Назар аударыңыз, балалар!
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Мектеп табалдырығын аттайтын мыңдаған оқушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Назар аударыңыз, балалар!» Республикалық Жалпы Профилактикалық Іс-шарасы биыл да ұйымдастырылуда.
Ағымдағы жылдың 15-20 тамыз аралығында Қазалы ауданы аумағында аталған іс-шара қарқынды жүргізілетін болады. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың жол-көлік оқиғаларына түсуінің алдын алу, жүргізушілердің жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауын қадағалау, ата-аналар мен ұстаздардың назарын балалардың жолдағы қауіпсіздігіне аудару.
Осы 6 күн ішінде Қазалы АПб-нің Патрульдік полиция қызметкерлері мектептер мен балабақшалар маңында, оқушылар көп шоғырланған көшелерде күшейтілген рейд жүргізеді. Жылдамдықты асырған, жаяу жүргіншілерді өткізбеген, мас күйінде көлік басқарған жүргізушілерге қатысты заң аясында шара қолданылады.
Құрметті ата-аналар! Балаңызбен үйден мектепке дейінгі қауіпсіз жолды бірге жүріп өтіңіз. Оған жаяу жүргіншілер өткелінен өту, жол белгілерін тану, көшеде телефонмен ойнамай, абай болу керектігін тағы бір ескертіңіз.
Құрметті жүргізушілер! Мектеп маңында жылдамдықты 40 км/сағ-тан асырмаңыз. Сары жыпылықтаған шамды көрсеңіз аяғыңызды тежегішке дайындап қойыңыз. Есіңізде болсын, жолда сізді күтіп тұрған бір баланың артында бүкіл отбасының үміті тұр.
Балалардың қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Келіңіздер, жаңа оқу жылын апатсыз, қуанышпен бастайық!
Махаббат БЕГАЛИЕВА,
Қазалы ауданы Полиция бөлімінің
ҚҚб-нің ЮПт-ның аға инспекторы,
полиция подполковнигі













