Абырой асқарындағы Ақжолан
Қазалы өңіріне мәлім есімдердің бірі – Ақжолан Балымбетұлы. Ол туралы айтқанда толғанбайтын жүрек, толқымайтын көңіл жоқ десек артық айтқандық емес. Ақжолан 1950 жылы 10 қаңтар күні Арал ауданы, Ұялы елді мекенінде Балымбетовтер ауқатты отбасында дүниеге келген. Меңдібике анасы 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. 8 класты бітіре салысымен Қазалы қаласындағы ауылшаруашылық техникумының малдәрігерлік мамандығы бойынша оқып бітірген.
Алайда сол салаға бармай, Қызылқұм совхозы орталығындағы клуб меңгерушілігі қызметін 1972-1976 жылдар аралығында абыроймен атқарған. Осы қызметіте жүріп, ауыл жастарынан «Қыргүлі» ансамбліні ұйымдастырып жарыққа шығарды. Аудан орталығынан 210 қашықтықта тұрса да «Қыргүлі» ансамблімен аудан орталығы – Қазалыға келіп, байқауларға қатысып талай жүлделі орындарға ие болды. 1976-1986 жылдар аралығында өзінің малдәрігерлік мамандығы бойынша Қызылқұм совхозында ірі-қара фирмасында ферма меңгерушісі болып жұмыс жасады. 1981-1995 жылға дейін аудандық Тұтынушылар одағында автодүкен айдап, совхоз тараған соң Қызылқұм бағытындағы малшы шопандарға сауда-саттық жасап халыққа қызмет етті. Осы салада жүргенде ән айтып, қолынан домбыра түскен жоқ. 1999-2014 жылдар Қазалы орман тоғай мекемесінде инспектор болды. Сол жылдан осы кезге дейін Әйтеке би кенттік клубы жанындағы «Атамұра» ардагерлер халық ансамблінің белді мүшесі. Әйелі Балдай қайтыс болғаннан кейін теміржол ауруханасының аға мейірбикеш Гүлшараға үйленіп отбасын қайта құрды. Қазір Ақжолан 2 ұл, 1 қыз, 3 немере, 7 шөбере сүйіп отыр.
Өткенге ой жүгіртейік, 1976 жылдың қыркүйек айында Қызылқұм совхозының директоры Құбайдулла Сарқұлов ағамыз басқарған Ақжолан Балымбетовтің жетекшілігімен Қазалы ауданының Қарақалпақстанмен шекаралас Тақтакөпір ауданында мәдениет пен өнер күндері өткізілді. Ауданымыздан мәдениет пен өнерді жетекшілік еткен аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Кеңес Асанбаев, режиссер Жәдігер Тұрсынов, өнерпаздар Зейнеп Қалиева, Амангелді Баекеев, Қарлыға Қалекеева, Нұрмаш Алғашбаев, Қарлыға Қабылова, Қалабай Қазыбеков, Орақ Баубековтер болды және Ерпазыл Жүсіпов, Талқыбай Егізбаевтар өнер көрсетті. Сол кездегі Ленин, Дмитриев, Карл-Маркс, Жаңадария ауылдарына және аудан орталығы Тақтакөпірге концерт қойып көрермендердің зор ықыласына ие болдық. 1982 жылы желтоқсан айында Қарақалпақ және Қызылқұм шопан жылқышыларының шақыруымен Жоланның автокөлігі мен термеші-жырау Нәзи Қоғашов бір апта өнер көрсетті. Қызылқұмның барлық шопандарымен Қарақалпақстанның Қоструба, Шабанқазан, Қараның қой фермаларына және Жанқожа батыр зиратының қасындағы Әлибаз деген жердегі шопандарды өнерімізге тәнті еттік. Олардың өнерге деген құштарлығына қайран қаласың. Қарақалпақ шопандары, киіз үйлерін бұзған, керегелеріне мұз қатқан, ыстық су құйып жібітіп алып жатыр екен. Басқа жерге, қойға шөбі мол алаңға көшуге дайындалып, балалары жалаңаяқ ойнап үйге кіріп-шығып жүр. Кино, концерт малшылар мүлде келмейді және автодүкен үш айда бір рет аралайды екен. Қазақстаннан «әртістер келді» деп үй иесі қуанып, айқайлап жіберді. Киіз үйлерін қайта қымтап, ортаға сексеуілді жағып, біздің өнерімізді таң атқанша тыңдап, қайран қалды. Осындай көріністермен зор ықыластың куәсі болдық. Осының бәрі өнерпаз Ақжоланның арқасы, өнерлі жандарға адал пейілі мен ықыласы. Атамұраның мүшесі Ақжоланның репертуарында халық, Шәмшінің, Нұрғисаның, Әсет Бейсеуовтің, Әбілақат Еспаевтың, Ескендір Хасанғалиевтің және Нұрмаш Алғашбаевтың әндері орын алған.
Орақ БАУБЕКОВ,
КСРО мәдениетінің үздігі, ҚР Мәдениет Қайраткері
«Атамұра» халық ардагерлер ансамблінің көркемдік жетекшісі