Өнерді өнеге еткен ісмер
Ұлттың қалыптасуы мен рухани болмысында өнер мен қолөнердің алар орны айрықша. Атадан балаға жалғасқан асыл мұраны ұрпақ санасына сіңіріп, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп жүрген жандардың бірі – қазалылық шебер, Республикалық этнодизайнерлер одағының мүшесі Жадыра Жолдыбаева. Ол кесте тігу, кілем тоқу сынды дәстүрлі өнер түрлерін заман талабымен сабақтастырып, ұлттық құндылығымызды өзінше өрнектеп жүр.Жадыра Махамбетқызы қолөнерді кәсіп еткен шебер ғана емес, кейінгі буынға жөн сілтеп, өнердің қыр-сырын үйретіп жүрген тәлімгер, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып жүрген жан.
Әркімнің бойында тумысынан белгілі бір өнерге бейімділік болады. Кейіпкеріміздің де қолөнерге деген әуестігі бала күнінен басталған. Мектеп қабырғасында жүрген кезінің өзінде түрлі бұйымдарға қызығушылық танытып, қолөнерге деген талпынысы оның болашақта қандай мамандықты таңдайтынын аңғартқандай еді.
Мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, 2003-2008 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білім алып, көркем еңбек пәні мұғалімі мамандығын меңгерді. Осылайша бала күнгі қызығушылығы уақыт өте келе кәсіби таңдауына айналып, қолөнерге деген сүйіспеншілігі ұстаздық жолымен сабақтасты.
Жиырма алты жылға жуық еңбек өтілі бар білікті маман бүгінде Мұстафа Матаев атындағы №170 орта мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Осы жылдар ішінде ол тек өз білгенін шәкірттеріне үйретіп қана қоймай, олардың бойындағы шығармашылық қабілетті танып, өнерге деген қызығушылығын дамытуға да айрықша мән беріп келеді. Себебі ұстаз үшін шәкірттің қолына ине ұстатып, өрнек салдырудан бұрын, оның бойындағы өнерге деген талпынысын байқап, сол қызығушылықты дұрыс арнаға бағыттау маңызды.
Жадыра Жолдыбаеваның тәлімін алып жүрген оқушылар арасында қолөнерге ерекше ықылас танытып, шығармашылыққа ден қойған шәкірттері аз емес. Солардың бірі – Орысбай Айғаным. Ұстазының бағыт-бағдарын алып, өз бетімен ізденуге талпынған жас өнерпаздың еңбегі де нәтижесіз қалған жоқ. 2025 жылы Қазақстан Ұлттық музейі ұйымдастырған «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты республикалық балалар шығармашылық фестиваліне қатысқан Айғанымның шығармашылық жұмысы үздік деп танылып, жеңімпаз атанды.
– Қолөнер кез келген адамға қона бермейді. Оған қызығушылықпен қатар, қолдың ебі, шыдамдылық пен ізденіс керек. Айғанымнан осы қасиеттердің бәрін байқадым. Оның өнерге деген қызығушылығын одан әрі арттырып, бойындағы қабілетін ашуға тырыстым. Өзім білетін дүниелерді үйретіп, бағыт-бағдар бердім. Өткен жылы республикалық фестивальде шәкіртімнің еңбегі жоғары бағаланып, жеңімпаз атануы мен үшін үлкен қуаныш болды. Шебер үшін шәкіртінің жетістігін көруден асқан бақыт жоқ, – дейді Жадыра Жолдыбаева.
Ал биыл кейіпкеріміз шәкіртімен бірге шығармашылық жолдағы тағы бір белесті бағындырды. Бұл жолы өнерге деген қызығушылықты зерттеу мен ғылыми ізденіспен ұштастырған ұстаз бен шәкірт Астана қаласында өткен «Үздік ғылыми жоба авторы» республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанды.
Өмірдің өзі – үйрену мен үйретуден тұратын үздіксіз үдеріс. Әсіресе ұстаздық жолды таңдаған адам үшін ізденіс ешқашан тоқтамауы керек. Себебі заман өзгерген сайын білім берудің әдіс-тәсілі де жаңарып, мұғалімнен үнемі ізденісті, жаңашылдықты талап етеді. Ал өнерді серік еткен ұстаз үшін бұл жауапкершілік тіпті еселене түсері сөзсіз. Бір жағынан, өзі жаңа дүниені меңгеріп, шеберлігін шыңдаса, екінші жағынан, жинаған тәжірибесін шәкіртіне ғана емес, әріптестеріне де ұсына білуі қажет.
Кейіпкеріміздің бұл бағыттағы ізденісінен үйрене жүріп, өзгеге үйретуге ұмтылатын ұстаз болмысын бағамдадық. Ол қолөнерді сабақ үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын іздеп қана қоймай, өз тәжірибесін түрлі кәсіби алаңдарда ортаға салып, әріптестерімен бөлісіп жүр. Мәселен, Қызылорда қаласында өткен «Цифрлық кеңістіктегі заманауи педагог: жаңа мүмкіндіктер, тиімді тәжірибелер» атты облыстық пән бірлестігі жетекшілерінің секция отырысында «Макраме өнері арқылы кашпо тоқу» жобасын таныстырып, оны облыс көлемінде таратуға атсалысты. Сондай-ақ қолөнердің дәстүрлі тәсілдерін заманауи оқыту әдістерімен ұштастырған бұл жоба арқылы ол әріптестеріне тәжірибелік бағыт ұсынып, өнерді білім беру үдерісінде тиімді пайдаланудың мүмкіндігін көрсетті.
Ізденіс аясын облыс көлемімен шектемеген шебер Астана қаласында өткен «Шығармашылық пен өнер: білім алудағы жаңа мүмкіндіктер» республикалық ғылыми-практикалық семинарда да баяндама жасап, өз тәжірибесімен бөлісті. Ал Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Көшпенділер мәдени мұрасы – ұлттық қолөнер құндылығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ұлттық қолөнердің тәрбиелік әрі танымдық мәніне тоқталып, іс-тәжірибесін ортаға салды.Сонымен қатар облыс орталығында өткен республикалық семинар аясындағы «Шеберлер шеберханасы» бөлімінде шеберлік сыныбын өткізіп, өз өнерінің қыр-сырын көпшілікке практикалық тұрғыда көрсетті.
Одан бөлек, Жадыра Жолдыбаева өз шығармашылығын кеңінен насихаттауға да мән беріп, түрлі этнофорумдар мен ауқымды көрмелерге қатысып, қолынан шыққан төл туындыларын көпшілік назарына ұсынып келеді. Осы арқылы ол атадан жеткен өнердің өткеннің еншісінде ғана қалмай, заман ағымына бейімделіп, бүгінгі ұрпақтың қажетіне жарай алатынын өз еңбегімен көрсетіп жүр.
– Сәті түссе, шығармашылығымды насихаттайтын шаралардан шет қалмауға тырысамын. Өйткені мұндай басқосулар мен үшін тәжірибе алмасатын, жаңа дүние үйренетін мүмкіндік береді. Әрбір көрме мен форумнан өзіме қажетті бір жаңалық алып қайтамын. 2024 жылы Қырғызстанда өткен халықаралық боз үй фестиваліне қатыстым. Сол жерде ұлттық қолөнеріміздің өзіндік болмысын көрсетуге барынша тырыстым. Әртүрлі елдерден келген шеберлердің жұмыстарымен танысып, олардың тәсілдерін көру мен үшін үлкен тәжірибе болды. Бұл сапар шығармашылығыма жаңа серпін беріп, тың ізденістерге жол ашты, – дейді ол.
Кейіпкерімізбен әңгіме барысында оның өзі меңгерген қолөнер салаларына кеңірек тоқталуын сұраған едік. Шыны керек, бір адамның осынша өнер түрін қатар алып жүруі еріксіз таңғалдырды. «Бірнеше іске қалай бірдей көңіл бөліп, әрқайсысына уақыт табады? Қайткенде зейінді сан түрлі бағытқа қатар шоғырландырады?» деген сауал санамызда көлбеңдеп тұрды.
Бұл сауалымызға кейіпкеріміз жауабын көп күттірмеді. Айтуынша, бірнеше істі қатар алып жүрудің негізінде ең алдымен қызығушылық пен ішкі ынта жатыр. Ал сүйікті ісіне деген ықылас адамды ізденуге, уақытын тиімді ұйымдастыруға жетелейді.
– Біріншіден, бұл – менің мамандығым. Екіншіден, адам жалпы көп қырлы ғой. Қаласаң, бірнеше дүниені қатар игеріп, оны бір арнаға тоғыстыруға болады. Әрине, ол үшін әуелі сенің қалауың мен қызығушылығың болуы қажет-ақ, – дейді ол ойланбастан.
Расында, бойға біткен талантты табандылықпен ұштастырған жанның үйренері де, игерері де аз емес. Бұған кейіпкеріміздің шығармашылық жолы дәлел. Ол қолөнердің сан алуан түрін меңгеріп қана қоймай, әр бағытта ізденіп, шеберлігін үздіксіз жетілдіріп келеді.
– Қолөнердің сан алуан түрін меңгеріп, шығармашылық бағытта үздіксіз ізденіп, шеберлігімді жетілдіріп жүрмін. Атап айтсам, жүнмен жұмыс істеу, түрлі картиналар, сөмке, жилет жасау, киіз басу өнерін игердім.
Сонымен қатар макраме өнері арқылы кашпо, бесік, шатыр, шезлонг, гамак және әткеншек тоқуды меңгердім. Кесте тігу, құрақ құрау, бисер және моншақпен жұмыс жасау да – айналысатын қолөнер түрлерімнің қатарында. Моншақтан сәнді сөмкелер жасап, кілем тоқу және басқа да ұлттық қолөнер бағыттарында ізденіп келемін, – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, қолөнердің әр түрі ұқыптылық пен шыдамдылықты ғана емес, үнемі ізденуді де талап етеді. Бір бұйымды жасау барысында жаңа тәсіл үйреніп, оны өз қиялына қарай түрлендіру – шығармашылықтың басты ерекшелігі. Осылайша, әр өнер түрі бір-бірін толықтырып, шебердің мүмкіндігін кеңейте түседі.
Мен үшін қолөнер – халқымыздың ұлттық мұрасын дәріптейтін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын құндылық. Өз өнерімді шәкірттеріме үйрету арқылы олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, еңбекке деген сүйіспеншілігін арттыруды басты мақсатым деп білемін.
Кейіпкеріміз кәсіби қолөнер шебері ғана емес, бүгінде аяулы жар, ардақты әже. Жолдасы Ділдәбек Айтмамбетовпен бүгінде 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, олардан 9 немере сүйіп отыр.
Үнемі ізденіс пен тынымсыз еңбек етуді өмірлік мұратына айналдырған жан тек кәсіби қызметте ғана емес, бала тәрбиесінде де осы ұстанымды берік негіз еткен.
– Перзенттерім мен шәкірттеріме қашан да дайын жолды көрсетуден гөрі, өз еңбегімен өнеге болуға тырысамын. Талаптанудың, білімге ұмтылудың, қандай істі қолға алса да жауапкершілікпен атқарудың маңызын үнемі айтып отырамын. Себебі балаға айтылған сөзден гөрі, күнделікті көрген үлгісі көбірек әсер етеді. Сондықтан өзім де ізденуден, үйренуден және еңбектенуден жалыққан емеспін, – дейді ол.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














