Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыр-тәрбиеге де, әрекетке де азық

Жыр-тәрбиеге де, әрекетке де азық

Қазақтың төл тарихы мен заманауи тынысы бір арнаға тоғысқан тәуелсіздік дәуірі талай таланттың қанатын қатайтып, өнер көгіне самғатты. Солардың бірі еліміздің бас мерекесімен жастығы қабат келген, Тәуелсіздіктің төл құрдасы, кәсіби қобызшы, жыршы, дәстүрлі өнер докторанты Ақерке Дабылова.
Оның өнер жолы нағыз табандылық, адал еңбек пен ұлттық руханиятқа деген шексіз махаббаттың жарқын көрінісі.
Ұлттық өнерді сахнадан әлеуметтік желіге шығарып, шәкірт тәрбиелеп отырған ғалым-жыршымен төл дәстүрдің табиғаты, жырдың адам тәрбиесіндегі орны, мүмкіндіктері туралы әңгімелестік.
– Ақерке Бақытжанқызы, қазақтың қасиетті өнеріндегі қадамыңыз бүгінде өмірілік арқауыңызға ұласты. Ауылдан бастаған жолдың Арқаның сұлу төрі, еліміздің астанасына жетуіне дейін қилы соқпақтары мен табанды ізденістермен тер төккеніңіз анық. Осы жолдағы алғашқы асуларыңызға тоқталсаңыз...
 – Тәуелсіздіктің төл құрдасымын. 1991 жылы Сыр өңіріндегі қасиетті Әйтеке би кентінде дүниеге келіп, Ж.Жабаев атындағы №234 мектепте білім алдым.
Бойымдағы тұңғыш өнер ұшқынын кездейсоқ үйге келген қонақ аңғарып, көңілге алғашқы сенімділік дәнін сепкен еді. Кейін мектепішілік шаралардың бірінде ән шырқағанымды байқаған музыка пәнінің мұғалімі Рахила Махамбетова шынайы өнер әлемінің есігін ашып, қазақтың дүлділ туындысы «Әлия» әнін алғаш рет орындатты. Ал сегізінші сыныпта аяулы анам қолымнан жетектеп, аудандық әуез мектебінің домбыра-терме сыныбына апарып, ұлағатты ұстаз Сандуғаш Бисембаеваның тәліміне тапсырды. Музыканың киелі әлеміне енді ғана қадам басқан шақ, арада небәрі екі жыл өткенде Алматы қаласындағы қара шаңырақ – атақты П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжге құжат тапсырып, өнердің үлкен керуеніне қосылған едім.
 – Байқауызша, қобыз – күрделі аспап. Бұрын қолына домбырадан басқа аспап ұстамаған талапкердің қобыз мамандығына құлаш ұруы қалай болды?
 Бұған дейін қолыма қазақтың қара домбырасынан өзге ешқандай музыкалық аспап ұстап көрмегенім рас. Домбырадағы екі сыныпбастапқы саты болып табылатындықтан, бұл аспапты кәсіби деңгейде терең меңгерудім деп айту да орынсыз. Ал прима-қобызды таңдауым – кездейсоқтық һәм сол сәттегі ерекше бір ішкі түйсіктің жетелеуімен болған шешім. Соған қарамастан, қысқа ғана уақыттың ішінде аспап иірімін меңгеріп, қабылдау емтихандарынан сүрінбей өттім.
Бұл тұста кәсіби қобызшы, мәдениет қайраткері, Қазақстанға белгілі әскери ансамбльдің негізін қалаған, әкемнің қарындасы Бақыткүл Өмірбекқызы табиғи қабілетімді жіті тексеріп, қобызға бағытым дәл келгенін дөп басып байқады. Ең бастысы, бойымдағы музыкалық білімді тереңдетсем, кәсіби биіктерді бағындырсам деген асқақ мақсат пен мызғымас ұстаным осы жолды таңдауыма түрткі болды.
Колледж қабырғасындағы алғашқы қадамдарымды ұлағатты ұстазым Майра Үсентайқызы бағыттады. Студенттік шақ ешқашан оңай болған жоқ.Оқу ғимаратында түні бойы қонып, таңның атысымен аспаппен сырласып, тынымсыз дайындалатын күндеріміз өтті. Шалқып қыдыру, бос дүниелерге уақыт сарп етуге мүлде мұршамыз болмады. Бүгінгі қол жеткізген әрбір жетістігім мен биігіме зер салсам, сол бір тауқыметі мол, бірақ тәлімі мен тәжірибесі теңдессіз күндерге шексіз алғыс айтамын.
– Оқуды бітірген 18 жасар оқытушы туралы әріптестеріңіз жылы естелік айтады екен. Бұл кезең туралы өз ауызыңыдан естісек...
 – Колледжді сәтті аяқтағаныммен, Құрманғазы атындағы консерватория мен «Шабыт» ұлттық өнер академиясының есігін қағып, сәтім түспей, сынақтан сүріндім. Бұл жас маман үшін үлкен соққы, алғашқы ауыр сын еді. Қанаттарым қайырылғандай күй кешіп, туған жеріме қайта оралып, аудандық балалар әуез мектебінің табалдырығын аттадым. Мектеп директоры Роман Әуезов: «Талапты түлегім!» деп қуанышпен қарсы алғанымен, мұнда қобыз класы ашылмағанын айтып, маған: «Егер өз күніңмен бала жинап алсаң, сағат бөліп, жұмыс беремін», – деп шарт қойды.
Жасып қалуға хақым жоқ. Қолыма сырлы қобызымды алып, аудандағы барлық мектептерді аралап, табанды ізденіспен талай баланың басын қосып, қомақты жүктемелі сағатқа қол жеткіздім. Алайда қиындық мұнымен бітпеді. Мектепте қолға ұстайтын бір де бір аспап жоқ болып шықты. Тығырықтан шығар жол іздеп, аудандық мәдениет ошақтарын, музыка мектебіндегі тозығы жетіп, шаңы шыққан, қиранды ескі аспаптарды жинап, өз қаржыма қосымша бөлшектерін сатып алып, шеберлерге жөндеттім. Осылайша он баланың басын жинап, алғашқы қадамды жасап, бір жыл бойы еңбек еттім. Бұл жерде бір мезгіл ұстаздық қызмет атқарсам, бір мезгіл ұстазым Сандуған Бисембаевадан дәріс алып, тұрақты дайындалумен болдым.
Еңбек нәтижесін берді ме?
Иә. Ол да оңай болған жоқ. Табиғатымнан баяу қозғалатын жанмын.Тест сұрақтарын белгілеуде, есебімше әлі 10-15 минут бардеп асықпай сұрақтарды белгілеп отыр едім. Емтихан алушы уақытымның жеткенін айтып, қолымдағы қағазымды алып қойды.Апелляцияға беріп, Министрлікке хат жазып, үлкен уайымға түстім. Тексерсе, мен белгілеп үлгерген 17 сұрақтың 16-сы дұрыс болып шықты, ал маған қажеттісі бар болғаны 4 балл ғана еді.
Қызығы сол, сәйкестікті қараңыз, үйдің үлкені, жалғыз қызымын. Ауданға келгенде алғашқы қобыз класын аштым, академиядағы оқуға түскенде де,магистратурада дәстүрлі жыр бойынша алғашқы гранттарға ие болдым. Дәстүрлі жыр саласындағы алғашқы докторантураға қабылданғандардың бірі екенмін. Отбасылық өмірде үйдің жалғыз ұлының келіншегі болдым.
«Қасиет қонады, өнер дарияды» дейді. Жыршылық қабілет отбасыңыздан берілген қасиет пе, әлде ізденіспен жеткен жол ма? Алғашқы қолдаушыларыңыз – ата-анаңыз жайлы білсек...
– Әкемнің мамандығы мүлде басқа, музыкалық білімі жоқ, аспапта ойнауды да білмейді. Жақында сол кісінің бала күнінде пластинкадан тыңдау арқылы жаттап алған жырын әуенсіз, қырғыздардың «Манас» жыры сияқты орындап отырған бейнесін әлеуметтік желіге салғанымда, кәсіби мамандардың өзі жақсы баға берді. Музыкант ретінде айтарым, тек тыңдау арқылы жаттау өте қиын. Қазақ мұндайды «құймақұлақ» дейді. Әкемнің нағашысы Қосай деген кісі атағы алысқа жеткен суырыпсалма ақын, аузы дуалы адам болыпты. Әкемнен де сол жыршылық қабілет айқын көрінеді.
Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз. Анам «Ілік іздесең, туған шешеңмен де араласпай қаласың. Ашулансаң, қиналсаң домбыраңды қолға ал, орындайтын жыр-термелеріңнің мәтініне үңіл» дейтін. Бұл менің өмірлік қағидама айналды.
Анам – ұлағатты ұстаз. Өзімнен кейін үш бауырым бар.
Ата-анам барынша еркіндікпен өсірді. Байқап отырсам, бұл өнер адамына қажет ең қастерлі құндылық екен.
Бірде музықа мектебінде оқып жүргенде, ондағы сабаққа тиісті деңгейде дайындықсыз барып, шалағайлық танытқаным үшін ашуланған анам қолымдағы домбырамды тартып алып, үйдің ең ауыр жұмыстарын істеуге мәжбүр етті. Сол кездегі айтқан сөздері әлі санамда: «Бойыңда шынайы өнерің, қайнаған талабың мен терең жауапкершілігің болмаса, ертең өмірде әр нәрседен әлжуаздық танытып, сылтау іздеуге мәжбүр боласың. Егер бүгін маңдай тер төгіп еңбектенбесең, алдағы көрер күнің тек бейнет болады. Өнер жолы ешқашан ауырдың асты, жеңілдің үсті емес!» деп әділ талап қойды. Бүгінгі таңдағы әрбір жетістігімнің бастауы сол аналық қатал мектептің сынынан өткен төзім мен табандылықтың жемісі деп білемін.
«Өнердің жолы – ауыр жол» дейді. Жолдасыңыз да өнер саласының маманы екен. Отбасылық өмірде өнер мен ғылымды қатар алып жүру қалай қалыптасты?
 – Жолдасым Дархан Ержанұлы Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы, өнер ғылымдарының докторы, күйші. Отау құрғанымызға 13 жыл болды. Екеуіміз екі түрлі адамыз. Бастапқыда басқа ортаға сіңісу оңай болған жоқ. Ата-анам: «Басың жарылмаса, атаңа тіл тигізбесе, өз мәселеңді өзің шеш. Отбасыңдағы нәрсе екі босағаңнан шықпасын» деп үлкен тәрбие берді. Майлықожа бидің:
«Жақсы бір болса алғаның, қоғамды болар жан-жағың,
Жаман бір болса алғаның, үйіңнен кетпес жанжалың.
Бала-шағаң – отаның, қоршаған орта, бау-бағың,
Өкінбессің өмірде осыны ұғып алғаның»
– деген жолдары өмірлік бағыт түзуіме зор септесті. Жолдасымның қолдауы арқасында ел алдына шығып, өнерімді өрістетіп келемін. Ол кісі еркіндігімді еркелік санап, ессіздікке баламады. Сол бір көзқарасын әрқашан құрметтеймін. Үш бала өсіріп отырмыз. Бұл жолда отбасымыздағы үлкендердің де қолдауы мол болды.Ата-анам бізге Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзін ұдайы айтып отырды. Сондықтан менің өнердегі еркіндігім жауапсыздықпен емес, жауапкершілікпен бірге қалыптасты.
– Бүгінде еліміздің сан қырынан шәкірт тәрбиелеп отырсыз. Олар сізді қалай тапты? Шәкірттер қабылдауда қоятын талаптарыңыз бар ма?
– Бүгінгі таңда заман көшінен қалмай, әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білудің арқасында шәкірттерімнің барлығы дерлік Instagram желісі арқылы іздеп тауып, ақжолтай тілегімен қатарыма қосылып жатыр.
Әлеуеметтік желі демекші, сізді көпшілік осы қырыңыздан таниды. Бір-бірінен бөлек әлемді бір арнаға тоғыстырып, дәстүрлі өнер мен заманауи трендтерді ұштастыру туралы батыл көзқарасыңыз оқырманын қызықтырады. Бұл қадамға қалай келдіңіз?
– Дәстүр мен заманауи тренд екеуі екі әлем сияқты көрінгенімен, егіз ұғым. Меніңше, оларды бір-біріне қарсы қоюдың өзі қате.Дәстүрлі өнер – ескінің мұрасы ғана емес. Ол әр дәуірде өзіне тән жаңашылдықпен жалғасып отырған.Бүгінгі влог – уақыт талабы. Неге ұлттық өнерді тек сахнада көрсетуіміз керек?
Алғашында бәрі таңғалғанымен, кейін «бұлай да жасауға болады екен» деген көзқарас қалыптасты. Заманауи мүмкіндіктерді де ұлттық өнерді насихаттауға пайдалануымыз керек.
Ұстаздарымның бірі Базар жыраудың:«Амалын жұрттан асырған,Ұрлығын ептеп жасырған,«Екі өсті – бір қой» деп,Есебін тапқан сұм алар»– дегендей, барлық жиған тәжірибеммен бүпесіз бөліспей, заманның түрлі ағымы мен жасандылығына ермей, таза еңбек пен адалдықты ұстану маңыздылығын айтты. Бұл ой да үлкен түрткі салды. Алайда жас мамандарға пайдалы инсайттарды жиі салып тұрамын.
Жалпы, дәстүрдің формасын емес, өзегін сақтауды маңызды санаймын.
Әңгімеңізден байқалатыны – жыр сіз үшін орындаушылық репертуар емес, адамды танудың тетігі секілді. Ғылыми ізденісіңіз тереңдеген сайын жырға деген көзқарасыңыз өзгерді ме?
– Өзгерді. Тіпті бұрын жаттаған жырымның өзін уақыт өте келе қайта танып жатқандай боламын. «Жыршылық жаспен келеді» деген пікір бар. Мен оған толық қосылмаймын. Жас келген сайын жырдың өзі өзгермейді, оны қабылдайтын сенің санаң өзгереді.
Бала күнімде жаттаған дүниені сөзбе-сөз қайталайтынмын. Қазір сол сөздің ар жағындағы ойға үңілемін. Бір жолдың астарынан бір дәуірдің дүниетанымын көремін.Сондықтан жырды жаттау – мақсат емес. Ең бастысы – оның мәнін бойға сіңіру.
Демек жырдың адамға әсері орындау үстінде ғана емес, оны оқу барысында да жүре ме?
– Әрине. Менің үнемі айтатыным, жырды жаттамай-ақ қойыңыз, жай ғана оқыңыз, тыңдаңыз. Сөздік қорыңыз толығады, ойлауыңыз тереңдейді, әрекетіңіз өзгереді.
Жыр – тәрбиеге де, әрекетке де азық.
Мысалы, Нұртуғанның «Едіге» жырында:«Адамзат баласында екі түрлі уәде, екі түрлі әдет болады. Адамзат тарыққанда бір түрлі, тарықпағанда бір түрлі болады», – деген ой бар.Осы бір толғамның өзі адам табиғатын қаншалықты дәл танытады. Қиындықта адамның кім екені көрінеді. Жағдайың түзелгенде ұстанымың өзгермесе ғана адамдықтың өлшемі сақталады.
Демек жыраулар адам психологиясын қазіргі ғылым терминдері пайда болмай тұрып-ақ таразылаған...
 – Дәл солай. Қазір «ойды басқару», «эмоцияны бақылау», «ішкі ресурсты сақтау» деген ұғымдар жиі айтылады. Ал жыраулар адамның ойына, нәпсісі, әрекетіне жауапкершілік жүктеп кеткен.
Тұрмағамбет Ізтілеуұлының мына толғауына қараңыз:
«Қолыма қалайынша түсірем?» – деп,
Аңдып жүр «ажал» атты бір дұзақшы.
Ешкімге ететұғын опасы жоқ,
Құр дүние, қарары аз, құр мазақшы...
Бермесе Тәңірі тәупиқ, қалайда да,
Алақтап ақылдың да құрыды апшы.
Асықпа, ал тіліңді, алдыңды ойла...»
Мұнда адамның нәпсі, асығыстық, дүниеге байланып қалумен күресі жатыр. Қазіргі коучингте айтылатын көптеген ойдың арғы түбінде осындай халықтық философия бар.
Жыраулар адамға «өзіңді сырттан іздеме, өзіңе үңіл» дейді.
Біз әлі де жырдың қоғамдағы құндылығын бағалай алмай жүрміз бе?
Мәселенің бір қыры осында. Жырды тек тәрбиелік құрал ретінде қарастыру да аздық етеді. Ол – тұтас дүниетаным.
Мысалы, ноғайларда жақсы адамның атына «Нияз», нашар адамның атына «Тәжі» деген тіркесті қосып айтатын дәстүр болған екен. «Тәжі атқа мінсе, Тәңірісін ұмытады» дейді.Осы сөздің өзінде әлеуметтік мінезді бақылау бар. Билік, мансап, мүмкіндік адамды өзгерте ме? Адамның шынайы болмысы жағдайға байланысты құбыла ма? Бұл – бүгін де өзекті сұрақ.
Дәстүрлі жырдың өміршеңдігі – оның осындай сұрақтарды ескіртпей ұстап тұруында.
– Жыршылық – синкретті өнер. Орындаушылық, сапалы игеру, мақамға салу, тіпті жаттаудың өзі санаға салмақ түсіреді. Жыр әлеміне сүңгіген адам бойына үлкен қабілеттерді ұялатары анық. Мектеп оқушысы тақпақ жаттауға қиналады. Мұндай қиындықты қалай еңсеруге болады?
Жырдың адамның тілін, ойын, сөйлеу мәнерін өзгертетініне күнделікті ұстаздық тәжірибемде көз жеткізіп жүрмін.Жыр жаттаған адамның сөз саптауы өзгереді. Өйткені ол дайын көркем ойлардың жүйесімен жұмыс істейді.
Балаға ән үйреткенде тек мәтін мен әуенді жаттатпаймын. Әннің мәнінтүсіндіруге тырысамын. Одан кейін термеге көшеміз. Термеден шешендік сөздерге барамыз.Бұл –өзім қалыптастырған сатылап оқыту әдісім.
Әлеуметтік желіде жиі айтатын «Ұстаздық – үйрету ғана емес, өзіңнің де қайта үйренуің» деген сөзіңіз бар. Бұл қағида қайдан қалыптасты?
– «Үйрен де жирен» дейді бабаларымыз. Ұстаздықтың жақсы жері – балаға үйрете отырып, өзің де үйренесің.Мен бірнеше жылдан беріосы жолдамын. Бірақ мамандықтың қасиетін толық түсіндім деп айта алмаймын. Қазір оның жауапкершілігіне мүлде басқаша қараймын.
Кейбір адам мықты орындаушы болуы мүмкін, бірақ жақсы ұстаз болмайды. Ұстаз шәкіртінің бойындағы қабілетті көріп қана қоймай, соның қай жерінқалай дамыту керегін білуі керек.
Тәлім алушыларыңыздың арасында кәсіби музыканттармен қатар, түрлі маман иелері бар екен. Бұл дәстүрлі өнердің шекарасы әлдеқайда кең екенін көрсететін сияқты...
Өнерге әркімің таласы бар. Шәкіртімің ең жасыбастауыш мектеп оқушысы, ең үлкені зейнеткер.
Қармақшыда медицина саласында еңбек ететін, жасы алпыстан асқан шәкіртім бар. Ол кісінің жыр үйренуге деген құлшынысына қарап, адамның өнерге деген ықыласының жасы болмайтынынұғындым.
Мен үшін шәкіртімнің өнерді терең меңгеруібасты абыройым.Өйткені ұстаздың ең үлкен нәтижесі – өзінің танымалдығы емес, шәкіртінің жетістігімен сараланады.
Жаңаөзен қаласындағы бір қызға онлайн дәріс берген едім. Өткен жылы сол шәкіртім бір айлық дайындықпен Астанада өткен айтулы байқауда бас жүлдені иеленді.
Онлайн сабақта да, офлайн сабақта да энергия көп жұмсалады. Бірақ ұстанымым өзгермейді.
Шәкіртім күткеніне қол жеткізсе – менің мерейім. Ол нашар орындаса, «шәкіртім ғой» деп сырт айнала алмаймын.Бұл қазақтың ұлттық өнері, төл мұрасына деген шексіз құштарлық қалыптастырған дағды болса керек-ті.
– Қазіргі қоғамда «ұлттық код» ұғымы жиі айтылады. Сіздіңше, жырдың ұлттық кодты қалыптастырудағы орны қандай? Өнердің бүгінгі нарықтық, ақпараттық ортада өшуі неде?Өсуі неде?
– Адам өз тамырына жақындаған сайын ішкі әлеуеті артады.Жыр – сол тамырдың бір тармағы.Біз кейде ұлттық өнерді тек концерттік нөмір ретінде қабылдаймыз. Ал оның адам қалыптастырудағы мүмкіндігі әлдеқайда үлкен.
Жыр тыңдаған, жыр оқыған бала сөздің салмағын түсіне бастайды. Шешендік сөзді, термені, толғауды тыңдаған сайын оның ойлау жүйесі қалыптасады.Сондықтан ұлттық өнерді балаға ертерек ұғындыру керек.
Неге жырды ұлттық брентке айналдырмасқа?
Егер халық сұрамаса, қызықпаса, өнер де әлсірейді. Бірақ өнер адамының да жауапкершілігі бар. Халықтың талғамын тек күтіп отыруға болмайды. Өзіміз де талғам қалыптастыруымыз керек.
Қазір де өзгенің еңбегін пайдаланып, оның жолын жеңілдетіп алғысы келетіндер бар.
Сондықтан бұл жолда адал еңбек керегін айтқым келеді.
– Өнер жолыңызда қобыздан жырға дейінгі үлкен бір эволюция бар. Қобыз сізге не берді?
– Қобыз маған музыкалық іргетас берді. Колледжді қобыз мамандығы бойынша бітіргендіктен, домбыраға келгенде бастапқыда ойнауым сылбырлау болды.Кейін домбыра мен жырдың табиғатына қайта үңілдім. Қазір оның екеуінің байланысын басқаша түсінемін.
– Сіз өзіңізді тек орындаушы емес, зерттеуші ретінде де қалыптастырып келесіз. Ғылым сізге не берді?
– Ғылым мені асықпай ойлауға үйретті.
Докторантурада оқып жүрмін. Ұстазыма әкемнің бойындағы жыршылық қабілет туралы айтқанымда, ол кісі міндетті түрде жазып алуды тапсырды. Өйткені қазақтың өнері осылай тараған.Бір адамның бойындағы өнер – бір әулеттің ғана емес, тұтас дәстүрдің жалғасы болуы мүмкін.Біз бүгін бар нәрсені жазып қалдырмасақ, ертең оның қайдан келгенін, қалай жеткенін білмей қаламыз.
Менің атымнан бұрын шәкірттерім қалғанын қалаймын.
Жеке орындаушы ретінде де сахнаға шығу – мақсатым. Күләш Байсейітова атындағы ұлттық өнер ордасының концерт залында жеке концертімді беруді жоспарлап отырмын.Бірақ сол концерттің ең үлкен нәтижесі – өзімнің өнер көрсетуім емес, шәкірттерімнің де сол сахнада көрінуі болса деймін.
– Сұхбатымыздың басында «жыр – адамның ішкі таразысы» деген ой түйіндедік. Өзіңіздің сол таразыңыз қандай өлшеммен өлшейді?
– Адамдықпен.Адамның ішіндегі ойдың өзі оның сөзіне, сөзі әрекетіне айналады.
Сондықтан өзіңді түземей тұрып, өзгені тәрбиелеу қиын.Мен үшін өнер – атақ емес, аманат. Жырды айту жауапкершілікті міндет. Ал жырдың мәнін кейінгіге жеткізу – одан да үлкен жұмыс.
Бір балаға өнердің есігін ашсам, бір шәкіртім өз жолын тапса, бір адамның жүрегіне жақсы сөз жетсе –мен үшін үлкен нәтиже.Өйткені жырдың ғұмыры орындаушысымен бітпейді, оны жүрегіне қабылдап, кейінгіге жеткізген адаммен жалғасады.
Өнерді өсіретін де, өшіретін де – халық.
Егер алған білім мен жиған тәжірибең халыққа жетпесе, оны өнерді өсіру емес, өшіру
– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет! Өнер жолыңыз биіктей берсін!
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
18 тамыз 2026 ж. 35 0

Перзент парызы

18 тамыз 2026 ж. 30

Сенбілік серпін

18 тамыз 2026 ж. 24

Қос көпірдегі құрылыс

18 тамыз 2026 ж. 35

Бір күн – мың кеңес

17 тамыз 2026 ж. 96

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31