Қызылордада қазақтың дәстүрлі өнер академиясы ашылады
Қызылорда облысында жыраулық өнерді дәріптейтін қазақтың дәстүрлі өнер академиясы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш ұсыныс белгілі жырау Алмас Алматовтың ұсынысы негізінде жүзеге асырылып келеді. Сыр бойында бірнеше жыраулық өнер мектептері қалыптасқан. Осыған орай жергілікті өнер жанашырлары Қызылордада дәстүрлі өнер академиясын ашу туралы ұсыныс жасаған еді. Оның ішінде колледж, бакалавр, магистратура болуы ойластырылған.
Дайындық жұмыстары облыстық бюджет есебінен атқарылуда. Сондай-ақ ҚР Үкіметі тарапынан арнайы қаулы қабылдату бағытында тиісті іс-шаралар қолға алынған.
«Сыр бойының өзінде де үлкен іргелі 3 мектеп қалыптасқан. Мұнда кешегі жыраулардың ізімен барлық дәстүрлер сақталып келе жатыр. Әсіресе әрбір мақамсазға деген талғампаздық, әрбір орындаушының шеберлігін арттыру, өзінің болмысын қалыптастыру деген сияқты мәселелер баса назар аударылады», - деді жырау Серік Жақсығұлов.
Академияның материалдық-техникалық базасы және оның әлеуметтік жеңілдіктері жергілікті бюджетінен шешіледі деп жоспарланып отыр.
Бұдан бұрын Қызылорда облысында қобызшылар ансамблі құрылатынын хабарлаған едік.