Өнегелі өмір иесі
Шакет Нұралиұлы 1927 жылы Қазалы ауданының Майдакөл ауылында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қазалы ауылшаруашылық техникумын тәмамдады. Техникумды аяқтаған соң екі жылдай ауылшаруашылық кәсіпорынында бөлімше маманы болып қызмет атқарды.1948-1953 жылдар аралығында Алматы малдәрігерлік институтында оқып, оны сәтті бітіріп шықты.
1953-1989 жылдар аралығында Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарды. Атап айтқанда, Сол жаға МТС-ында бас зоотехник, Бозкөл кеңшарында бас зоотехник, мал бордақылау кеңшарында директор қызметтерін атқарды.
1963 жылдан бастап 1989 жылға дейін, яғни зейнеткерлікке шыққанша, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы Жалантөс кеңшарында бас зоотехник, бас экономист болып еңбек етті. 1978 жылдан бастап 1989 жылға дейін кеңшар кәсіподақ ұйымының төрағасы болды.
Ұзақ жылғы еңбегі мемлекет тарапынан бірнеше рет Құрмет грамоталарымен, медальдармен және алғыс хаттармен марапатталған. Қазақстанның 40 жылдығы кеңшарында Шәкең қызмет атқарған жылдары шаруашылық өте жоғары абырой биігіне көтеріліп, Одақ көлеміндегі үлгілі шаруашылықтардың бірі атанды. Экономикасы өсіп, халқының мәдени-әлеуметтік жағдайы жоғары деңгейге көтерілді. Кеңшар «Озат тәжірибе мектебі» атанып, ауыл шаруашылығы саласына көптеген талантты басшы мамандар тәрбиелеп шығарды.
Шәкең 1989 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін Өркендеу совхозына көшіп барды. Ол жерде шамамен төрт жылдай тұрып, 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданына көшіп қоныстанды. Кейін 2000 жылы Қызылорда қаласына көшіп келіп, 2005 жылы өмірден өтті.
Шәкең үлкенге – іні, кішіге – аға бола білген, қызметтестеріне ақылшы ұстаз, досқа адал, парасатты, кішіпейіл, елгезек, иманды жан еді.
Тумысы бөлек тұлға еді
Әсілі, қарапайымдылық қағидат. Біз тарихи жарақат алған ұлт психологиясынан арылуымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін басқа халықтан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз. Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз. Сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек.
«Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың V құрылтай жиынында сөйлеген сөзінен».
Кез келген адам «еңбек» ұғымын ерекше қастерлейді. «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы секілді тез таусылар» дегендей, кешегі кеңестік тәрбиенің тәлімін алған, екі дәуірдің салмағын саралаған аға буын үшін бұл «Еңбек» атты аталы сөздің мәні зор. Қазір де солай. Сондықтан болар, адам баласын алға жетелейтін де, елі мен жұртына сыйлы етіп, төрінен орын беретін де – осы адал еңбек.
Бұл философиялық тұжырым табиғатынан еңбекке жақын, қаншама қиыншылық көрсе де мұңаймай тер төгіп, еңсесін тіктеп жүрген азаматтарға арналса керек. Себебі жан қиналысын еңбек арқылы жеңіп, бақытын еңбектен тапқан адамдардың болмысын барласаң, осыны байқайсың.
Әрбір адамның өмірден алған сабағы әртүрлі. Бірі мақсат қуып, байысам, ішсем, жесем деген ниеттің жетегінде кетсе, екіншісі арды ойлап, адал еңбектің базарын көрсем деп Алладан тілек тілейді. Бұл – тағдыр таразысына түсетін әрбір адамның өмірлік таңдауы.
Міне, жасында тер төгіп, еселі еңбегімен елдің назарында жүрген, әулеттің уақытында ақсақалы атанған Шәкет Нұралиұлы – өмірге адалдық пен қарапайымдылық сияқты ізгі қасиеттермен қарайтын жандардың бірі болды. «Қарапайымдылық – қанда бар қасиет» дейтін Шәкет ағамыз. Өмірден көрген-білгені мол, айтары бар, шежірешіл кісі болатын.
Мен Шәкең ағаймен 2000 жылдары Қызылорда қаласында Шәкеңе іні болып келетін Дөңестің Қарабатырының ұлы Баязиттің намазында кездесіп таныстым. Бізді таныстырған туған ағам Мұстафа Матаев еді. Баязит бізге құда болып келеді. Алдаберген Матаев ағамның үйіндегі Қарабатыр қызы жеңгеміз Ақшабақтың туған інісі болып келеді.
Шәкет ағамызбен көп араласа алмадым. Жиын-тойларда кездесіп тұрдық. Кейін Шәкет аға сырқаттанып қалғанда қасына Мұстафа ағамен барып тұрдық. Шәкет ағамен жеңгеміз Зинепті соңғы сапарға ағайын-туыс болып бірге шығарып салдық.
«Жүзге, руға жіктелмей, ұлт ұйтқысындай тұлғалардың қадірін бағалауымыз қажет, әрі оны жас ұрпақ санасына сіңіруіміз керек» деген оймен Даулетияр ата ұрпақтарының шежіре кітаптарын шығарып жатырмыз. Осы шараларға Шәкет ағаның ұл-қыздары мен немерелері де атсалысып келеді.
Әлімнен тарайтын Шектінің кішкене аталығынан шыққан атамыз Сырлыбайұлы Даулетиярдың бейітін көзкөргендердің айтып кеткен әңгімелерінің ізімен Ақтөбе облысы, Шалқар ауданындағы Маяқұм атты жердегі қорым басынан таптық. Осылайша Даулетияр бабамыздың бейітіне барып тағзым еттік.
Арал-Қазалы ауданына белгілі азамат Қали Макенов сексеннен асқан шағында Сырлыбайдың балаларының үлкені Даулетияр екенін жиі айтып жүріпті. Сырлыбайдан Даулетияр, Мәметек, Баймырза, Қожаберген, Матығұл тарайды. Даулетиярдан Еспеміс, Есімбек, Қарамырза, Кешубай, Абыз, Бәсібек, Нәзібек атты жеті ұл тараған.
Бабамыздың жатқан жері көп іздестірілді. «Даулетияр атамыз Шалқарға жақын жердегі Маяқұм төбесінің етегінде тары егіп, ағайын-туыстарына септігін тигізген екен», – дейтін Шәкет ақсақал. Бейіт басындағы құлпытасқа шағатай тіліндегі, Иран орфографиясына негізделген арабтың «Шикоспа» қарпімен «Даулетияр» деп жазылған.
Бейіт басына 2014 жылы құлпытас қойылып, ірі қара мал сойылып, ас берілді. Ретті шаралар жасалды.
2016 жылы жеті баладан тараған ұрпақтар жиылып, бір кісідей жұмылып, Қазалы ауданындағы «Жалпақ» атты төбеде Даулетияр бабасына кесене орнатты. Кесененің биіктігі – 12 метр, 6 қанатты. Кесене «жеті» ұрпағына қойылған белгінің жанына орналастырылып, бір ансамбль секілді көрініс береді.
Осы іс-шараның басы-қасында Шәкет ағаның үлкен ұлы Абубәкір, інілері Тимур, Асқар, Мұхит, сондай-ақ ағаның інісі Әлімұса Досқожаұлы үлкен жанашырлықпен еңбек етіп, елдің алғысына бөленді.
Шәкет ағаның бірге қызмет жасаған ұжымдастары: «Біз ағаның аузынан Наурыз мерекесін неге тойлау керектігін, оның қандай ардақты күн екенін алғаш естіп, түсінгенбіз. Алғашқы Наурыз мерекесін де сол кісі басшы болып жүрген кезде елді мекенде тойлағанбыз», – деп еске алады.
Шәкет ағаның ұл-қыздары бала-шағаларымен бірге 2026 жылғы 22-наурызды «Жанқожа» ауылының тұрғындарымен бірге қарсы алып, тойлауға дайындалып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, киіз үйлер тігіліп, спорттық ойын-сауықтар өткізіліп, концерттік бағдарламалар қойылмақ.
Шәкет ағамыз Зинеп Мырзабайқызымен шаңырақ құрып, өмірге 6 ұл мен 6 қыз әкелген. Барлығы да тәрбиелі, білімді болып өсті.
Бүгінде Шәкет ағамыздан 3 ұл мен 2 қыз қалды. Барлығы да құда-жекжатты, немере-шөберелері өсіп келе жатқан үлкен әулетке айналып отыр.
Темірбек МАТАЕВ,
Еңбек ардагері













