Көлеңкеде қалған кемел тұлға
Талайлардың тағдыры тәлкекке түсіп, өмірі өксіп өткен қиын-қыстау заманда барша қазаққа пана болған, көш бастап пана болған, қара қылды қақ жарған айыр тілді Әйтеке би Бәйбекұлы туралы бірталай материалдар бұқаралық ақпарат бетіне жарияланып келеді, әлі де жариялана бермек. Олай дейтін себебім, Әйтеке және оның ұрпақтарының ұлтымызға сіңірген еңбегі мен қызметі туралы мағлұматтар толығымен зерттеліп, деректер белгілі болып бір жүйеге түскен жоқ.Орта Азия мен Қазақстандағы тарихи оқиғалардың ортасында, ел тағдыры мен дамуында өз орнын ойып алған кемеңгер тұлғаның ізі мен ісін ізбасарлары өзінің тиісті бағасын алдыма?!
«Ат аунаған жерде түк қалады» демекші, біртуар Бидің өзінен өте тумаса да, жете туған ұрпақтары болуы заңдылық. Сондықтан Әйтеке би бабамыздың ұлы Өтебас би туралы қысқаша әңгіме қозғамастан бұрын азды-көпті шығу тегіне тоқталсам...
Әлімнен тарайтын Қарамашақтың Оразкелді, Ораз, Жаншұқыр (Жаншүкір болуы мүмкін), Қараш атты төрт баласының кішісінен Ақпан, Тоқпан туады. Тоқпанның үш тағаны, үш бұтақ – Тоғамыс, Шобан, Сейітқұлдардың қазақ тарихындағы орны өте үлкен, себебі, атақты батыр-билер, атақты ғұлама-ғалымдар, байлар, әулиелер мен қоғам қайраткерлері көптеп шығып, елдің дамуына өз қолтаңбасын қалдырған.
Сегіз жүйе Сейітқұл бидің ұлы Ақша ханның он баласының бірі Бәйбектен – Кешубай, Қашқын, Әйтеке атты ұлдары болғандығы, оның ішіндегі абаданы-Әйтеке екендігі баршаға аян.
Тақырыпты толғамас бұрын атақты жазушы Мұқадес Есламғалидың «Әйтеке би» атты тарихи-философиялық дилогиясындағы тарихи тұлғалармен «сырласа» отырып, бидің балалары мен әйелдері туралы қысқаша шолудан соң, Өтебас биге қарай бет түзеген болдым. Бабадан берілген бектік, би болмысты жанды барынша ашу үшін оның заманындағы жан-жағындағы туыстарын көрсету керек болар деп долбарлап отырған жайым бар.
Ердің бақытын алған жары ашып би болып, би түсетін үй болып, бақытының өрлеуіне, балаларының ата жолын бұлжытпай ұстауына ықпал етіп, өз үлесін қосқан Әйтеке бабамыздың жарлары – замана сахнасынан ресми көрінбесе де қомақты қолтаңбасы бары анық.
Әйтекенің әкесімен бірге туған Желкілдек атты ағасы Ұзақ атты ұлды болғаннан кейін, науқастанып жастай қайтыс болып , би қайнысын «Сәлік» деп атайтын сұлу әрі ақылды Рухия атты жеңгесі жесір қалады. Күйеуінің жылы өткесін, үлкендер жағы жиналып келіп Рухияға:
«Қарағым, Желкілдек ерекше жаралған бала еді, жазмыш солай болып ортамыздан ерте кетті, сені қинамаймыз, қырыққа жуық қайынағаң, отыздан аса қайының бар, ырық өзіңде», – депті. Сонда Рухия:
«Құдайдың жазғаны болса, мен көндім. Желкілдек қиналып жатып: «Олай-бұлай болсам, Сәлік қайыныңның етегінен ұстағайсың, ол сені ренжітпейді деп еді. Құдай қосқан жарымның қалауынан аттамаймын», – депті.
Үлкендер жағы, той қамына кіріспекші болғанда Рухия:
«Мен Әйтекенің тұнығын лайламайын. Әуелі құдаласып, құсы түскен адамын үйге кіргізсін. Есік көрген емес, алдымен бесік көрген енсін үйге», – деген екен.
Солай болыпты да, алдымен Әйтеке Қалпенің қызы Мейізді келін етіп түсіріп, алты айдан соң Рухия би бабаның табалдырығын аттаған.
Мейізден туған Өтебас пен Рухиядан туған Қосыбайдың арасы үш-ақ ай болған. Ал келіншектер болса екі баланы да алаламай, киіктің лағы тәріздес қолы босы емізе беретін, апалы-сіңілідей тату еді. Одан соң Әйтеке Рухиядан Жалтыр атты ұлды болды.
Жоғарыда Ақша ханның он ұлы болғанына тоқталғанмын. Олардың әрқайсысы бір-бір рулы елге айналғанмен Әйтекенің жанына топтаса біліп, ауыздары бір болды. Сол тоғыз ағайындының атынан Жаңбыршы батыр мен Ақселеу би келіп, Әлі деген төреден осы елдің ар-намысы саналған Шыршагүл атты қыздың құнын өндірген даудан соң, ел бірлігін сақтау мақсатында Шыршагүлдің сүйектес сіңілісі Сәнім атты ақылы көркіне сай сұлуға үйленуді ұсынады. Рухия мен Мейіз бұндай мәселеге бай-жай қарамай, түсіністік танытып, қатарына Сәнімді қосып, үшеуінің татулығы бұрынғыдан да беки түсіп, ел-жұрт таңданатындай әдептілік көрсетіпті. Сол Сәнімнен Таған атты ұл, Ақсиса атты қыз көрген екен.
Қазіргі кейбір (өз ойымен шамалаушылар) Өтебасты білмеген жұрт «Атақты әкенің даңқы балаға қырық жыл азық болыпты» деп те ойлайды. Ал ел ішінде Өтебас туралы Балқы Базар Оңдасұлы (1842-1911жж):
«Не жан жоқ жер мен көктің арасында,
Һауа-Ана, Адам-Сафи баласында,
Болған жоқ Өтебастан ешкім артық,
Көлденең көк дария саласында» – деп суреттесе, Қарасақал Ерімбет «Айтамын сөздің төтесін...» жырында:
«Өтебас биден кім өтті,
Шамшырағы жайнаған», – деп сипаттаған.
Ел бірлігін сақтаған Өтебас би Әйтеке ұлының өмірі мен қызметі туралы Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры т.ғ.д, профессор Ә.Қ.Мұхтар зерттеп, біраз мәліметтерді әлемжелі бетінде, баспасөзде жариялады, сондықтан оны қайталап жатпан. Тек қынжырарлық жай, дүрбелең шақта өмір сүрген арысымыз Өтебастың қоғамдық-саяси қызметі зерттелмеді десе де болады. Ұрпақтарының ауызекі әңгімесі, Әйтеке би туралы жарияланымдар да, жырлар да аты жылт еткені болмаса, Өтебастың аты Ұлылар мен ірілердің «көлеңкесінен» көрінбей қалып та жүр.
Белгілі ғалым, зерттеуші Ақселеу Сейдімбеков «Ералы ұлы Мәтен» атты мақаласында Әйтекенің алғашқы әйелі Ұлы жүздегі қадыры асқан Назар деген кісінің қызы Ақшолпаннан Өтебас туған дейді. Ресей архивтерінде Әйтеке бидің ұлдары туралы деректер болғанмен әлі жүйелене қоймаған тәрізді.
Ә.Қ.Мұхтардың зерттеуіне қоса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі ф.ғ.к. Берік Жүсіпов өзінің зерттеулерінің бірі «Алшынның ағакесі» атты бір деректің баянында «деректерді дедек қақтырып» Өтебас, Қонысбай, Жалтыр, Тоған есімдерін тарихи құжаттарда көп ұшырасатынын, олардың мемлекет ісіне араласқан ұлдары деп көрсетеді.
Тарихшы Берекет Кәрібаев, жазушылар Ә.Кекілбайұлы, М.Есламғалиұлы да бұл деректерді жоққа шығармайды.
(Жақын күндері ауданнан шыққан талантты да талапты тарихшы Рамазан Әбілдоспен тілдесудің сәті түсті. Әңгіме барысында оның Ташкент қаласындығы ұлттық архивте болғанын білдім. Рамазанның айтуы бойынша Түркістан генерал-губернаторлығының іс-қағаздарында Өтебас би туралы біраз мағлұматтар бар екендігін, жүйелеп болғасын хабарласатын болып уағдаластық.
Осы деректерге сүйенсек Өтебастың аты би ретінде 1748 жылы Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан айтыла бастайды.
1762 жылы Өтебас би Нұралы ханның інісі Пірәліге қызын беріп құдандалы болып, осы туыстық арқылы Кіші жүздің орыспен сауда-саттық қатынас мәселесін шешуді көздейді. XVIII ғасырдың II жартысында зор беделге ие болған Өтебас би орыс тұтқындарын босату, хан сайлауы, жер аударылған Нұралы хан мен Айшуақ сұлтанды елге алдыру, Хиуа, Бұқара, басқа да Азия елдерімен байланыс орнату сияқты аса маңызды мәселелерге белсене араласады.
1755 жылы халық кеңесін ұйымдастырып, Кіші жүздің 25 руының басшыларының 21-і қол қойған II Екатерина патшайымға жазған хатқа Өтебас би де қол қойған.
Өтебас Әйтекеұлының ұлдары Ботбай, Шымыр, Сиқым, Манас, Жаныс та әке жолымен жүріп, ата аманатына адал болып, бабалар мұратына берілген елжанды болса, осы жолды немерелері де жалғаған. Әрине оның барлығын бір мақалаға сыйдыру мүмкін болмас және де осы тақырыпқа қалам тартып ден қойып жүргендер болса өз үлестерін қосар.
Елге, халыққа жасаған іс-әрекет ешқашан ескерусіз қалмайды. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша жер-су аттары бекерден-бекер адам атымен аталмайды. Қазалы ауданындағы ең үлкен көлдердің бірі бұрынғы Құрақтыкөл қазір Өтебас аталып кеткен. Сол сияқты Сыр мен Қуаң арасындағы шұрайлы жерлер, төбелер, елді мекендердің Ботбай, Қазанғап, Көбек, Басықара т.б аталуы бекерден-бекер емес, яғни есіл ерлер мен абзал азаматтар халық жадында, ел есінде сақтала береді.
Ғасырдан астам жасаған, ғұмырын халқына арнаған өнеге мен өсиеттің кені болған Әйтеке би Өтебасұлына қандай құрмет жасаса да көптік етпейді. Жалғасы бар…
Болат ЖОЛТАЕВ,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР мәдениет саласының үздігі,
өлкетанушысы














