Төрт түлікке де тексеру керек
Ғасырлар бойы қазақ халқы төрт түліктің ізінде жүріп, көшпенді атанды. Қақтығыс пен барымта билік құрған заманда шөбі құнарлы жерге иелік ету оңай болмады. Оның үстіне дала адамдары үшін басты тіршілік көзі саналған малдың ауруға ұшырауы жағдайды қиындататын. Дегенмен табиғат пен тылсымның мәнін, оның сол маңда шыр айналу себебін терең түсіне білді. Соған сай қазірдің өзінде аса қауіпті мал ауруларының алдын алып, тұтас жұртты аман сақтаған. Бүгінде төрт түлік ұшырайтын кесел көбеймесе, азайған жоқ. Бірақ қазіргі ветеринария мұның алдын алуға, халықтың қауіпсіз ет пен сүт тұтынуына күш салып келеді.
Қазіргі таңда мал шаруашылығымен айналысқысы келген немесе үй жағдайында бірнеше мал ұстағысы келген адам қауіпсіздік шаралары мен жануарларды карантиндеуге міндеттеледі. Аудан аумағынан тыс жерлерден немесе ауданнан тыс жерге өсімге әкетілетін ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдаудың талаптары да соны көздейді. Аталған ереже Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №7-1/700 бұйрығымен бекітілген. Онда жануарларды карантиндеу қағидасы талаптары бойынша жеке және заңды тұлғалар жануарларды жаңадан әкелуді, сатып алуды, әкетуді, орнын ауыстыруды жоспарлаған жағдайда тиісті сала маманына хабарлауы шарт. Бұл жайында Қазалы аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы М.Қайбалдиевпен тілдескенде білдік.
– Мал шаруашылығы қызметкерлері, шаруа қожалықтарының иелері мал аурулары, әсіресе, адамдарға да қауіп төндіретін зооантрпоноздық кеселдер туралы және олардың алдын алу жайында толыққанды білуі тиіс. Мал ауруларын болдырмау тек ветеринар мамандарының ғана ісі емес. Жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардың алдын алу және жою мақсатында әрбір жеке және заңды тұлға, әсіресе мал өсірумен, олардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды өңдеу және сатумен айналысатын кәсіпкерлер ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес, уақытылы вакцинация, диагностика жасатуға, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар қора-жайларды таза ұстап, жем-шөп сақтауда қоршаған ортаның ластануына жол бермей, зоогигиеналық талаптарды сақтауы тиіс. Мал сатып алғанда, сойғанда, немесе сатуға өткізгенде, сояр алдында, сойғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай сатпау керек, – дейді ол.
Айта кетейік, жануарларды карантиндеу түсінігі оқшаулау байланысты пайда болған. Жаңадан сатып алған малды қорадағы басқа жануарлармен қоспай, оның денсаулығына сараптама жасау деп түсінсек жарасады. Бұл адамдар мен жануарлар арасындағы көптеген қатердің алдын алады.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ