Ел бірлігін сақтаған Өтебас би
Қазақ халқының тарихи тұлғалары туралы әңгімелер ел өміріндегі ұлы оқиғалардың елес сілемі. Олар қазақтың ұлт-ұлыс, халық-хандық болып қалыптасуына байланысты дамып отырған. Сондай-ақ елеулі оқиғалар белгілі адамдардың тарихи қайраткерлердің істері мен сөздері арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан қазынасының бірі – шешендік сөздер.
Шешендік сөз дегеніміз шебер тілмен терең оймен айтылатын халық шығармасы. Ол негізінде жер, жесір, құн, мал-жан намыс даулары негізінде өрбиді. Осы даулар арқылы тапқырлыққа, ділмарлыққа дағдыландыратын көркем сөз үлгісі ғана емес, халықтың көне тарихымен бірге ұштасқан тәрбиелік мәні зор жолдың туын ұстап, әлеуметтік мәселелерді шешкен би-шешендер қазақ топырағында көптеп түлеген. Шешендік сөздің көрнекті өкілдері Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би би. Иә, билер Күлтөбенің басында үш жүздің біріктіріп, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалған үш мемлекет қайраткерлері еді. Кіші жүздің биі, ешкімнің даңқына табынбаған Әйтеке би Ұлы жүздің жерінде өлтірілген кіші жүздің адамының ізін табады. Сол уақытта тыңшы жіберіп жасалған қылмысты ашады екен. Кіші жүзден барған тыңшы осы жерден өтіп бара жатқан жолаушымын деп таныстырады.
«Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» – дегендей, ойнап жүрген балалардың сөзін тыңдайды. Сонда асық ойнап жүрген балалардың біреуі: «Томпайды түйеден домалаттым, сені де алшыңнан домалатайын» деп асықты атқан. Өлтірілген адамның аты Томпай екен. Осылай анықтаған Әйтеке құн даулап ұлы жүзге он шақты адамдарын ертіп келеді. Төле би Әйтеке бидің келісін тегін емес екенін біліп арнайы қарсы алады.
– Ассалаумағалейкум, биеке!
– Жол болсын! – дейді.
– Айтқаныңыз келсін, биеке, жол болмақ сізден болсын. «Тірімен танысқалы келдік, өліге болысқалы келдік», – дейді Әйтеке би.
– Бұйрығыңызға құлдық. «Қылышыңыз болса мойнымызда, құшағыңыз болса қойнымызға» деп Төле би орнынан тұрады. Биеке мойын бұрмас па екенсіз – дейді. Әйтеке пысықтап: «Жарлық сізден болса, жабдық бізден» деп Төле сыртқа шығып кетеді. Әйтеке еріп келген жолдастарына қарап, сіздер не ұқтыңыздар?
– «Ердің құны екі ауыз сөзбен бітеді» деген осы. Төле би отаулап қыз беретін болды дейді. Оны қайдан білдіңіз, – деген жолдастарына:
– Қылышыңыз болса мойнымызға дегені «айыбымызды мойындаймыз, құшағыңыз қойнымызға дегені кісінің құнына отаулап қыз беремін деген еді ғой» мен тұспалдап айнып қалмайсыз ба? деп едім, сіз келіссеңіз біз қамына кірістік, – деп шығып бара жатып одан артық не керек, – депті.
Ұлы жүзге белгілі Назар деген кісінің Ақшолпан деген қызын Әйтеке би өзі алып, одан Өтебас би дүниеге келген. Өтебас Әйтеке бидің үлкен баласы, ол жас кезінен бастап қазақ халқының қамын, оның келешекте іргелі ел болу жағдайын ойлаған. Сондықтан жас кезінен әкесімен билер, бектермен бірге жүріп олардың әңгімелері мен ақылдарын тыңдап өсті. Есіткен шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгерді. Жер дауы, мал-жан, дауында тапқырлық көрсетеді. Осындай дау кезінде Шөмекей елі мен Алты кішкененің Қызылқұмда жайлауда отырғанда екі жақтан мыңдаған жылқы қосылып кетеді. Екі жақ қанша бөлсе де бір екі жылқы артық қала береді. Осы екі рулы ел енді кімге жүгінеміз деп тұрғанда Өтебасқа жүгінуге екі жақта келісім береді. Өтебас билік айтуға Шөмекейдің және кішкенеден бір ықпалды адамын алып, олардың біреуін оң жағына екіншісін сол жағына алып: «Мен қазір сендермен бірге мына жылқыны қара қылдай қақ жарып өтем» деп атымен шауып келіп ұйлығып тұрған жылқыны екіге бөліп шауып келе жатып, оң жағындағы шөмекей жігітке көзін қысып, жылқының орта белінен өткенде сол жағында кішкененің адамына қайырылып көзін қысқан екен. Көзді ашып-жұмғанша екі жақта бөлген жылқыларын өз ауылдарына қарай айдап кеткен.
Сонда жылқыларды айдап келе жатқан Шөмекейдің биі «жаңа жылқыны Өтебас би бөліп келе жатқанда маған көзін қысты бізге көбірек бөлігі тиді» деген. Кішкененің биі де Өтебас би бөліп келе жатып маған көзін қысты, сірә бізге көп жағы кетті» деп жолдастарына айтқан екен. Бұл Өтебас бидің тапқырлығы деп ХІХ ғасырда өмір сүрген Кәнісбек Өтепберген шежіреші ағамыз айтып отыратын.
Кәнісбек Өтепберген 1850 жылы туып, 1938 жылы «халық жауы» болып ұсталып кеткен қазақтың шежіресін жазған адам болған. Оның жазған шежіресін кейін жоғалтып алдық деп Разақберген ағамыз өкініп отыратын. Сонымен қатар Басықара, Байқазақ батыр және Жанқожа батыр, Өтебас билердің түр түсін суреттеп, жазған. Разақберген ағамыздың айтуынша, «Басықара батыр кең иықты, орташа денелі, көзі өткір атжақты, ал Байқазақтың бойы тапал, бірақ кең иықты, басы өте үлкен төңкерілген шәугімдей деп айтады. Ал Өтебасты дөңгелек бетті, қасы қалың, толықтау, орташа бойлы, нұрлы жүзді, шоқша сақалды» деп суреттейді.
Ал енді қазақ көші сонау Нұратадан Сыр бойына 1736 жылы ат басын бұрды. Ал төртқараның көшін Өтебас баласы Жаныс басқарды, жалпы көшті Ашабай батыр басқарды деп айтып отыратын. Әлімұлының Төртқара руының 11000 отбасы Қарақұмның арғы жағындағы «Тоғашқопа» маңындағы «Құлақшы бартық» байрақты «Талдықты» көлдердің іргесінедегі жерлерді Майлыбас, Көнту жерлерін, Қуаңдария бойымен Сырлы тау зираты жағасында тұрғызылған Нұртай қамалының маңы, Басықара ауылының округінің айналасына және қазіргі Өтебас көлінің айналасына қоныс тепкен. Бұл жердегі жер, су аттарына талдау жасаған себебіміз бұл да тарих. Жер су аттарын қазақ тегін қоймайды. Оның негізінде табиғи белгіге ие болған оқиға жатыр. Осы Өтебас көлін жайлаған көл туралы айтсақ көл пайда болғанына 200 жылдан асып кетті дейді көпті көрген Ақмырза қожа. Бұл жерде бастауын Сырдариядан алады. Дария тасыса көл толады, қайтқанда көл де шамалы болса да қайтып, сонда да болса балық шабағы қонған құстары айнала халыққа азық болып тұрған.
Ресей архивтерінде Өтебас есімі 1748 жылы Әбілхайырхан өлгеннен кейін айтыла бастайды. Хан өлімін анықтауға барған аудармашы Я. Гуляеев қазан айының басында Төртқара руынан Әйтеке би балалары Өтебас, Жалтыр мен Қонысбай батыр болғанын айтып, Орынборға Смайыл молда Әбдіразақ жазбаша хабарлайды. 1750 жылы 18 қаңтарда Нұралы хан И.Неплюевке жолдаған хатында Төртқара руының Сейітқұл бөлімінің елдегі сауда-саттыққа өзіндік орны бар екенін ашық айтып, кей жағдайларда оларға өз билігінің жетпейтіндігін мойындайды. 1762 жылы Өтебас би Нұралы ханмен құдандаласып, қызын Пірәлі сұлтанға береді. Ол туралы Нұралы хан 13-тамызда Орынбор губернаторы А.Давидовқа хабарлап, губернатормен кездесу үшін Өтебас бидің немере інісі Қаракөбек пен баласы Жанысты жібереді. Бұл арада кіші жүздің ханы қазақ-орыс арасындағы сауда-саттық мәселесін шешуді көздейді. Ал 1785 жылы Өтебас Ералы сұлтанмен бірге қазақ жайылымдарына тыныштық бермеген қарақалпақтармен соғысқа қатысады. Онда қарақалпақтарды бағындырғаны жайлы айтылады. Демек қазақ жерінде қарақалпақтар да мекендегенін білеміз. Қарақұмдағы Ақтамшық бейіті, ал Аманөткелдегі Қарамойын, Қызылқұмдағы Моншақ деп аталатын жерлер бар. Кейін олар Әмудария сағасындағы Нөкіс, Мойнақ жерлеріне көшіп кетті.
1776 жылы 26-маусымдағы Нұралы хан Орынбор губернаторы Н.Рейнсдропқа жолдаған хатында Өтебас, Қаракөбек билер ханмен бірге ел ішіндегі орыс тұтқындарын босатумен өз малдарын Бұқара, Хиуа басқа да Азия елдеріне саудаға шығару туралы келісімге келгені туралы айтқан. 1748 жылы Әбілхайыр ханды Барақ сұлтан өлтіргеннен кейін таққа Нұралы хан отырды. Ол 40 жылға таяу билік құрғанымен елдегі беделін сақтай алмады. Сондықтан 1785 жылы 21-шілдеде Кіші жүздің 50 биі ІІ Екатерина патшайымға Нұралыны тақтан түсіру жөніндегі хат жазған. Сол хат дайындалғанда арнайы шақырылған билерге хаттың мәтінін оқып берген еді. Сол жайында Төртқара билері Өтебас, Басықара, Көбек билер болды. Содан кейін Нұралы ханды Орынборға елдегі күрделі мәселелерді шешеміз деген сылтауменен шақырып алып, Уфаға жер аударды. Бұдан кейін халық ел билеудің дәстүрлі дала демократиясына бет бұрамыз деген билер ру басылар ақсақалдардың қатысуыменен 1786 жылдың 21-қыркүйегінде Ақтөбенің түбіндегі Жіңішке өзенінің бойында халық кеңесін өткізеді. Ондағы құжаттар таңбаланып, қағазға түскен. Бұрын елді хан кеңесі билесе, енді 5 жыл бойы Сырым батыр Қаракөбек бастаған халық кеңесі басқарды. Сырым Төбе би болып сайланды. Бұл жерде айта кететін бір жайт, ІІ Екатерина губернатор О.Игельстром хандықтың жойылуын құп көрді. Сырым батырды қолдап, Қаракөбек екеуіне Тарқан атағын берді. Бұл жерде орыстардың саясатын қолдаушылар қатарына қосуды көздеді. Арада 1 жыл өткен соң Кіші жүздің батырлары мен билеріне түріктерден арнайы хат келді. Сол кезде 72 жастағы Матығұл Нұрбай бидің үйіне хатты 50-ден астам би шақырылып оқыған. Билердің ішінде Басықара, Көбек билер де бар еді. Оның мазмұны «Аса қадірлі мұсылман бауырларға» деп жазылған, хатты батыр әскерлерге, билерге, ауыл ақсақалдарына Сырым, Сартай, Садырбек, Барақ, Жанботаларға сіздер де, біздер де мұсылманбыз, сіздер тарапынан дінсіздерге қарсы (орыстарға айтып отыр) ғазауат майданын ашқан біздерге мұсылман түрік бауырларға қолдау көрсетіңіздер, сіздер өз жақтарыңыздан осы соғысты (орыс-түрік соғысын айтып отыр) жеңіспен аяқтауларына жәрдем етіңіздер, бұл мұсылман бауырларымызға көрсеткен туысқандық үлкен көмек болған болар еді» шынында да түріктермен қазақтар дені, діні, тілі бір халықтармыз. Сондықтан Кіші жүз билері мен батырларынан көмек сұрауы заңды. Бірақ Кіші жүз билері оған қалай жауап бергендігі туралы ешқандай құжаттар жоқ. Ал осы хат оқылған кезде мен жазып отырған Бәйбекұлы Өтебас құжаттарда айтылмайды. 1786 жылы бақилық болды деген дұрыс сияқты. Өйткені менің Басықара баба туралы кітабымның Әйтеке бидің бел баласы Өтебас бидің 110 жасқа келіп қайтыс болғанына жыл толуына байланысты Сырдарияның сол жағасындағы «Қарақойсойған» деген жерде үлкен ас берілгені айтылады.
Иә, қазақ даласында кемеңгер тұлғалар, би шешендер туралы Поляк журналисті А.Янушкеевич: «Осы бір дала Демосфендерінің кейбіреулерімен сөздерінің мазмұндылығы және жігерлілігімен баурап алады, олар ежелгі Грекияда немесе Римде өмір сүрсе белгілі қазақ билері мен старшындарының өздері-ақ лаврдан белдері бүгілген болар еді» деп осындай құнды теңеу жазып қалдырған.
«Халық даналары Адал би, Әділ би елдің құтты биі, елге бай құт емес би құт», «Бидің сөзі ақылдың қайнар көзі» деген асыл сөз Әйтеке би Өтебастың ұрпақтарына аманаттай болды. Өтебас биді мәңгі есті сақтау мақсатында Әйтеке би кентінен көше атын берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Қадірбек БЕКЕТОВ,
ардагер ұстаз