Аудан әкімі Ақкесектегі су ұңғымаларының жұмысымен танысты
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Ақсуат ауылы Байқожа елді мекенінің тұсындағы Ақкесек жерінде орналасқан су көтеру ұңғымалары мен су тарату бекетінің жұмысын көрді.Ақкесек аумағында «Байқожа топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің қарамағында 5 су көтеру ұңғымасы орналасқан. Оның ішінде №1, №2, №3, №4, №5 және қосымша нөмірсіз ұңғымалар бар. Су ұңғымалары 2014 жылы салынып, пайдалануға берілген.
Қазіргі таңда №3 және №4 ұңғымалар қалыпты жұмыс істеп, сағатына 40 текше метрге дейін су өндіреді. Сонымен қатар қосымша нөмірсіз ұңғыма да жұмыс істеп тұр, оның өнімділігі сағатына 20 текше метрді құрайды. Аталған үш ұңғыма қазіргі таңда сағатына 100 текше метр су өндіруде. Ал №1, №2 және №5 ұңғымалардың қазіргі таңда ақаулық жағдайларға байланысты жұмысы тоқтаған.
Ақкесек жеріндегі су көздері Қазалы ауданындағы бірқатар елді мекендерді ауызсумен қамтуға мүмкіндік беретін маңызды су инфрақұрылымы саналады. Бүгінде ауданның негізгі ауызсу көздері – «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры арқылы Арал бағытынан келетін су.
Осыған байланысты жергілікті су көздерінің әлеуетін тиімді пайдалану, қолданыстағы ұңғымалардың техникалық жағдайын жақсарту және су жүйесінің резервтік мүмкіндігін арттырудың маңызы зор. Аудан басшысы су ысандарын аралау барысында тиісті сала басшыларына ұңғымалардың техникалық жай-күйі мен су өндіру мүмкіндігін зерделеп, «Ақкесек» су кешенінен қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, жобаның техникалық және экономикалық тиімділігін жан-жақты зерделеу жұмыстарын қолға алуды тапсырды.
Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда Ақкесек жеріндегі жерасты су қорларын тиімді пайдаланып, ауданның ауызсумен қамту жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.














