Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаяуға да жол керек

Жаяуға да жол керек

Әйтеке би кентінде тұрғындардың қауіпсіздігімен қолайлы өмір сүруіне бағытталған инфрақұрылымдық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның ішінде көптен бері тұрғындар күткен маңызды жобалардың бірі – Бөріқұлақов көшесіне жаяу жүргіншілер жолының салынуы бүгінде нақты жүзеге асып жатыр.
Соңғы жылдары ауданымызда халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар қарқын алып келеді. Көшелерді абаттандыру, жолдарды жөндеу, жарықтандыру жүйелерін жаңарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстардың барлығы аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған.
Кент аумағында тротуар салуды қажет ететін көшелер аз емес. Дегенмен, аудан орталығындағы негізгі әрі халық көп жүретін көшелердің бірі саналатын Бөріқұлақов көшесінің тұрғындары бұл мәселені ұзақ уақыттан бері көтеріп келген болатын. Енді, міне, тұрғындардың көп жылғы тілегі орындалып, көше бойында жаяу жүргіншілер жолының құрылысы басталды.
Бөріқұлақов көшесі – кенттің маңызды көшелерінің бірі. Аталған көше кент ішіндегі қозғалысы ең қарқынды аумақтардың бірі саналады. Көше бойында тұрғын үйлермен қатар түрлі әлеуметтік нысандар орналасқан. Күнделікті тіршілікпен жүретін тұрғындар үшін бұл көшенің маңызы ерекше. Әсіресе мектеп оқушылары мен қарт кісілер үшін жаяу жүргіншілер жолының болмауы ұзақ уақыт бойы күрделі мәселе болып келген еді. Әсіресе көлік қозғалысы қарқынды уақытта жаяу жүру қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналған.
Көше тұрғындары да атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіруде. Көше тұрғыны Лиза Өтегенованың айтуынша, жаяу жүргіншілер жолының салынуы тұрғындар үшін үлкен қуаныш.
– Көшемізге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынып жатқаны тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Бұл – балалардың мектепке, үлкендердің күнделікті жүріп-тұруына қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасайды. Осындай игі бастамалар ауданымыздың көркеюіне және халықтың өмір сапасының артуына үлкен үлес қосады, – дейді ол.
Ал тағы бір тұрғын Меңсұлу Ізбасханова да көптен күткен мәселенің шешімін тапқанына қуанышты екенін жеткізді.
– Бізге тротуардың жоқтығы көп қиындық туғызған еді. Ұзақ жылдар бойы осы мәселе тұрғындарды алаңдатып келді. Қазір шынайы қуанып отырмыз. Осындай жұмыстарға себепші болған азаматтарға алғысымды айтамын, – дейді тұрғын.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаға сәйкес, Бөріқұлақов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды. Сонымен қатар 5 квартал аумағындағы Жетес би көшесіне де ұзындығы 1,6 шақырым болатын тротуар салынуда. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әсіресе балалардың мектепке қауіпсіз қатынауына үлкен мүмкіндік береді.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі автомобиль жолдарына жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу және жаяу жүргіншілер жолының құрылыс жұмыстарын арнайы аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуын назарға алды.
Биыл аудан орталығындағы тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында бірқатар көшелердің асфальт жабындысына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, Р.Сабырбаев, С.Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж.Аймауытов, М.Шоқай және С.Сүлейменов көшелеріндегі автомобиль жолдарының тозған бөліктері жаңартылып, асфальт қабаты ретке келтіріледі.
Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан дайындық және құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Құрылыс барысында сапа талаптарына ерекше көңіл бөлінуде. Мамандардың айтуынша, жобаға сай барлық құрылыс материалдары арнайы талаптарға сәйкес қолданылуда. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін тротуар бойына арнайы өткелдер мен жол жиектері ретке келтірілуде. Аудан басшысы жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасына ерекше мән беруді, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыруды тапсырды.
Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Аудан әкімі Желтоқсан және В.Счастнов көшелерінің бойындағы көпқабатты үйлер аулаларына автотұрақ пен жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарының да сапасын бақылап, тиісті сала басшылары мен мердігерлерге нақты тапсырмалар берді.
Көптен күткен тротуар құрылысы – Бөріқұлақов көшесінің тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Бұл – тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асып, ел мүддесіне бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі.

Мирамкүл ШАМШАЕВА
19 мамыр 2026 ж. 39 0

Жаяуға да жол керек

19 мамыр 2026 ж. 40

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031