«Салтанат» би ансамблі Сыр елінде
Жетпіс жылға жуық тарихы бар мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі бүгін Сыр өңіріне гастрольдік іссапармен келді. Бүгінде бұл ансамбль қазақтың төл өнері мен ұлттық мәдениетін дәріптеп, ғажайып би өнері арқылы ерекше туындыларымен өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр. Қазіргі таңда «Салтанат» би ансамблінде 70-ке жуық балет әртісі өнер көрсетеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің өкілдері Қызылорда облысындағы гастольдік сапардың ерекшелігіне тоқталып, журналистерге жағымды жаңалықтарын баяндап берді.
-Сыр елі талай тарихты қойнауына сыйдырған қасиетті өлке. Мұнда ұлттық өнеріміз бен құндылықтарымыз ерекше дәріптелетінін жақсы білеміз. Оның ішінде би өнеріне деген халықтың сүйіспеншілігі ерекше. Осыған орай, 19-24 сәуір аралығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен қасиетті өлкеге гастрольдік іссапармен келдік. Сапар барысында тек қала ғана емес, облысқа қарасты бірнеше ауданды аралап, өнерсүйер қауымға әдемі көңіл-күй сыйлауды көздеп отырмыз. Жалпы біздің ансамбль жастардын ұлттық сана сезімін қалыптастыру жолында аянбай өнер көрсетіп келеді. Соның ішінде ұлттық би өнерінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлісін толық насихаттай алатын бірегей кәсіби би ұжымы. Осы уақытқа дейін біздің ұжым Түркия, Ресей, Бельгия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Франция елдеріне гастрольдік сапармен барып, қазақтың төл өнерімен бірге, дәстүрлі халық биін паш еткен болатын. Биыл да шет мемлекеттерге баруды жоспарлап отырмыз. Сыр өңіріндегі концертімізде жаңа бағдарламамыз көрермен қауымға жол тартатын болады. Сырбойылық өнерсүйер қауымға қазақтың ұлттық билері мен күйлерін, сондай-ақ әлем халықтарының би өнері қойылады, - деді Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің директоры Елубай Кенжалиев.
1955 жылдан бастау алған ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің репертуарында қазақтың ұлттық биімен қатар, түрлі ұлт пен этнос арасындағы достықты, махаббат пен бейбітшілікті дәріптеген әлем халықтарының би қойылымдары бар. Осы би өнері арқылы талай белесті бағындырған ансамбльдің қазақ өнерінде әрқашан шоқтығы биік болары анық.
-Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі 70 жылға жуық қазақ өнеріне адал қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында талай жетістіктерге жетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеміз. Сыр еліндегі гастрольдік сапарымыз да сәтті болып, халықтың қошеметіне бөленеміз деп ойлаймын. Қызылорда қаласындағы басты концертіміз Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында 24 сәуір күні өтеді. Кештен түскен қаражат су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмек ретінде «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорына аударылады. Концертке 60-қа жуық балет әртістеріміз қатысады, - деді Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Төлеген Қуанышбек.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі