Қысқа қам қалай?
Қыстың сықырлаған аязы мен қақаған суығы келер мезгілді күтіп тұрмайтыны анық. Жыл сайынғы дәстүр бойынша, табиғаттың тосын мінезіне төтеп беріп, өңір тұрғындарының, әсіресе өскелең ұрпақтың жайлылығын қамтамасыз ету – жергілікті билік пен жауапты сала мамандарының басты міндеті. Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары өңірде қарқынды жүргізіліп, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйі қатаң бақылауға алынды.Жақында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы қаласымен Ақтан батыр ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, алдағы жылу беру маусымына дайындық барысын тексерді.Аудан басшысы алдымен Қазалы қаласындағы Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің жылу маусымына дайындығымен танысты. Биыл білім ошағының жылу жүйесіне жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жұмыстар толық аяқталған. Сонымен қатар мектептің кіреберіс бөлігіне де ағымдағы жөндеу жүргізілген.
Одан соңқаладағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектеп, М.Горкий атындағы №16 мектеп-лицей, Қазалы аграрлы-техникалық колледжі және «Ақерке», «Өрімтал» бөбекжай-балабақшаларының жылу беру маусымына дайындығы, жылу жүйелерінің техникалық жағдайы мен қысқы кезеңге әзірлігі толықтай тексерілді.
Білім беру ошақтарының күзгі-қысқы кезеңге сақадай сай болуы – білім сапасы мен балалардың денсаулығының кепілі.Қазіргі таңда облыстағы барлық білім беру ұйымдарында жылу жүйелерін шаю, сығымдау (прессовка) және ағымдағы жөндеу жұмыстары кестеге сай атқарылуда.Жылу қазандықтарының жұмысы зерделеніп, отын қорының қажетті көлемі жасақталуда.Көптеген мектептерде ескірген жылу құбырлары заманауи талаптарға сай жаңартылып, энергия тиімділігін арттыру шаралары жүзеге асырылуда.Биыл Қазалы қаласындағы қалалық мәдениет үйі ғимаратының жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат газ отынына бейімделген. Жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме – «АҢСАТ-ҚҰРЫЛЫС и С» ЖШС жүзеге асырған. Ағымдағы жөндеу барысында ғимараттың жылу жүйесіндегі ақаулы бөліктер қалпына келтіріліп, қажетті жөндеу және алмастыру жұмыстары жүргізілген.
Аудан әкімі Ақтан батыр ауылдық клубының жылу жүйесін көрді. Биыл ауылдық клубтың жылу жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, жылу жүйесін газға бейімдеу мен ақаулы бөліктерді қалпына келтіру, жөндеу бойынша тиісті жұмыстар атқарылған. Аудан басшысы барлық әлеуметтік нысандардағы жылу қазандықтары мен инженерлік жүйелердің жағдайын жіті тексеріп, жауапты мекеме басшыларына жылу беру маусымына дайындықты сапалы аяқтау, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою және жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жылу беру маусымын қауіпсіз әрі тұрақты өткізуде, әлеуметтік нысандарда қолайлы жағдай қалыптастыруда ешқандай мәселе туындамау керегін қатаң ескертті.
Айта кететін жайт, 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына аудан бойынша қажетті қатты отын көлемі 11,0 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде халық тұтынуына 8,6 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 2,4 мың тонна жоспарланған. 1,9 мың тонна сұйық отын қажеттілігі белгіленген.
Жылыту маусымына дайындық тек қазандықтарды жөндеумен шектелмейді. Бұл – кешенді әрі көп сатылы үдеріс. Комиссиялық тексерістер барысында анықталған шағын олқылықтар мен техникалық ақаулар өз уақытында жойылып жатыр. Коммуналдық кәсіпорындар мен мердігер ұйымдардың тығыз байланыста жұмыс істеуі қыс мезгілінде орын алуы мүмкін апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Қош. Әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындығы қатаң бақылауда екенін және өңірдің қысқы сынаққа толықтай дайын екенін көруге болады. Басты мақсат – халыққа сапалы әрі үздіксіз коммуналдық қызмет көрсету.
Айнұр ӘЛИ













