Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел бірлігін сақтаған ерен ер

Ел бірлігін сақтаған ерен ер

Қазақ халқының тарихи тұлғалары туралы әңгімелер ұлт-ұлыс халық-хандық болып қалыптасуына байланысты дамып отырған. Сондай-ақ елеулі оқиғалар белгілі адамдардың тарихи қайраткерлердің істері мен сөздері арқылы көрсетіледі. Шешендік өнер – қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан қазынасының бірі.
Шебер тілмен терең оймен айтылатын халық шығармасы негізінде жер, жесір, құн, мал-жан намыс даулары негізінде өрбиді.
Кіші жүздің биі Әйтеке би бірде тыңшы жіберіп, бес-алты жыл бұрын, ұлы жүздің жерінде өлтірілген кіші жүз адамының ізін табады.
Би жіберген тыңшы өзін жолаушымын деп таныстырады.
«Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» деп, сапарында ойнап жүрген балалардың сөзіне ден қояды. Сонда асық ойнап жүрген бірі: «Томпайды түйеден домалаттым, сені де алшыңнан домалатайын» деп асықты атады. Өлтірілген адамның аты Томпай екен. Осылай анықтаған Әйтеке құн даулап ұлы жүзге он шақты адамдарын ертіп келеді. Төле би Әйтеке бидің келісін тегін емес екенін біліп, үй тігіп қарсы алады.
– Ассалаумағалейкум, биеке! – жол болсын – дейді.
– Айтқаныңыз келсін! «Тірімен танысқалы келдік, өліге болысқалы келдік», – дейді. Әйтеке би.
– Бұйрығыңызға құлдық. Қылышыңыз болса, мойнымызда, құшағыңыз болса, қойнымызға», – деп Төле би орнынан тұрады.
– Биеке мойын бұрмас па екенсіз ,– дейді. Әйтеке пысықтап.
– Жарлық сізден болса, жабдық бізде, – деп Төле сыртқа шығып кетеді. Әйтеке еріп келген жолдастарына қарап, сіздер не ұқтыңыздар? – дейді. – «Ердің құны екі ауыз сөзбен бітеді» деген осы. Төле би отаулап қыз беретін болды, – дейді.
– Оны қайдан білдіңіз? – дейді жолдастары.
– «Қылышыңыз болса – мойнымызға» дегені айыбымызды мойындаймыз, «құшағыңыз – қойнымызға» дегені кісінің құнына отаулап қыз беремін деген еді ғой. Мен тұспалдап «айнып қалмайсыз ба?» деп едім, «сіз келіссеңіз, біз қамына кірістік» деді шығып бара жатып. Одан артық не керек? – депті.
Әйтеке айтқандай-ақ ұлы жүзге белгілі Назар деген кісінің Ақшолпан деген қызын Әйтеке би өзі алып, одан Өтебас би дүниеге келген. Өтебас – Әйтеке бидің үлкен баласы. Қазақ халқының қамын, оның келешекте іргелі ел болуын ойлаған. Жас кезінен әкесімен еріп, би-бектермен бірге жүріп, олардың әңгімелері мен ақылдарын тыңдап өсіп, шешендік тапқырлық өнерді жете меңгереді. Жер дауы мал-жан, дауында тапқырлық көрсетеді.
Шөмекей елі мен Алты кішкененің Қызылқұмда жайлауда отырғанда екі жақтан мыңдаған жылқы қосылып кетеді. Екі жақ қанша бөлсе де, бір екі жылқы артық қала береді. Даулы мәселеге орай Төртқара Өтебасқа жүгінуге кеңес береді.
Өтебас билікке бітім айтарда, шөмекейдің және кішкененің бір ықпалды адамын алып: «Мен қазір сендермен бірге мына жылқыны қара қылдай қақ жарып өтемін», – деп атымен шауып келіп жиылып тұрған жылқыны екіге бөліп шауып келе жатып оң жағындағы Шөмекейге көзін қысады. Жылқының орта беліне жеткенде сол жағында шауып келе жатқан кішкененің адамына қайырылып, көзін қысқан екен. Көзді ашып жұмғанша екі жақ та бөлген жылқыларын айдап өз ауылдарына қарай риза болып кетіпті. «Бұл Өтебас бидің тапқырлығы», – деп ХІХ ғасырда өмір сүрген шежіреші Кәнісбек Өтепберген айтқан.
Кәнісбек Өтепберген – 1850 жылы туып, 1938 жылы «халық жауы» болып ұсталып кеткен қазақтың түп-тамырын түгелдеген адам. Оның жазған шежіресін кейін жоғалтып алдық деп Разақберген Кәнісбек ағамыз өкініп отыратын. Разақберген ағамыздың айтуынша, шедіреде Басықара, Байқазақ батыр және Жанқожа батыр, Өтебас билердің түр түсін суреттеп жазған. Басықара батыр кең иықты, орташа денелі, көзі өткір атжақты, ал Байқазақтың бойы аласа, бірақ кең иықты, басы өте үлкен төңкерілген шәугімдей десе, Өтебасты дөңгелек бетті, қасы қалың, толықтау, орташа бойлы, нұрлы әдемі, шоқша сақалды деп суреттейді.
Қазақ көші Нұратадан Сыр бойына 1736 жылы ат басын бұрады. Ал төртқараның көшін Өтебас баласы Жаныс басқарады. Жалпы көшті Ашабай батыр басқарыпты. Әлімұлының төртқара руының 11000 отбасы Қарақұмның арғы жағындағы «Тоғашқопа» маңындағы Құлақшы, Бартық, Байрақты, Талдықты көлдердің іргесінедегі жерлерді Майлыбас, Көнту жерлерін, Қуаңдария бойымен сырлытау зираты жағасында тұрғызылған Нұртай қамалының маңы, және қазіргі Өтебас көлінің айналасына қоныс тепкен.
Жер су аттарын қазақ тегін қоймайды. «Өтебас көлі көл туралы айтсақ, пайда болғанына 200 жылдан асып кеткен», – дейді Ақмырза қожа.
Ресей архивтерінде Өтебас есімі 1748 жылы Әбілхайырхан өлгеннен кейін айтыла бастайды. Хан өлімін анықтауға барған аудармашы Я.Гуляеев қазан айының басында төртқара руынан Әйтеке би балалары Өтебас, Жалтыр мен Қонысбай батыр болғанын айтып, Орынборға Смайыл молда, Әбдіразақ жазбаша хабарлайды.
1750 жылы 18 қаңтарда Нұралы хан И.Неплюевке жолдаған хатында төртқара руының сейітқұл аталығының елдегі сауда-саттыққа өзіндік орыны бар екенін ашық айтып, кей жағдайларда оларға өз билігінің жетпейтіндігін мойындайды. 1762 жылы Өтебас би Нұралы ханмен құдандаласып, қызын Пірәлі сұлтанға береді. Ол туралы Нұралы хан Орынбор губернаторы А.Давыдовқа хабарлап, губернатормен кездесу үшін Өтебас бидің немере інісі Қаракөбек пен баласы Жанысты жібереді. Бұл арада кіші жүздің ханы қазақ-орыс арасындағы сауда-саттық мәселесін шешуді көздейді. Ал 1785 жылы Өтебас Ералы сұлтанмен бірге қазақ жайылымдарына тыныштық бермеген қарақалпақтармен соғысқа қатысып, оларды бағындырғаны жайлы айтылады. Қарақұмдағы Ақтамшық бейіті, Аманөткелдегі Қарамойын, Қызылқұмдағы Моншақ деп аталатын жерлер бар.
1776 жылы 26 маусымдағы Нұралы хан Орынбор губернаторы Н.Рейнсдропқа жолдаған хатында Өтебас, Қаракөбек билер ханмен бірге ел ішіндегі орыс тұтқындарын босатумен өз малдарын Бұқара, Хиуа басқа да Азия елдеріне саудаға шығару туралы келісімге келгенгені туралы айтқан. 1748 жылы Әбілхайырханды Барақ сұлтан өлтіргеннен кейін таққа Нұралы хан отырды. Ол қырық жылға таяу билік құрғанымен, елдегі бірлігін сақтай алмады. Сондықтан 1785 жылы 21 шілдеде кіші жүздің елу биі ІІ Екатерина патшайымға Нұралыны тақтан түсіру жөніндегі хат жазған. Сол хат дайындалғандар қатарында Өтебас, Басықара, Көбек билер болады. Нәтижесінде билік Нұралы ханды Орынборға елдегі күрделі мәселелерді шешу жайлы сылтауменен шақырып алып, Уфаға жер аударады. Бұдан кейін халық ел билеудің дәстүрлі дала демократиясына бет бұрамыз деген билер ру басылар ақсақалдардың қатысуыменен 1786 жылдың 21 қыркүйегінде Ақтөбенің түбіндегі Жіңішке өзенінің бойында халық кеңесін өткізеді. Ондағы құжаттар таңбаланып, қағазға түскен. Бұрынғы хан кеңесі орнына енді елді бес жыл бойы Сырым батыр Қаракөбек бастаған халық кеңесі биледі. Бұл жерде айта кететін бір жәй ІІ Екатерина губернатор О.Игельстром хандықтың жойылуын құп көреді. Сырым батырды қолдап, Қаракөбек екеуіне Тарқан атағын береді. Бұл жерде орыстардың саясатын қолдаушылар қатарына қосуды көздеді. Арада бір жыл өткен соң кіші жүз батырлары мен билеріне түріктерден арнайы хат келді. Сол кезде 72 жастағы Матығұл Нұрбай бидің үйінде хатты 50-ден астам би шақырылып оқиды.
Хат мазмұнында «Аса қадірлі, мұсылман бауырлар!» деп бастап, Сырым, Сартай, Садырбек, Барақ, Жанботалардың атын атап, батырлар мен билерге дінсіздерге (орыстарға) қарсы ғазауат майданын өздеріне мұсылман, түбі бір түркі бауырларлары ретінде қолдау көрсетуін сұрайды.
Кіші жүз билері мен батырларынан көмек сұрауы заңды. Алайда кіші жүз билері оған қалай жауап бергендігі туралы ешқандай құжаттар жоқ. Бұд хат оқылған кезде Бәйбекұлы Өтебас есімі айтылмайды. Бұл 1786 жылы бақилық болғанына тағы бір айғағындай.
Ол туралы Қарасақал Ерімбет былай деп жырлаған:
Әлемге аты жайылып
Әйтеке бидің перзенті
Жүз он жасты жасаған
Шамшырақтай жайнаған
Өлгенше билік қалмаған
Өтебас өтті дүниядан
Ақтың жолын ұстаған
Ол да өтті-ау дүниядан
Артықпын ба солардан.
Басықара би, батыр, баба туралы авторлық кітабымда Әйтеке бидің бел баласы Өтебас бидің 110 жасқа келіп қайтыс болғанына жыл толуына байланысты Сырдарияның сол жағасындағы «Қарақойсойған» деген жерде үлкен ас берілгені айтылады. Қазақ даласында кемеңгер тұлғалар, би шешендер туралы поляк журналисті А.Янушкеевич: «Осы бір дала Демосфендерінің кейбіреулерімен сөздерінің мазмұндылығы мен және жігерлілігімен баурап алады, олар ежелгі Грекияда немесе Римде өмір сүрсе, белгілі қазақ билері мен старшындарының өздері-ақ лаврдан белдері бүгілген болар еді» деп осындай құнды теңеу жазып қалдырған.
«Бидің сөзі ақылдың қайнар көзі» деген асыл сөз Әйтеке би Өтебастың ұрпақтарына антындай аманаттай болады. Биыл Өтебас бидің туғанына 350 жыл толып отыр. Оның есімін халық жадында жаңғырту жұмыстары жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қадірбек БЕКЕТОВ,
Ардагер ұстаз
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
19 мамыр 2026 ж. 37 0

Жаяуға да жол керек

19 мамыр 2026 ж. 44

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031