Аудан әкімі ветеринариялық пункттердің жұмысымен танысты
«Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген нақыл ешқашан өзінің өзектілігін жойған емес. Сондықтан бүгінде ветеринар мамандарға артылатын жүк ауыр.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ақтан Батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би және Ү.Түктібаев ауылдарына сапары кезінде ветеринариялық пункттерге арнайы соғып, жұмыстарымен танысты.
Аудандық ветеринариялық станциясының директоры Болат Әміреев аудан басшысына әрбір ауылдағы ветеринариялық пункттер туралы ақпарат беріп, эпизоотиялық ахуалдың тұрақты екенін баяндады. Мамандар да жеткілікті екенін тілге тиек етті.
– Қолдағы малың ауру болса оның дерті адамдарға жұқпай қоймайды. Сондықтан қолдағы барлық жануаралардың денсаулығын тексертіп, емдетіп, болуы мүмкін ауруларға қарсы ем-дом қолданудың ешқашан артығы болмайды, – деген Мұхтар Әуесұлы ветеринар мамандарға өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат