Тәртіп пен талап – басты қағида
Қоғамның өркендеп, алға жылжуы – заңның үстемдігі мен темірдей тәртіпке тікелей байланысты. Заң мен тәртіпті ортақ міндет деп ұғынып, кез келген заңсыздыққа төзбеушілік таныту – әрбір азаматтың басты парзы. Ел ішіндегі құқықтық сауаттылықты арттырып, заң талаптарының толық әрі мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында дәл осы мәселе кеңінен сөз болды.
Жиында ең алдымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер таразыланды. Бұл ретте аудандық полиция бөлімі мен аудандық көпбейінді орталық аурухана басшылығының есептері тыңдалып, есірткі қылмысының алдын алу, жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және жүйелі рейдтер ұйымдастыру бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Аудан басшысы есірткімен күрес тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі екенін айта келе, бұл бағытта білім беру, мәдиниет пен спорт салаларын да белсенді араластыру қажеттігін баса айтты.
Өз кезегінде аудан прокуроры Мадияр Бекпанов «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе, жеке шаруашылықтарға берілген жер учаскелерінде заң бұзушылықтар орын алған жағдайда, ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шараларын жеделдету керектігін жеткізді.
Комссия отырысы ары қарай аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ұласты. Бұл жиында ең алдымен құрылыс, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласындағы жемқорлық тәуекелдері сөз болды.
Аудан әкімі құрылыс саласында бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын, қаржылық төлемдер мен құрылыс сапасының қатаң бақылауда болуын талап етті. Нысандарды қабылдау мен рұқсат беру рәсімдеріндегі кез келген заңсыздықтың жолын кесуді жүктеді. Ал жер қатынастары саласында заң талаптарын қатаң сақтау, аукцион өткізу ашықтығын қамтамасыз ету және мүдделер қақтығысына жол бермеу мәселелері өткір қойылды. Сондай-ақ, кезінде тұрғын үй құрылысы үшін беріліп, бүгінде игерілмей бос жатқан 133 жер учаскесінің тағдырын заң аясында қайта қарау қажеттігі ескертілді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен заңдылық – жұмыстың басты межесі екенін қадап айтты. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік қалыптастырмай, бюджет қаржысын тиімді пайдалану мен халықпен ашық диалог орнату мүмкін емес.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мекеме басшыларына хаттамалық тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы аудан басшысының тікелей бақылауында болатыны жеткізілді.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді дана халқымыз. Бүгін заңның әділ орындалуын қамтамасыз етпесек, ертең елді тығырыққа тірейтін үлкен кедергілерге тап боламыз. Мемлекеттің алға басуы мен дамуы қоғамдағы ашықтық пен жүйелілікке тікелей байланысты. Сондықтан қордаланған мәселелердің көбеймеуін қаласақ, әрбір азамат тәртіпке жауапкершілікпен қарауы тиіс.
А.ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













