жарық, рухы биік, келешегі кемел болады. Біздің мектебіміздің алтын жүрегі әрдайым білімге құштар жас ұрпақпен бірге мәңгілік соға бермек!
Махаббат ДҮЙСЕНОВА,
Мұстафа Матаев атындағы
№170 орта мектебінің
кітапхана меңгерушісі













