«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Аталған тұжырымдамаға сәйкес елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын сақтау – әрбір азаматтың заңмен белгіленген міндеті.Осыған сәйкес бүгін Әйтеке би кенті әкімі аппаратының қызметкерлері аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, кент аумағында тазалық талаптарының сақталуына рейдтік бақылау жүргізді. Іс-шара барысында тұрғын үйлердің ауласы мен оған іргелес аумақтарын таза ұстамаған тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, заң талаптары түсіндіріліп, ескертулер берілді.
Еске саламыз, әрбір тұрғын өз үйінің ауласын және оған іргелес аумақты таза ұстауға, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды бейберекет тастамауға міндетті. Заң талаптарын бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Құқық бұзушылықтар үшін 130 мың теңгеге дейін әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов, Әйтеке би, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, М.Шоқайұлы, Төле би, Біржан сал, С.Мұқанов, Жалаңтөс батыр, Т.Бөріқұлақов, Дәулеткерей, Ж.Аймауытов, Тыныбаев және Жетес би көшелерінде ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Түсіндірме жұмыстары барысында 220 тұрғын үйге ескерту парақтары таратылып, абаттандыру қағидаларын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды.
Нәтижесінде 200-ге жуық тұрғын үйдің иелері ескертулерді орындап, өз аулалары мен оған іргелес аумақтарын толық тазартты. Ал қалған 20 тұрғын үйде үй иелерінің болмауына немесе еңбекке жарамды азаматтардың вахталық жұмыста болуына байланысты тазалық жұмыстары әлі де жалғасуда.
Тазалық – баршаға ортақ жауапкершілік. Сондықтан аудан тұрғындарын өз аулалары мен көшелерінің тазалығына бейжай қарамай, заң талаптарын сақтауға және туған өлкеміздің көркеюіне бірге үлес қосуға шақырамыз.














