Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Рәміздерім – мақтанышым

Рәміздерім – мақтанышым

Әрбір елдің дербестігі мен тәуелсіздігін төрткүл дүниеге танытатын өзіне тән рәміздері болады. Мұны неге қозғап отырмыз? Себебі 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. Осынау мереке қарсаңында әрбір патриоттың рухын, қаһармандығын арман-мақсатын жеткізетін құнды белгілер жайында бірқатар азаматтармен пікір алмасып, мемлекеттік рәміздерге, елге деген сүйіспеншілігін тыңдаған едік.

Эльмира НҰРМАҒАНБЕТОВА,
Қазалы аудандық мәслихат депутаты:
– Өз түтінін өзі түтетуге жол ашқан тәуелсіздікке қол жеткізу тарихында төл рәміздер дүниеге келген сәт – ерекше орын алады. Ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат бар. Ол – мемлекеттік рәміздердің тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы екендігі.
Мемлекеттік рәміздер ретінде ту мен елтаңба – егемендік және тәуелсіздік идеяларының нақты белгілері. Ал Әнұран – осы ізгі ұғымдардың бірден-бір рухани жаршысы. Елдіктің белгісі болып есептелетін құндылықтарды қастерлеп, оларды болашақ буынға еңселі қалыпта жеткізу – жалпы қоғамның, қала берді, елдің әр азаматының қасиетті парызы. Осынау бірегей борышты терең сезініп, ұлттың басты құндылығы – Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету және насихаттау шаралары балабақшада мақсатты түрде жүйелі жолға қойылған.
Ұлтымыздың бет-бейнесі іспеттес болған бұл рәміздер еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін, қазақстандық патриотизмді айғақтайды. Сондықтан, біз жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, оларды ел рәміздерін құрметтеп, байыпты бағалауға тәрбиелеуіміз керек. Азаттығымыздың алдаспанына айналған рәміздерге қазақ халқы қандай қиындықпен қол жеткізгенін қазіргі жастар естерінен ешқашан шығармауы тиіс.
Мемлекеттік рәміздер – біздің еліміздің ұлттық болмысын, бейбіт ел екендігін, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын белгі. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай бергей!

Алтынбек ӘБІЛДА,
ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, опера әншісі, Халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы, «Астана опера» театрының солисі:
– Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, мызғымас негіздерінің бірі. Бұл құнды белгілерсіз ешбір елді елестету мүмкін емес. Себебі оның әрбірі еліміздің өмірінде зор мән-мағынаға ие.
«Ту – қасиет! Ту – әскерлердің ар-намысы!» деп Бауыржан Момышұлы бекер айтпаса керек. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, ерте замандарда әскер басында, кез-келген бастамада ту алдыңғы шепте тұрған. Демек, дәл осы жалау әскерге де жауынгер азаматтарымызға күш пен рух сыйлайтын болған. Біздің қыран құс пен күн бейнеленген көк туымыз ұрпақтан-ұрпаққа халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін дүние іспеттес. Көк байрағымыздың қашанда тұғыры биік болсын, әнұранымыз әлемнің түкпір түкпірінде жаңғыра берсін, елтаңбамыз үнемі айбынымыз бен абыройымыздың белгісі бола берсін деп тілеуіміздің себебі осында.
Мен өз елімнің мемлекеттік рәміздерін құрметтеймін. Себебі өз елінің рәміздерін сыйламау өз елін, халқын, тіпті, өзін-өзі сыйламау деп білемін. Еліміздің елтаңбасы дөңгелек пішінді, ортасында күн сәулесін шашып тұрған шаңырақ бейнеленген. Қазақ халқы ежелден шаңырақты қасиетті санаған. Шаңырақ бейнесі Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық халықтың Отаны дегенді білдіреді. Біздің көп ұлтты мемлекетімізде қаншама ұлт өкілдері тату-тәтті, бірлікте күн кешуде. Рәміздерді ұлықтау, құрмет көрсету тек 4 маусымда ғана емес әркез баршамыздың борышымыз. Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Көк туымыз мәңгі желбіреп, елімізде тек бейбітшілік болсын!


Кулзада БЕГІМБАЕВА,
Жамбыл Жабаев атындағы №234 орта мектептің мұғалімі:
– Мемлекеттік рәміздер – еркіндігіміз бен елдігіміздің, азаттығымыз бен асыл мұратымыздың айғағы. Хас таланттардың қолынан шыққан мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде халқымыздың рухын көтеріп, тәуелсіз елімізді барша әлемге танытты. Сондықтан оған деген құрмет адами өлшемнің бәрінен биік тұруы тиіс.
Еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.
Елін, жерін сүю мен Отанға деген адалдықтың бір белгісі – мемлекеттік рәміздерімізді қадір тұту болып табылады. Жас ұрпақты елжандылық негізде тәрбиелеуде де мемлекеттік нышандардың алар орны ерекше.
Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар – халқымыздың мақтанышы, ең киелі құндылығымыз. Ендеше, бұдан былай біздің ұлттық рәміздерді ешкімнің де қорлауға қақысы жоқ!

Серік АҚМЫРЗА
03 маусым 2023 ж. 568 0

Сақ патшайымы – Зарина

11 қазан 2024 ж. 82

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 143

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 146

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031