Мәслихаттар сайлауы
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Threads: «желі» желпілдетпесін

Threads: «желі» желпілдетпесін

Фото: Жасанды интеллект
Осы жылдың тамызында Brand Analytics компаниясының жүргізген зерттеуіне зер салсақ, елімізде ең белсенді әлеуметтік желі қатарында Threads-те бар. Танымалдығы артқан бұл платформа бүгінде қоғамдық мәселелер талқыланатын пікірталас алаңы болып отыр. Алғашында бұл әлеуметтік желі қолданушылар арасында айтарлықтай қызығушылық тудыра қоймады. Жүктеп алғанымен, көп ұзамай смартфонынан өшіріп тастағандар да аз болған жоқ. Алайда уақыт өте келе Threads-тің тынысы ашылып, тақырып аясы кеңейді. Бүгінде мұнда қоғамды толғандырған өзекті мәселелер талқыланып, әлеуметтік маңызы бар түрлі ой-пікірлер ортаға салынады. Платформаны пайдаланушылар қатары да артуда. Алайда Threads бүгінде ой бөлісіп, пікір таластыратын орта ғана емес, кейде орынсыз сөзге, өзгені жазғыруға, жеке өмірге қол сұғуға жол беретін алаңға да айналып бара жатқандай. Мұның себебі неде? Мәселенің мәніне үңіліп көрдік.
Тарихын таныдық па?
Әлеуметтік желілер кеңістігінде жаңа бәсекелестің пайда болуы кейде тұтас цифрлық әлемнің бағытын өзгертуі мүмкін. 2023 жылдың 5 шілдесінде Meta корпорациясы Threads атты жаңа платформасын көпшілікке таныстырды. Қысқа жазбалар, фотосуреттер мен бейнежазбалар жариялауға арналған қосымша алғашқы тәуліктің өзінде 30 миллион қолданушы жинап, жұрт назарын бірден өзіне аударды.
Жаңа желінің пайда болуы Twitter платформасындағы өзгерістермен тұспа-тұс келді. Илон Маск компанияны сатып алғаннан кейін контентті бақылау тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізіліп, кейбір қолданушылар өзге микроблог алаңдарын іздей бастады. Осы мүмкіндікті пайдаланған Meta 2022 жылдың соңында жаңа әлеуметтік желі әзірлеуге кірісті. Ал 2023 жылдың маусымында жоба туралы алғашқы ақпараттар таралып, көп ұзамай Threads іске қосылды.
Алайда жаңа платформаның қадамы дау-дамайсыз болған жоқ. Twitter өкілдері Meta-ны коммерциялық құпияны пайдаланғаны үшін айыптап, сотқа жүгіну жоспарын жариялады. Ал Threads-тің қолданушыларды тез жинауына Instagram-мен байланысы да ықпал етті. Өйткені оған тіркелу кезінде Instagram аккаунтын пайдаланып, бұрынғы жазылушыларын жаңа желіге көшіруге мүмкіндік берілді.
Осылайша, бастапқыда Twitter-ге балама ретінде ұсынылған Threads аз уақыт ішінде әлемдік әлеуметтік желілер кеңістігінен өз орнын тапты. Оның тарихы технологиялық бәсекенің ғана емес, цифрлық ортадағы ықпал мен аудитория үшін күрестің де көрінісіне айналды.

Пікір көп, парасат қайда?
Threads-ті ашсаңыз, сан түрлі пікірге тап боласыз. Қоғамда қанша адам болса, сонша көзқарас бар. Бірі көптің көкейінде жүрген мәселені көтерсе, енді бірі күнделікті тіршіліктен түйгенін ортаға салады. Қай жазбаның астына үңілсеңіз де, талқыға түсіп жатқан ойлар жетерлік. Алайда сол пікірлердің барлығын пайымды, салмақты деуге бола ма? Мәселенің мәні де осында.
Несін жасырамыз, қазір кез келген оқиғаны Threads-те талқылауға асығамыз. Бір ауыз сөзден басталған әңгіме әп-сәтте қызу айтысқа ұласады. Бірі ойын дәлелмен жеткізсе, енді бірі қарсы пікірді қабылдай алмай, кекесін мен келемежге көшеді. Сөйтіп, мәселенің байыбына барудан гөрі, өзгенің алдында басым түсуге ұмтылу басым. Ал пікірталастың мақсаты біреуді жеңу емес, шындыққа бірге жақындау емес пе?
Дейміз ғой, бірақ әркім өз шындығының шыңында қалғысы келетіні тағы бар. Бір жағынан, бұл да түсінікті. Алайда осындай пікір тартысының ортасында жүріп, өзгенің сөзін тыңдауды, өз ойымызға сын көзбен қарауды ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?
Осы орайда әлеуметтік желіде осы сұрақ төңірегінде сауалнама жариялағанбыз. Раяна Қасымбек есімді желі қолданушысы былай деп ой білдіріпті.
«Расында, қазір Threads желісіндегі жазбалардың көбі қызу талқыға түсіп жатады. Көзім шалған пікірлердің арасында орындысы да, орынсызы да бар. Әркімнің ойын ашық айтуына қарсылығым жоқ. Бірақ біреудің пікірімен келіспеу оның ар-намысына тиюге негіз болмауы керек. Өйткені экранның ар жағында да сезімі бар адам отыр. Ашумен жазылған бір ауыз сөз кейде ұзақ уақыт ұмытылмайтын өкпеге айналуы мүмкін. Оның үстіне, жазған сөзің үшін жауапкершілік арқалайтыныңды да естен шығармаған жөн. Сондықтан пікір білдіргенде әр сөзімізге абай болғанымыз дұрыс» – дейді ол.
Әлеуметтік желіде әркімнің өз үні, өз айтары болғаны құптарлық. Өйткені сан алуан көзқарас ортақ ойдың қалыптасуына жол ашады. Алайда пікірдің көптігінен гөрі, оның пайымдылық пен парасатқа негізделгені маңызды.

Қысым көрсетудің құралы
Несін жасырайық, мақаламызға арқау болып отырған әлеуметтік желі бүгінде жаңалық таратып, пікір алмасатын алаң ғана емес, көпшіліктің қысым көрсету құралына да айналып барады. Мұның бір көрінісі – кейінгі кезде жиі байқала бастаған Cancel мәдениеті. Ағылшын тілінен енген бұл ұғым белгілі бір адамның әрекетіне немесе сөзіне қарсылық білдіріп, оны қоғамдық ортадан шеттетуге бағытталған ұжымдық наразылықты білдіреді.
Асылында, Cancel мәдениеті Threads платформасындағы негізгі талқылау тақырыбы болмаса да, жекелеген тұлғалар мен брендтерге жаппай шағымдану, үндеу жолдау, бойкот жариялау секілді әрекеттер көзге түсіп жүр. Жазбаға негізделген платформаның ерекшелігі де мұндай қарсылықтың тез таралуына жол ашады. Бір адамның пікірі аз уақыт ішінде көпшіліктің талқысына түсіп, ортақ наразылыққа ұласуы мүмкін.
Қазақстандық Threads кеңістігінде де мұндай жағдайлардың бірнеше мысалы бар. Соның бірі – блогер Әлішер Елікбаев пен актер Шәріп Серік қатысқан сұхбат төңірегіндегі дау. Сұхбат жарияланғаннан кейін желі қолданушыларының бір бөлігі ондағы әңгімені зорлық-зомбылықты ақтауға ұқсас әрекет деп қабылдап, жүргізуші мен сұхбат кейіпкеріне наразылық білдірді. Тіпті кейбірі жарнама берушілерге үндеу жолдап, жазған хаттарының скриншоттарын көпшілікке ұсынды. Осылайша, екі адамның әңгімесінен басталған мәселе кең ауқымды қоғамдық талқыға ұласып, танымал тұлғалармен әріптестік орнатқан компаниялардың да назарына ілікті.
Мұндай көріністер тек танымал адамдардың айналасында ғана өрбімейді. Кейде қарапайым азаматтардың күнделікті өмірінен алынған суреттер, жеке әңгімелер мен өзара жазысқан хаттар да әлеуметтік желіге жарияланып жатады. Жазбаның астына көпшілік өз бағасын беріп, бір сәтте әлгі адамның әрекетін айыптауға кіріседі. Ал жарияланған мәліметтің қаншалықты шындыққа жанасатыны, оқиғаның арғы жағында қандай мән-жай бары көбіне ескерусіз қалады. Сөйтіп, бір сәттік ашу мен асығыс пайым жеке адамның ар-намысына тиіп, оның өміріне кері әсерін тигізуі ықтимал.
Әрине, қоғамның үн қатуы кейде көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің қозғалуына, әділетсіздіктің назарға алынуына сеп болуы мүмкін. Алайда ортақ пікір мен көпшілік қысымының арасы тым жақын. Бірі шындықтың ашылуына жол ашса, екіншісі мән-жайға толық қанықпай тұрып, біреуді жазғыруға ұрындыруы мүмкін. Сондықтан желіде тараған әрбір жазбаны ақиқат деп қабылдамай, оқиғаның екі жағын да тыңдап, байыппен бағалаған жөн. Өйткені сөздің де, көпшіліктің қолдауының да салмағы бар. Ал орынсыз айтылған айып пен асығыс шығарылған үкімнің өтеуін кейде бір адамның тағдыры тартуы мүмкін.

Қандай жаза қарастырылған?
Соңғы уақытта Threads платформасында жеке хат алмасулардың скриншоттарын жариялап, оны көпшілік талқысына салу жиілеп барады. Кейбір қолданушылар оған өз пікірін қосып, желі жұртшылығынан кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін бағалауды сұрайды. Бірі мұны әділдік іздеудің амалы деп қабылдаса, енді бірі жеке өмірге қол сұғу деп санайды. Алайда өзгенің рұқсатынсыз жеке хаттарды жариялау құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Мамандардың сөзіне сенсек, Ата Заң әр азаматтың жеке өміріне қол сұғылмауына, хат жазысу құпиясының сақталуына кепілдік береді. Азаматтық заңнамада да адамның жеке өміріне қатысты мәліметтерді оның келісімінсіз жариялауға шектеу қойылған. Әсіресе хат алмасу барысында белгілі болған телефон нөмірі, фотосурет, мекенжай және отбасылық жағдайға қатысты деректерді рұқсатсыз тарату заң бұзушылық болып есептелуі мүмкін.
Мұндай әрекеттердің құқықтық салдары да жеңіл емес. Қылмыстық кодекстің 147-бабында жеке өмірге қол сұғу және дербес деректерді заңсыз тарату, ал 148-бабында хат жазысу құпиясын бұзу үшін жауапкершілік көзделген. Заң бұзушылықтың сипаты мен мән-жайына қарай айыппұлдан бас­тап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қолданылуы мүмкін.
Ал жеке хаттары рұқсатсыз жарияланған азамат не істеуі керек? Ең алдымен, жарияланымның скриншотын түсіріп, сілтемесі мен жарияланған уақытын сақтағаны жөн. Одан кейін заңгердің көмегіне жүгініп, материалды өшіруді талап ету немесе заң аясында өзге де шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыра алады.
Түйін: Әрқайсымыз Threads желісін әртүрлі мақсатта пайдаланамыз. Дегенмен онда жария­лайтын дүниеміз де, білдіретін пікіріміз де белгілі бір шектен аспағаны жөн. Әсіресе соңғы уақытта белең алған өзгенің жеке өміріне қатысты деректерді жариялауға келгенде, жауапкершілікті естен шығармаған абзал. Өйткені бір сәттік эмоциямен жарияланған жазба біреудің ар-намысына нұқсан келтіріп қана қоймай, жариялаған адамды да құқықтық жауапкершілікке тартуы мүмкін. Сөз еркіндігі өзгенің құқығын аяқасты етуге жол бермейді. Сондықтан желідегі әр жазбаның артында адам тағдыры мен жауапкершілік тұрғанын ұмытпайық.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ

24 қараша 2026 ж. 16 0

Ұлт тағдырындағы ұлы күн

24 қараша 2026 ж. 14

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30