Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шыдамдылық пен шеберлікке шыңдаған

Шыдамдылық пен шеберлікке шыңдаған

Алты құрлыққа армрестлинг атауымен кең тараған қазақтың қол күресі шапшаңдық пен шеберлікті, айла мен ақылды, төзім мен психологиялық беріктікті қатар талап етеді. Қарсыластың қарымын бағамдап, сәтін дөп басу, тиімді тәсілді дер кезінде қолдану – жеңіске бастар жолдың маңызды тетігі. Бұл спортта бірнеше секундтың өзі спортшының айлап, жылдап жинаған тәжірибесін таразыға салады. Бір сәттік шешім, қас-қағым қимыл, дұрыс таңдалған әдіс сайыстың тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан қол күресіне қадам басқан жас спортшы үшін тұрақты жаттығу мен тынымсыз ізденістің орны бөлек.
Қазалы ауданында осы спорттың қыр-сырын меңгеріп, білегінің күшін баптап жүрген жастар аз емес. Аудан спортының абыройын асқақтатып жүргендердің қатарында Қазалы спорт клубының қол күрес бөлімшесінің шәкірттері де бар. Бүгінде бөлімшеде ел чемпионаттарында жүлде алып, халықаралық додаларда топ жарып жүрген спортшылар өсіп келеді. Осы орайда қол күрес спортының ерекшелігі мен шәкірт тәрбиелеудің қыр-сырын бөлімшенің аға жаттықтырушысы Мерей Раханнан сұрап білдік.
Қазалы спорт клубының қол күрес бөлімшесі үш ауысыммен жұмыс істейді. Мұнда 10 жасқа дейінгі, 10-17 жас аралығындағы және 17 жастан жоғары спортшылар жаттығады. Үш топтың әрқайсысында 16 оқушыдан бар.
Жаттығу залына кірген адамға алғашқы сәтте бәрі қарапайым көрінуі мүмкін. Үстел басына екі спортшы келеді. Қол алысады. Белгі беріледі. Екі қарсылас бар күшін білегіне жинап, бір-бірінің қолын басуға тырысады. Алайда осы бірнеше секундтың ар жағында үлкен дайындық жатыр. Мұнда спортшының күшімен бірге техникасы, шапшаңдығы, сабыры, тактикалық ойлауы мен психологиялық дайындығы сыналады.
– Бұл спортта техника да, күш те қатар жүреді. Стартта дұрыс тұрып, тез қимылдап, қарсыласты бірден ұту үшін техника керек. Ал екі қарсылас бір-біріне дес бермей, тіресіп қалғанда күштің басымдығы маңызды. Сондықтан екеуін қатар алып жүру қажет, – дейді Мерей Рахан.
Бапкердің айтуынша, қол күресінде бір ғана тәсілге сүйеніп, барлық қарсыласты жеңу мүмкін емес. Әр спортшының табиғи мүмкіндігі, дене бітімі, күші мен икемі әртүрлі. Бірінің білегі мықты болса, енді бірінің техникасы жетік болуы мүмкін. Сондықтан жаттығу барысында әр баланың жеке ерекшелігіне қарай бағыт белгіленеді.
– Кейбір баланың физикасы күшті болады. Ондай кезде техникасына көбірек жұмыс жасаймыз. Ал күші жеткілікті болса, техникасын жетілдіреміз. Бәрі баланың өзіне байланысты. Өзі ойланып жұмыс істейтін болса, ұтады. Ал тек күшке салып, «осымен жеңемін» деп ойлайтын болса, жеңіліп қалуы да мүмкін, – дейді жаттықтырушы.
Демек, қол күресінде бұлшықет қуатынан бұрын сол қуатты қай уақытта және қалай пайдалану маңызды. Қарсыластың қозғалысын сезіну, оның әлсіз тұсын аңғару, өз мүмкіндігіңді дұрыс бағалау – спортшының шеберлігін айқындайтын негізгі қасиеттердің бірі.
Қол күресінде физикалық дайындық қанша маңызды болса, психологиялық дайындықтың да салмағы сонша. Кейде спортшы қарсыласының атағын немесе бұрынғы жетістігін көріп, жарыс басталмай жатып-ақ жеңіліске бой алдырады. Ал кейде физикалық мүмкіндігі өзінен төмендеу көрінген қарсылас өзіне деген сенімінің арқасында басым түсіп жатады.
Сондықтан Мерей Рахан шәкірттерін жарысқа тек дене тұрғысынан емес, сана тұрғысынан да дайындайды.
– Қарсылас қаншалықты мықты болса да, сасқалақтауға болмайды. Жеңіске деген сенім мықты болуы керек. Әр жарыс алдында спортшыға нұсқама беріп, тактикасын белгілеп, психологиялық тұрғыдан дайындаймын. Өйткені әр баланың өзіне тән техникасы болады, – дейді бапкер.
Айтуынша, спортшы өз күшіне сеніп қана қоймай, қарсыласының ерекшелігін де ескеруі керек. Себебі бір әдіспен барлық белдесуді ұту мүмкін емес. Жағдайға қарай тактиканы өзгерте білу қажет. Бірақ шектен тыс тәуекелділік пен асығыстық кейде жарақатқа ұрындыруы мүмкін. Сондықтан бұл спортта ойланып әрекет ету өте маңызды.
Бапкер үшін спортшының қауіпсіздігі мен денсаулығы әрдайым бірінші орында. Сондықтан жаттығу және жарыс алдында денені мұқият қыздырып, саусақ, білек пен арқа бұлшықеттерін дұрыс дайындауға ерекше көңіл бөледі.
– Қарсылас басымдықпен ұтып бара жатса, кейде спортшыларыма жеңісті бере салыңдар деп айтамын. Себебі спортшының денсаулығы бірінші орында. Біздің спортта екі ұтылыс бар. Бір рет жеңіліп қалсаң, екінші мүмкіндікті пайдаланып, бірінші орын алуға болады. Ал жарақат алатындай жағдайға түссең, сол жерде беріле салған дұрыс. Кейін екінші мүмкіндігіңді пайдаланып, жеңіске жетуге болады, – дейді аға жаттықтырушы.
Бөлімшеде ұлдармен қатар қыз балалар да қол күресімен айналысады. Қазір онға жуық қыз осы спорттың қыр-сырын меңгеріп жүр. Бапкер жаттықтырушылық жолын бастаған кезде қыз балалармен жұмыс істеймін деп ойламағанын айтады. Уақыт өте келе бұл көзқарасы өзгерген.
– Алғашқыда мансабымды бастаған кезде қыз балалармен жұмыс істемеймін деп ойлағанмын. Себебі қыз бала мен ер баланың айырмашылығы бар. Спорт болған соң кейде қатты сөйлеп, тәртіпке шақыруға тура келеді. Ал қыз балалардың мінезі сәл басқаша. Кішкене дауыс көтеріп сөйлеп қалсаң, тез ренжіп қалатын кездері болады, – дейді жаттықтырушы.
Дегенмен соңғы екі жылда қыздармен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Нәтиже де жоқ емес. Олардың арасынан жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, қол күресінен Қазалының абыройын асқақтатып жүрген спортшылар бар.
Мерей Жанахметұлы үшін шәкірттің спорттағы жетістігі ғана маңызды емес. Оның тәрбиесі мен білімі де басты назарда. Бапкер шәкірттерінен ең алдымен оқу үлгерімін талап етеді. Себебі оның түсінігінде спорт пен білім бір-біріне кедергі емес, керісінше, бірін-бірі толықтыратын екі бағыт.
– Қазір білімнің заманы. Егер оқушының сабақ үлгерімі жақсы болса, жаттығуға да зейіні дұрыс болады. Ал үлгерімі төмендеп кетсе, оны реттемейінше жаттығуға рұқсат етпеймін. Мен оқушыларымның сабақты да, спортты да қатар алып жүргенін құп көремін, – дейді ол.
Бұл талаптың астарында үлкен тәрбие жатыр. Спорттағы жеңіс – белгілі бір кезеңнің жемісі. Ал білім – адаммен өмір бойы бірге жүретін құндылық. Сондықтан бапкер шәкірттерінің спорттық жетістікке ұмтылып жүріп, мектептегі жауапкершілігін де ұмытпағанын қалайды.
Оның өз алдындағы басты мақсаты да – чемпион тәрбиелеу. Бірақ чемпионның бір күнде қалыптаспайтыны анық. Табиғатынан талантты, айтқанды бірден іліп әкететін балалар кездескенімен, олардың саны көп емес. Сондықтан бапкер әр шәкіртімен ұзақ мерзімді жұмыс істеуге тырысады.
«Әр балаға уақыт керек. Кемінде екі жыл үздіксіз жұмыс істеуге тырысамын» дейді ол.
Қол күресі әзірге олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына енбегендіктен, бұл бағыттағы жарыстардың жиілігі де өзге спорт түрлерімен салыстырғанда төмендеу. Дегенмен бапкер шәкірттерін мүмкіндігінше бәсекелерден шет қалдырмай, жарыс тәжірибесін қалыптастыруға басымдық береді. Жыл басынан бергі нәтижелерге көз жүгіртсек, бөлімше спортшылары үшін биылғы маусым жемісті болғанын аңғаруға болады. Олар облыстық және республикалық додаларда жүлдеге ілініп қана қоймай, Қазақстан чемпионатында да өз шеберліктерін байқатты.Биыл Қазақстан біріншілігіне Қазалы спорт клубынан 14 оқушы қатысты. Оның үшеуі – қыз бала.
– Наурыз айында өткен Қазақстан біріншілігінде Кеңес Наурызбек бір қолдан үшінші орын иеленсе, Нұрай Нағашыбай да бір қолдан қола жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан чемпионатында қорытынды нәтиже екі қолдың көрсеткіші бойынша анықталатындықтан, қос спортшы бір қолдан жүлдеге іліккенімен, екінші қолдан дәл сондай нәтиже көрсете алмаған.
Бөлімшенің бүгінгі жетістігін сөз еткенде, Дәруен Қашмұраттың есімін атамау мүмкін емес. Паралимпиадашы, төрт дүркін Қазақстан чемпионы жақында Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында алтын жүлдеге ие болды. Ал Игорь Спасов Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз атанды. Дегенмен, ол Азия чемпионатына қатыса алмады. Ал Кеңес Наурызбек Қазалы тарихында алғаш рет 14 жасқа дейінгі кадеттер арасында Қазақстан біріншілігінде топ жарды, – дейді Мерей Жанахметұлы.
Бапкермен әңгіме барысында алдағы межелі мақсаттары мен шәкірттеріне қатысты жоспарларын да сұрағанбыз.
– Бапкер үшін шәкіртінің жеңісін көруден асқан қуаныш жоқ. Сондықтан алдыма келген әр баланың бойындағы қабілетін ашып, үлкен спортқа жол сілтеуге тырысамын. Ең үлкен арманым – әлемдік аренада Қазақстанның көк туын желбіретіп, ел абыройын асқақтататын чемпион тәрбиелеу. Бұл оңай жол емес, әрине. Дегенмен мақсат айқын болса, еңбек те, ізденіс те нәтижесін береді. Сол жолда аянбай тер төгіп, шәкірттеріммен бірге талай белесті бағындыруға ниеттімін, – дейді жаттықтырушы.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
18 тамыз 2026 ж. 37 0

Перзент парызы

18 тамыз 2026 ж. 28

Сенбілік серпін

18 тамыз 2026 ж. 23

Қос көпірдегі құрылыс

18 тамыз 2026 ж. 34

Бір күн – мың кеңес

17 тамыз 2026 ж. 96

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31