Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Перзент парызы

Перзент парызы

Адам баласының жүрегінде туған жерге деген сағыныштың орны бөлек. Қай қиырда жүрсе де, балалық шағы өткен мекен, ата-бабасының табаны тиген қасиетті топырақ, ата-анасының өнегесі көңіл төрінде сақталады. Уақыт араға қашықтық салғанымен, туған елге деген перзенттік ықылас пен сағынышты алыстата алмайды. Өйткені туған жер – адамның тамыры, рухының тірегі.
Қасиетті Қазалының Лақалы ауылынан қанат қаққан Марат Шахановтың өмір жолына үңілсек, осы бір сабақтастықты анық аңғарамыз. Оның өнерге келуі, отбасымен бірге шығармашылықты серік етуі, туған ауылына арнайы ат ізін салып, елге игілікті тарту жасауы – бір күнде қалыптасқан бастама емес. Бұл – бірнеше буынға жалғасқан еңбек пен тәрбиенің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің жемісі.
Шахановтар әулетінің шежіресінде маңдай термен өрілген ғибратты ғұмыр бар.
Мараттың атасы Шахан Досжанұлы 1929 жылы Ұялы ауылдық кеңесіне қарасты «Ұзынқайыр» жерінде дүниеге келген. Балалық шағы ел басына ауыртпалық түскен кезеңмен тұспа-тұс келді. Соғыс жылдарының тауқыметі оны ерте есейтті. Небәрі он үш жасынан бастап үлкендермен қатар еңбекке араласып, елмен бірге ауыртпалықты көтерді.
Еңбек ете жүріп, Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының мал шаруашылығы бөлімін тәмамдап, арнайы мамандық алды. 1952 жылы Бекмырза қызы Гүлжаһанмен шаңырақ көтеріп, сол жылы алғаш құрылған Микоян колхозының қазіргі Лақалы ауылы аумағындағы «Жанай» бөлімшесіне көшіп келеді. Өмірге сегіз перзент әкеліп, барлығына адал еңбек пен адамдықты арқау еткен өнегелі тәрбие берді.
Шахан атаның еңбек жолы да ел тіршілігімен біте қайнасты. Алғаш терісі бағалы ондатр аулаудан бастаған ол кейін он бес жыл бойы балықшылықпен айналысты. 1970 жылдан бастап Арал теңізінің тартылып, көлдердегі балық қорының азаюына байланысты «Бозкөл» қаракөл қой совхозына қарасты шаруашылықта шопан болып, жиырма бес жыл қажырлы еңбек етті.
Еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Шахан ата Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Бұл – ел шаруашылығына сіңірген маңдай терінің, қажырлы еңбегінің лайықты бағасы еді.
Өмірінің соңына дейін Лақалы ауылында ұлы Нақыптың қолында тұрған Шахан ата 2019 жылдың сәуір айында дүниеден өтті. Ауылдың үлкен-кішісін сөзге тоқтата білген, өмірден көргені мен көңілге түйгені мол, кейінгіге ақылын айтып отыратын абыройлы ақсақал еді. Оның ғибратты ғұмыры – бүгінгі ұрпақ үшін еңбекке адалдықтың, елге қызмет етудің тағылымды мектебі.
Еңбек адамының есімін ел жадында жаңғырту мақсатында Лақалы ауылдық клубында Еңбек күніне орай «Еңбек – өмір мәні» атты аудандық деңгейдегі шараның ұйымдастырылып, Шахан атаның 95 жылдығына орай еңбегінің ұлықталуы да – өткенге көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі. Мұндай тағылымды шаралар – тарихты жаңғыртып қана қоймай, жас ұрпаққа өнеге ұсынады.
Шахан атаның ұлы, Мараттың әкесі Тойбазар да әке жолын жалғап, ғұмырын адал еңбекке арнады. Лақалы ауылында жиырма бес жыл бойы шофер болып қызмет атқарып, шаруашылық саласында жұбайы Ықпалмен бірге еңбек етті. Бес баласын маңдай терді қадірлеуге, адалдықты ардақтауға тәрбиеледі.
2004 жылы Тойбазар Шаханов отбасымен бірге Қызылорда қаласына қоныс аударып, бүгінде үлкен ұлы Қайраттың қолында тұрып келеді.
Осындай еңбекқор да өнегелі әулетте 1985 жылы дүниеге келген Марат Тойбазарұлының өнерге алғашқы қадамы да туған ауылы – Лақалының сахнасынан басталды. Төртінші сыныпта оқып жүрген кезінен ән айтып, ауыл сахнасында өнер көрсеткен жас баланың бойындағы өнерге деген ынта уақыт өте келе үлкен шығармашылық жолға ұласты.
Марат Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжді, кейін Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетті музыка мамандығы бойынша тәмамдады.
Жас маман еңбек жолын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай ауылындағы Өскінбай Қалманбетұлы атындағы балалар өнер мектебінде баян аспабының мұғалімі әрі №8 орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып бастайды. Бүгінде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылдық округі мәдениет үйінде «Баян» үйірмесінің жетекшісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Сыр бойында дүниеге келген МаратТойбазарұлының тың Маңғыстау топырағында еңбек етуі оның шығармашылық әлемін одан әрі кеңейте түсті. Екі өңірдің өнері мен мәдениетін бойына сіңірген ол кәсіби ізденісін отбасылық шығармашылықпен ұштастырып, осылайша «Шахановтар» жанұялық ансамблін қалыптастырды.
Отбасымен бірге өнер көрсету – Марат үшін жай ғана шығармашылық бағыт емес, ұрпақ тәрбиесінің де өзіндік мектебі. Жары Қарлығаш пен балалары Гүлсезім, Исламбек, Шахназ, Мұхтар да өнерді серік етіп, сахна төрінен көрініп жүр. Бір шаңырақтың өнерге деген ортақ махаббаты осылайша отбасылық дәстүрге айналған.
Еліміздің әр өңірінде өнер көрсетіп жүрген «Шахановтар» жанұялық ансамблі есептік концертін туған жері – Лақалы ауылынан бастауды жөн санады. Бұл таңдау Марат үшін айрықша мәнге ие еді. Өйткені оның өнер жолының бастауында осы ауылдағы балалық шағы, әкесінің тәрбиесі, атасының өнегесі жатыр.
Туған ауылдағы өнерлі жүздесудің шымылдығы «Ауылға сағыныш» әнімен ашылды. Кеш барысында әндер мен монологтар арқылы Сыр елінің, Маңғыстаудың табиғаты мен адамдары, туған жерге деген сағыныш, достық пен елге деген сүйіспеншілік тақырыптары көрініс тапты.
Туған елден түлеп ұшқан азаматты ауылдастары да ерекше ықыласпен қарсы алды. Ауыл әкімі Әлмұхан Ерғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, Шахановтар отбасына ізгі тілегін білдіріп, аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлының Алғыс хатын табыстауы – өнерлі отбасының ел мәдениетіне қосып жүрген үлесіне берілген лайықты баға болды.
Кештің мазмұнын айшықтай түскен тағы бір ерекше сәт – жас баянист Тойбазар Исламбек Маратұлының өнер көрсетуі. 2025 жылғы «Жас музыкант» конкурсының лауреаты, 2026 жылғы «Жас дарын» фестивалінің «Гран-при» иегері атанған Исламбек әке жолын жалғап, сахнада өзінің шеберлігін танытты. Бұл – бір әулеттегі өнер сабақтастығының, әке өнегесінің бала бойына сіңгенінің айқын көрінісі.
Алайда Мараттың туған ауылға жасаған тартуы мұнымен ғана шектелмейді. Елден жырақта жүрсе де туған жердің қажетіне алаңдаған азамат ауыл жастарына арналған игі іске бастамашы болды. Марат Шаханов ауылдағы жаздық сахнаның төбесін жауып беруге ниет білдіріп, бұл бастаманы ауыл азаматтары мен достары да қолдады.
Кіндік қаны тамған мекеннен алыста жүріп, кәсіби өнер саласында еңбек етіп жүрген азаматтың туған елінің мәдени өміріне үлес қосуға ұмтылысы – перзенттік парыздың жарқын үлгісі.
Мараттың өзі де туған жерге деген сезімін жүрекжарды сөзімен былай жеткізеді:
«Туған жердің орны әр адамның жүрегінде ерекше. Мен үшін Лақалы – балалық шағым, ата-бабамның ізі қалған қасиетті мекен. Атама қарап еңбекқорлықты, әкеме қарап адал еңбекті үйреніп өстім. Бүгінде өнер жолында жүріп, сол кісілерден алған тәрбиемді өз балаларыма жеткізуге тырысамын. Туған ауылға келіп, отбасыммен өнер көрсету – мен үшін үлкен қуаныш әрі перзенттік парыз. Ауыл жастарына қолдан келгенше қолдау көрсетіп, елдің мәдени өміріне өз үлесімді қоссам деген ниетім бар. Бұл – туған жерге деген алғысымның бір көрінісі», – дейді.
Бұл сөздердің астарында бір әулеттің тарихы, атадан балаға жалғасқан тәрбие, туған ел алдындағы жауапкершілік жатыр.
Шахановтар әулетінің өнегелі жолы – еңбек пен өнерді қатар алып жүрудің, отбасылық тәрбиені шығармашылықпен сабақтастырудың, атадан балаға аманат болған құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі.
Туған жерге деген шынайы махаббат кейде сағынышты әннен, кейде перзенттік сәлемнен, ал кейде ел игілігіне жасалған нақты істен көрінеді. Марат Шахановтың сол бір қасиетті топыраққа келіп, отбасымен өнер көрсетуі, ауыл жастарына қолдау білдіруі – осындай азаматтық ұстанымның айғағы.
Бұл – атаның аманатына адалдық, әкенің тәрбиесіне құрмет, туған ел алдындағы перзенттік парыз.
Айнұр МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ
Лақалы ауылы
18 тамыз 2026 ж. 30 0

Перзент парызы

18 тамыз 2026 ж. 31

Сенбілік серпін

18 тамыз 2026 ж. 24

Қос көпірдегі құрылыс

18 тамыз 2026 ж. 35

Бір күн – мың кеңес

17 тамыз 2026 ж. 96

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31