Қазалы ауданының "Құрметті азаматы" атағы табысталды
Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ермағанбет Жұбатқанұлына Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атағын табыстауға арналған арнайы жиын өтті.Басқосуға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардақты азаматпен бірге қызмет жасаған әріптес достары қатысты.
Алмасбек Әбілқасымұлы саналы ғұмырын халықтың ісіне арнап, ел үшін аянбай еңбек Ермағанбет Жұбатқанұлының ауданда атқарған жемісті жұмыстарына тоқталып, абыройлы еңбегі үшін аудан халқының атынан шынайы ризашылығын жеткізді.
Мұнан соң ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан ерекше үлесі үшін Ермағанбет Жұбатқанұлына аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағын табыстап, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, құрметті көрсетті.
Жиында Самұрат Имандосов, Өмірзақ Түктібаев, Серік Қуанышбаев сынды ел ағалары сөз сөйлеп, қасиетті Қазалы жерінде ел үшін аянбай еңбек етіп, өзінің өр тұлғасымен, адалдығымен елдің ардақтысына айналған азамат жайында жылы естеліктерімен бөлісті.
Өз кезегінде ауданның «Құрметті азаматы» Ермағанбет Жұбатқанұлы туған жерінде өзіне жасалып жатқан зор құрмет үшін аудан басшысы мен барша азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Ермағанбет Жұбатқанұлы - 1950 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. 1967 жылы Әйтеке би кентіндегі Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепті «Күміс медальмен» бітірген. Саратов қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын «Агроном» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын 1967 жылы Қазалы ауданындағы
№16 жылжымалы механикаландырылған колоннада слесарь, электростанцияда көмекші машинист болып бастаған. 1973-74 жылдары Қазалы ауданының «ХХІІ партсъезд» атындағы совхозында бөлімше агрономы, 1974-1979 жылдары «Қызылту» совхозында бас агроном, 1979-1980 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің ауылшаруашылық бөлімінде нұсқаушы болып жұмыс жасады. Ал, 1980-1988 жылдары аралығында «Энгельс» атындағы совхозында директор қызметінде болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай атсалысты.
1988-1994 жылдары ҚР Ғылым Академиясына қарасты «Топырақтану» институтында ғылыми қызметкер, 1994-1997 жылдары Алматы облысы, Қарасай ауданының «Шамалған» кеңшарында директордың орынбасары, бас аграномы болып абыройлы қызмет етті. 1997-2008 жылдары «Ғазиз» шаруа қожалығын құрып, жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Кейіннен 2008-2009 жылдары туған жері Қазалы ауданындағы «Рза-Агро» ЖШС-нің директоры қызметтерін атқарды.














