Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай тұсау кесу рәсімі өтті
Бүгінде елімізде Президентіміздің бастамасымен әз-Наурыз мерекесі «Наурызнама» онкүндігі аясында мазмұнды әрі жүйелі түрде кең көлемде аталып өтіліп келеді. Бүгін Наурызнамада көрсетілген онкүндікке сәйкес 16 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні.Осыған орай «Руханият» орталығындағы аудандық орталық кітапханада халқымыздың бай мәдени мұрасы мен ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында тағылымды шара өтті.
Шараның мазмұнын айшықтай түскен тағылымды дәстүрдің бірі – тұсаукесер рәсімі болды. Кішкентай бүлдіршіндердің тұсауын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов кесіп, балақайларға жарқын болашақ тілеп, ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ Ұлыстың ұлы күніндегі Наурызнама онкүндігі аясындағы әрбір атаулы күннің маңызы жайында айтып өтті.
Ұлыстың ұлы күнімен ұштастырылған бұл шарада аудан басшысы мен қонақтар арнайы ұйымдастырылған этноауыл көрмесін тамашалап, қазақтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ұлттық дәстүрлермен танысты. Бағдарлама аясында әже мен бала диалогы, Қыдыр атаның батасы, әжелер ансамблінің ән шашуы ұсынылып, келсап түю, диірмен тарту, ұршық иіру, жүн түту, күбі пісу сияқты ұлттық тұрмыстық дәстүрлердің көріністері көрсетілді. Ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Шаңырақ» ойыны ұйымдастырылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталған мерекелік кеш соңында қонақтар Наурыз көжеден дәм татып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады.














