Елдіктің асқақ символы, ұлттың рухани тұғыры
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған азаттық, егемендігіміздің айқын көрінісі мен елдігіміздің айбынды белгісі. Тәуелсіздіктің алтын діңгегі.
Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің егемендігі мен бірегейлігін айшықтайтын қасиетті құндылықтар. Туымыз – береке мен бейбітшіліктің нышаны. Оның ортасындағы алтын күн мен қалықтаған қыран – өр мінезді халықтың асқақ арманы мен келешекке ұмтылысын ұғындырады.
Елтаңба – шаңырақтың көзінен шалғайға сәуле шашып, мемлекеттілігіміздің іргесінің берік екенін паш етеді. Ал, жүрегімізді тебірентіп, бойымызға күш-жігер беретін Әнұран – әр қазақстандықтың мақтанышы. Оны шырқағанда, әрбір азамат өзін ұлы көштің бір бөлшегіндей сезініп, ортақ Отан алдындағы парызын терең ұғынады.
Рәміз – қастерлі ұғым, ортақ жауапкершілік.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңда көрсетілгендей, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Бұл – тек заң талабы емес, бұл – ұлттық намыс пен азаматтық ұстанымның көрінісі.
Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнама талаптарына сәйкес, рәміздердің қадір-қасиетін дәріптеп, оны қоғамдық санада биік тұту – барша қазақстандықтардың міндетті. Рәміздерге деген құрметсіздік – тарихқа, халыққа және мемлекеттілігіміздің іргетасына жасалған құрметсіздікке тең. Сондықтан, жас ұрпақтың бойына осы қасиетті нышандарымызға деген сүйіспеншілікті сіңіру қажет.
Бүгінде Қазақстанның көк байрағы халықаралық ареналарда желбіреп, спорттық жарыстарда жеңіс тұғырында көтерілгенде, әр Қазақстан тұрғыны, шет елдерді жүрген қазақ ұлты өкілдерінің жүрегін мақтаныш кернейтіні сөзсіз. Бұл – мемлекетіміздің абыройы, әлем алдындағы беделі.
Мемлекеттік рәміздер – өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын алтын көпір. Олар бізді бірлікке, ынтымаққа және ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуға шақырады.
Нұрила ЖАНГЕЛДІ,
Қорқыт ата атындағы
Гуманитарлық педогогикалық институтының
1 курс студенті













