Өмір мен үміт таразыланған
Медицинаның ең жауапты да күрделі саласы – анестезиология және реанимация. Мұнда әрбір секунд өлшеулі, әрбір шешім адам тағдырын шешеді. Қазалы теміржол ауруханасында 1995 жылдан бері талай жанға араша болып, өңірдегі денсаулық сақтау саласының алтын діңгегіне айналған «Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия» бөлімінің жұмысы жылдан-жылға жанданып, жаңарып келеді.Тәжірибе мен тарих сабақтастығы тоғысқан бөлімнің іргетасы қаланғанына биыл 31 жыл толып отыр. Адам жанын арашалап, отыз бір жыл ішінде науқастарға ем-дом жасауда талай қиын кезеңдерді артқа тастады.
Бүгінде заманауи медициналық орталық деңгейіне жетті. Аурухананың екінші қабатында орналасқан маңызды бөлімде осы күні нақты 9 реанимациялық төсек жұмыс істеп тұр. Аталмыш жерде тек ересектер ғана емес, кішкентай бүлдіршіндердің де өмірі үшін күрес үздіксіз жүреді.
2016 жылы бөлім жанынан нейроинсульттық бөлімшенің ашылуы медицина саласындағы үлкен серпіліс болды. Бұл бағыт ми қан айналымы бұзылған емделушілерге дер кезінде көмек көрсетуге, мүгедектіктің алдын алуға зор септігін тигізуде.
Кез келген заманауи техника білікті мамансыз жай ғана темір. Бөлімнің жұмысын тәжірибелі анестезиолог-реаниматолог, бірінші санатты дәрігер, "Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін" төсбелгі иегері Жасұлан Қуанышбаев үйлестіріп келеді. Оның басшылығымен Дастан Қалилаев пен Бақытбек Төлегенов секілді екінші санатты мамандар мен Аманқос Бекеев сынды дәрігерлер күндіз-түні кезекшілікте.
Мейірбикелер ісі де жоғары деңгейде. Аға мейірбике Гүлсара Аханованың жетекшілігімен Орынша Маханова, Лидия Захар, Фариза Шәкім, Руслан Нұрлан, Нұржан Өтеулі және тазалықшылар Рита Қазанғапова, Салтанат Қожағұлова, Гүлзира Амангелді, Әдемі Айшева және Мирамкүл Нағашыбаева сынды өз ісінің шеберлері науқастардың күтіміне жауапты. Олардың мейірімділігі мен кәсібилігі науқастардың тез сауығуына үлкен әсер етеді.
Заман талабына сай жабдықталған жансақтау бөлімі – жоғары технологиялар мекені. Мұнда әлемдік стандарттарға сай «Drager Savina 300» және «Drager Fabius Tiro» секілді өкпені жасанды желдету аппараттары, «MINDRAY» мониторлары орнатылған. Тіпті ең күрделі жағдайдағы науқастардың қан құрамын, электролиттерін жедел анықтайтын портативті «EPOC» анализаторы мен экспресс-диагностикаға арналған «Triage Meter Pr» құрылғылары жұмыс істеп тұр.
Әрбір палата орталықтандырылған оттегімен қамтылған. Сондай-ақ бөлімде экстракорпоральды детоксикация Hemophenix қан тазарту аппараты және гипербарикалық оттегі беру әдістері кеңінен қолданылады. Ол ауыр халдегі науқастардың есін жиып, аяққа тұруына мүмкіндік беретін бірегей технологиялар қатарында.
Сабақтастық пен сенім үйлескен жансақтау бөлімі оқшауланған құрылым емес. Ол хирургия, балалар бөлімі, неврология және терапиямен тығыз байланыста. Операция алдындағы дайындықтан бастап, отадан кейінгі ояну кезеңіне дейінгі барлық үдеріс осы мамандардың бақылауында.
Бөлім Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №78 бұйрығына сәйкес, толықтай қажетті дәрі-дәрмектермен және инфузиялық құралдармен жабдықталған. Төтенше жағдайлар орын алса да, бөлімде әрқашан арнайы бекітілген қор дайын тұрады.
«Ақ халатты абзал жандар» деген атқа лайық реанимация бөлімінің ұжымы бүгінде адам өмірінің күзетінде тұр. Олардың тынымсыз еңбегі мен заманауи медицинаның жетістігі біріккен жерде өлімге араша, дертке дауа табылмақ.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














