Ұлт мұрасын ұлықтаған ансамбль
Жуырда Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде «Атамұра» халықтық ардагерлер ансамблінің «Өнегелі өмір – өрнекті өнер» атты есепті концерті өтті.Аталған шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, ансамбль мүшелеріне құрмет көрсетіп, жылы лебізін білдірді.
«Қазалы өңірі әрдайым өнер мен руханиятты қадірлеген, ұлттық мәдениетті ұлықтаған киелі өлке. «Атамұра» халықтық ардагерлер ансамблі – ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі. Ансамбльдің аудан мәдениетіне қосып отырған үлесі зор, олардың еңбегі ел руханиятын байытуға арналған. Ұлттық өнерге сіңірген еңбектеріңіз – өңір мәдениетінің ажырамас бөлігі. Алдағы уақытта да шығармашылық табыстарыңыз арта берсін, сахнадан нұрлы жүздеріңіз көрініп, елге рух, жастарға шабыт сыйласын», – деді аудан басшысы.
Концерт барысында аудан басшысы ансамбльдің мүшесі, Қазалы өңіріндегі халық оркестрін қайта жаңғыртуға сіңірген еңбегі ерен Ерпазыл Жүсіповтің 75 жас мерейтойымен құттықтап, оған шығармашылық табыс пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Кеш аясында ансамбль орындаған халық әндері мен күйлер, елдік пен бірлікті дәріптейтін шығармалар көрерменнің жүрегінен орын тауып, шара шынайы рухани мерекеге айналды.
«Атамұра» ансамблінің тарихы аудан мәдениетімен тығыз байланысты. Ұжым 2011 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай құрылған «Күй самалы» ансамблінен бастау алды. Сол күннен бастап шығармашылық ұжым ауданның маңызды мәдени шараларында белсенді өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді.
Ансамбльдің негізін қалаушы Орақ Баубеков қазіргі күнге дейін ұжымға жетекшілік жасап келеді. 2014 жылы аудан әкімдігі мен ардагерлер кеңесінің қолдауымен ансамбль қайта жасақталып, зейнеткерлікке шыққан, бірақ өнерден қол үзбеген талантты азаматтармен толықты. Сол кезден бастап ұжым «Атамұра» ардагерлер аспаптық-әншілер ансамблі деген атаумен жаңа шығармашылық белеске көтерілді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














