Мемлекет қолдауы – медицинаға серпін
Елдің әлеуметтік әл-ауқаты мен халықтың өмір сапасын арттыруда денсаулық сақтау саласының орны айрықша екенін күнделікті тәжірибемізден жақсы білеміз. Осы орайда Мемлекет басшысы тарапынан өңірлердегі медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған нақты қадамдар дәрігерлер қауымы үшін үлкен қолдау әрі жауапкершілік жүктейді. Соның айқын дәлелі – Сыр өңірінде өткен Құрылтайда Президенттің Қызылорда облысының медицина саласына қатысты көтерген маңызды бастамалары.
Аталған жиында Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталғанын айтып, алдағы уақытта 500 орындық емхана мен 200 орындық перзентхананың салынатынын жеткізді. Бұл жаңалықты біз, медицина қызметкерлері, өңір тұрғындарына көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға бағытталған жүйелі қадам ретінде қабылдадық. Өйткені жаңа нысандар – заманауи құрал-жабдық, қолайлы жағдай және уақытылы көрсетілетін медициналық қызмет деген сөз.
Президент тапсырмалары нақты істермен жалғасып, Жаңа жыл қарсаңында біздің өңірде де маңызды медициналық нысан пайдалануға берілді. 42 төсектік кардиологиялық және инсульт орталығы орналасқан аудандық аурухананың жаңа корпусының ашылуы – біз үшін аса маңызды оқиға. Бұл орталық жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульт кезінде «алтын уақытты» жоғалтпай, науқастарға дер кезінде әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, жүзеге асырылып жатқан бұл жобалардың барлығы аймақ пен аудан медицинасының дамуына тың серпін беріп қана қоймай, дәрігерлердің кәсіби мүмкіндігін кеңейтіп, тұрғындардың денсаулығын сақтаудағы тиімділікті арттырады. Мұның бәрі халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі деп білеміз.
Қадырбек ӘЛІПОВ,
Қазалы аудандық көпбейінді аурухана бас дәрігері














