Қазақтың бұлбұл әншісі
Жақында осындай тақырыппен жасөспірімдер арасында жарыс өткізілді. Ол Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауы және Ақжона ауылдық округі әкімі аппаратының “Майдакөл ауылдық клубы” МКҚК-ның ұйымдастыруымен Қазақстан республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылды “Балалар жылы” деп жариялауына орай Роза Бағланованың 100 жылдығы қарсаңында аудандық балалар шығармашылығына арналған әншілер байқауы деп белгіленді.
Өнерлі балаларды халыққа таныстыру, шығармашылығын шыңдау, үлкен сахналарға жол ашу мақсатында аудандық деңгейде ұйымдастырылған шара жоғары деңгейде өтті. Онда 9-11 жас аралығындағы талапкерлер қатысты. Екі кезеңнен өткен сайыста әр талапкер Роза Бағланованың репертуарынан бір ән орындады. Сонымен қатар, өз таңдауы бойынша халық әндері немесе қазақ композиторларының кең тараған әндерін орындады.
Жарысты “Майдакөл ауылдық клубы” МКҚК-ның меңгерушісі Ағырай Ермекбай ашып беріп, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, ауылдың жас ақыны Бекзат Серіков Р.Бағлановаға арналған жырын халық назарына ұсынды. Мұнда 23 талапкер өзара сайысқа түсті. Қатысушы талапкерлердің өнерін алдын-ала бекітілген қазылар алқасы сарапқа салып, жүлделі орындар және арнайы сыйлықтар берілді.
Нәтижесінде Әйтеке би кентінен Мадина Аман бас жүлдені жеңіп алды. Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектебінің шәкірті Айдын Мырзабай бірінші орынды иемденді. Қазалы аудандық Оқушылар үйінің атынан Минура Жеткербай мен лақалылық Нағашыбай Сабыржан екінші орынды қанжығалады. Ал №266 мектеп-лицейінің оқушысы Асылбек Бекарыс пен Жалаңтөс батыр ауылының тумасы Саида Сабит және Басықарадан Қарақат Қалдыбек үшінші орынды қанағат тұтты. Барлық қатысушылар арнайы диплом, номинациялармен марапатталды. Алдағы уақытта да өнерлі балалар тек қана жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілек білдірдік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА