Мәслихаттар сайлауы
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамданған қапы қалмайды

Қамданған қапы қалмайды

Қыс қыспағына алған шақта жол қатынасы қиындап, түрлі төтенше жағдайлардың туындауы да ғажап емес. Мұндай сәтте әр минуттың қадірі артып, құтқарушылардың шапшаңдығы мен техниканың сақадай сай болуы сынға түседі. Қыс мезгілінде аяқастынан туындайтын осындай төтенше жағдайлардың алдын алу үшін құтқару қызметтері қазірден қамданып, дайындықтарын пысықтауда.
Осы мақсатта 19-20 қараша күндері ауданда «Қыс – 2026» рес­публикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Екі күнге жалғасқан жаттығу барысында қысқы кезеңде болуы ықтимал төтенше жағдайларға әзірлік тексеріліп, азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылы сараланды. Бұл дайындықтың іс жүзінде қалай жүзеге асқанын өз көзімізбен көріп қайтқан едік. Ендеше, оқу-жаттығу барысын рет-ретімен баяндалық.
Оқу-жаттығу алдымен саптық жиыннан басталды. Ауданның авариялық-құтқару қызметтері мен жасақтары арнайы техникаларын қатарға қойып, әзірліктерін пысықтады. Сап түзеген мамандар мен техникаларды аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров бастаған сала өкілдері аралап көрді.
Арнайы ұйымдастырылған алаңда құтқару жұмыстарына барлығы 115 техника мен 398 адамнан тұратын жеке құрам жұмылдырылды. Сонымен қатар электр сиреналары іске қосылып, халықты құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізілді. Мұндай шаралар төтенше жағдай туындаған сәтте тұрғындарға дер кезінде хабар беріп, тиісті қызметтердің шұғыл әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Оқу-жаттығудың алғашқы бөлігі Әйтеке би кенті маңындағы республикалық маңызы бар автожолда өтті. Екі көлік соқтығысып, артынша өрт тұтанды. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар бірден іске кірісті. Алдымен көлік ішінде қысылып қалған зардап шеккендерді сыртқа шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Одан кейін жалынды ауыздықтап, жолдағы көлік қозғалысын реттеу, кептелістің алдын алу және жолаушыларды қауіпсіз жылыту пункттеріне жеткізу жұмыстары атқарылды. Апат орнындағы әрбір әрекет алдын ала белгіленген тәртіпке сай жүзеге асты.
Келесі кезекте құтқарушылар Қазалы қаласының маңына бет алды. Бұл жолы ауа райы күрт бұзылып, мал іздеп шыққан екі азамат хабар-ошарсыз кеткен жағдай қарастырылды. Уақытпен санасуды қажет ететін іздестіру жұмыстарына құтқарушылармен бірге кинологиялық топтар мен еріктілер жұмылдырылды. Кең аумақты шолуға квадроциклдер мен ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылды. Іздестіру нәтижесінде табылған азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсету тәртібі де пысықталды.
Оқу-жаттығудың үшінші кезеңі Әйтеке би станциясында жалғасты. Бұл жолы «Ақтөбе-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызынан өрт шыққан жағдайдың алдын алу және салдарын жою жұмыстары көрсетілді. Вагондардағы жолаушыларды қауіпсіз жерге көшіру, өртті сөндіру, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету, ауыр жарақат алғандарды ауруханаға жеткізу шаралары кезең-кезеңімен орындалды. Сондай-ақ эвакуацияланған азаматтарды қажетті жағдаймен қамтамасыз ету мәселесі назардан тыс қалмады.
Үш түрлі жағдайда өрбіген оқу-жаттығудың ортақ мақсаты – төтенше сәтте тосылмай, уақытылы әрі үйлесімді әрекет ету. Жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтерінің өзара байланысы, күштер мен құралдардың жұмылдырылуы және құтқару жұмыстарының орындалу тәртібі тәжірибе жүзінде тексерілді.
Қош. Аудандағы құтқару қызметтері қысқы маусымда болуы мүмкін түрлі төтенше жағдайға сақадай сай. Дегенмен қауіпсіздік ортақ жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан мамандар тұрғындарды ауа райы қолайсыз күндері сақтық шараларын ескеріп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
А.ЖҮСІПОВА
24 қараша 2026 ж. 17 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30