Дау мен жауға тосқауыл болған
Қазақ қай заманда да сөзге тоқтаған, сөз құдіретін ұққан. Ел ішінде от ауызды, орақ тілді би-шешендер мен данагөй ақсақалдардың араласуымен дау да, жау да тоқтап, бітімгершілікке келіп отырған. Ондай сәтте алауыздыққа ұшыраған қос тарап билердің қара қылды қақ жарып айтқан төрелігін аяқасты етпей, ымыраға келіп, бейбіт тірлігін жалғастырған. Елдің бірлігін сақтауда маңызды рөл атқарған. Даналардың бірі – үш жүздің пірі Мүсірәлі қожа: «Менің пірлік жолымды, қосынымды жегуші, жалғастырушы ізбасарым, Қосымым» деп өсиет еткен Қосым қожа Мүсірәліұлы.
1710-1780 жылдар аралығында өмір сүрген Қосым қожа Тәуке ханның «Жеті жарғысын» жасауда орасан зор үлесін қосқан Мүсірәлі сопы Әзиз бабаның пірлік жолын жалғаған ұлы болған. Қосым қожа өз дәуірінде Әйтеке бидің баласы Өтебаспен, жақайым Сартай Байжанұлы батырлармен бірге жүріп, ақылшы ағасы, батагөй пірі болған. Олар тірі кезінде де сыйлас болып, ақыреттік әлемде бірге қатар жатқан әулиелер. Қосым бабаның киелілігі әлі күнге дейін ұмыт қалмаған. Кіші жүздік ағайындардың «Қожаны айтсаң, Қосымды айт, әруаққа шайтан қосылмайды» деп жырға қосып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып өсиет болып келе жатқаны айқын дәлелі болса керек.
Қосым қожа бабамыз пір болумен қатар ел үшін болған дипломатиялық қарым-қатынаста орыс, өзбек пен түрікмен және башқұрт сынды ұлыстарымен келіссөздер, ара-ағайындық мәселелерде, елі үшін болған маңызды құжаттарда елі-жері, тілі-діні үшін көптеген маңызды құжаттарға ешкімнен тайсақтамай, әділдік шешімін айтып, қолын қойып, мөрін басып отырған.
Өмірден өткен соң, бабаның тәні Қазалы ауданы орталығы, Әйтеке би кентінен 70 шақырымдай қашықтықта Қуаңдарияға жақын жерге тапсырылған. Оның маңында Дәулет бақсы мен Сартай батыр сынды тұлғалардың да бейіті орналасқан. Бұл жайында ел аузындағы мынадай бір аңыз баяндалады.
Бірде Қосым қожа, төртқара Дəулет бақсы, жақайым Сартай батыр үшеуі Қызылдың құмында келе жатып, алдарынан шыға келген қоянды көреді. Қоян да бұлардан үрікпей, арқан бойы жерде көрініп тұрған сексеуілдің түбіне жата кетеді. Сонда ат тізгінін тежеген Қосым қожа:
– Мен өлгеннен кейінгі бейітім анау қоян жатқан жер, сен Сартай оң жағыма, Дəулет сол жағыма жайғасарсыңдар, – деген екен.
Халық шығарған әпсана дегенмен де, барлық мұсылман арасында халық ішіндегі беделді адамдардың қаншалықты алыс болса да, өзі қол берген, пір тұтқан әулиенің басына келіп жатуы қабылданған заңдылық сияқты. Себебі, әулие Алланың сүйген құлы. «Оның жатқан жерінде Алланың нұры болады. Нұр бар жерде береке болады» деген түсінікпен әулиенің маңына барып жатқызған-ды.
Серік АҚМЫРЗА