Қосылған құн салығы төлеушісі ретінде тіркеу бойынша түсіндірме
2025 жылғы 18 шілдеде жаңа Салық кодексі қабылданып, қосылған құн салығы (ҚҚС) төлеушілерді тіркеуге қою тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Жаңа тәртіп 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.Негізгі өзгеріс – шекті айналым мөлшерінің 10 000 АЕК-ке дейін төмендетілуі.
Бұрынғыдай, ҚҚС бойынша тіркеуге ерікті түрде тұрғысы келетін салық төлеушілер шекті айналымға жетпей-ақ тіркеле алады. Алайда ҚҚС бойынша тіркеуден босатылған тұлғалар ерікті түрде тіркеле алмайды.
Күнтізбелік жыл ішінде айналымы белгіленген шекті мөлшерден асатын салық төлеушілер міндетті түрде ҚҚС бойынша тіркеуге тұруға тиісті.
2026 жылдан бастап бұл шек – 10 000 АЕК немесе 43 250 000 теңге (2026 жылғы АЕК – 4325 теңге).
Бұл талап тек жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимін қолданатын салық төлеушілерге қатысты.
ҚҚС бойынша тіркеуден кімдер босатылады:
•мемлекеттік мекемелер;
•филиалдар;
•жеке практикамен айналысатын тұлғалар (адвокаттар, жеке сот орындаушылары, нотариустар, кәсіби медиаторлар);
•Арнаулы салық режимдерін қолданатын барлық салық төлеушілер;
•жеке кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғалар.
Сондай-ақ, айналымы 10 000 АЕК-тен (43 250 000 теңге) аспайтын тұлғалар да ҚҚС бойынша тіркеуден босатылады.
Айта кету керек, жаңа нормаларға сәйкес салық төлеушілер арнаулы салық режимін қолдану үшін белгіленген жылдық айналым шегінде (600 000 АЕК немесе 2,6 млрд теңге) ҚҚС-қа тіркелмей жұмыс істей алады.
Салық төлеуші шекті айналымнан асқан жағдайда, бірақ 5 жұмыс күнінен кешіктірмей тіркеуге өтініш беруі тиіс.
Егер бір мәміле сомасы шекті мөлшерден асып кетсе, онда тіркеуге өтініш сол мәміле жасалғанға дейін берілуі керек. Мысалы, егер салық төлеуші 50 млн теңгеге келісімшарт жасаса, онда ол тауарды жеткізбей немесе қызмет көрсетпей тұрып ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуі тиіс.
ҚҚС бойынша тіркеу жыл ішінде шекті мөлшерге жеткен сәттен бастап жүргізіледі.
Тіркелмей тұрып жасалған және шектен асқан айналым әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін салық салынатын айналым болып есептеледі (Салық кодексінің 101-бабы 6-тармағы).
ҚҚС төлеуші мына жағдайларда тіркеуден шығарылады:
1.жалпы режимнен Арнаулы салық режиміне өткен кезде;
2.қызметі тоқтатылғанда немесе заңды тұлға таратылғанда.
2026 жылдан бастап айналым жеткіліксіз болған жағдайда ҚҚС-тен ерікті түрде шығу қарастырылмаған.
Сондай-ақ, бұрынғыдай мәжбүрлеп тіркеуден шығару шарасы қолданылмайды. Оның орнына белгілі бір бұзушылықтар үшін электрондық шот-фактура (ЭСФ) жазу тоқтатылады (Салық кодексінің 88-бабы).
ҚҚС бойынша міндетті тіркеу талаптарын бұзған салық төлеушілерге қатысты мониторинг жүргізіледі.
Бұзушылық анықталған жағдайда салық төлеушіге хабарлама жіберіледі.
Хабарламаны орындау мерзімі – 30 жұмыс күні (Салық кодексінің 82-бабы 2-тармағы).
Егер хабарлама орындалмаса, салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылады. Бұл шектеу бұзушылық жойылғаннан кейін алынады.
Хабарламаны орындау үшін:
•келіссе – ҚҚС бойынша тіркеледі;
•келіспесе – түсіндірме және растайтын құжаттар ұсынады.
Егер түсіндірме жеткіліксіз болса, 20 жұмыс күні ішінде хабарлама орындалмаған деп танылады.
Одан кейін салықтық тексеру жүргізіліп, бұзушылық расталса, тіркеуге қою және әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылады.
Арнаулы салық режимін қолданатындар ҚҚС төлеуші бола алмайды.
Егер олар 2026 жылғы 31 наурызға дейін осы режимге өткен болса, ҚҚС-тен шығу күні – 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.
Бұл ретте олар 300.00 нысаны бойынша тарату декларациясын тапсыруы тиіс.
Е. ҚАНАТОВ,
Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы










