Мәслихаттар сайлауы
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Патернализм: жауапкершілік жүгі қандай?

Патернализм: жауапкершілік жүгі қандай?

Жақында Қытай еліне барып келген кәсіпкер Марал Омарқызы күзгі жапырақты көршілес ел кәсіп көзіне айналдырып отырғанымен, қалдықтан қалай өнім өндіріп отырғанымен бөлісті.
Күз түсіп, ағаштар сарғайған кезде біздегі көше мен саябақтарды басатын түскен жапырақ көпшілік үшін тек тазалық жұмысын көбейтетін қалдық қана. Ал қытайлық кәсіпкерлер дәл осы маусымдық құбылысты кәдеге жаратып, табиғи отын өндіруді жолға қойды. Түскен жапырақтарды арнайы тәсілмен текшелеп, нығыздау арқылы олар кәдімгі биоотынға айналдырып, табысты бизнеске жол ашқан.
«Бұл тәжірибенің ең басты құндылығы – тапқырлық пен қолда бар ресурсты тиімді пайдалануда. Жаңа өнім өндіру үшін міндетті түрде ерекше технологияны немесе шикізаттың тың түрін күту шарт емес. Кейде назардан тыс қалып жүрген қарапайым нәрсенің өзі дұрыс бағытта өңделсе, сұранысқа ие тауарға айналуы мүмкін. Қытайлық өндіріс үлгісі экологиялық таза, табиғи отынға деген сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, қоршаған ортаны артық қалдықтан арылтуға да септігін тигізіп отыр», – дейді ол.
Осы тақырыпты жергілікті жағдайға бейімдеп, мысалы, күзгі тазалық кезіндегі жапырақтарды кәдеге жарату туралы кәсіпкердің өз көзқарасы қалыптасқан.
Сенбіліктер мен қала, ауыл көшелерін тазалауда жиналатын жапырақ біздің өңірде де жыл сайын көптеп шығады. Көп жағдайда арнайы орындарға шығарылып, өртеледі немесе полигондарға төгіледі. Шын мәнінде, әр күз сайын өзі-ақ «дайын күйде» жиналатын осы ресурсты кәдеге жарату – жергілікті жерде қолға алуға болатын нақты да пайдалы жобаға айналдыра аламыз.
Қытайлықтардың жапырақты текшелеп, табиғи отынға айналдыру тәжірибесін өңірлік жағдайға бейімдеп қарасақ, бірталай мүмкіндік ашылады. Күзгі-қысқы маусымда жылуға сұраныс артып, қосымша отын түрлеріне қажеттілік туатын кезде кептірілген және нығыздалған жапырақ текшелері шаруашылықтарға, моншаларға, шағын жылыжайларға немесе тұрмыстық қажеттіліктерге қосымша балама ретінде қолданыс табуы мүмкін. Әрине, мұндай өнімнің сапасы мен жану ерекшелігін алдын ала сынап, құрамындағы бөгде қоспалардан тазартып, дұрыс кептіру және престеу талаптарын сақтау маңызды.
«Шағын жобаны қалай іске асыруға болады?» деген сұраққа ол былайша жауап берді.
«Жиналған жапырақты бірден тастамай, арнайы алаңдарға бөлек жинақтау. Екінші жұмыс – кептіру және сұрыптау. Ылғалдылығын азайтып, тас, пластик, темір сияқты бөгде заттардан тазарту. Үшінші, текшелеу. Шағын брикеттеу немесе текшелеу қондырғысы арқылы тасымалдауға және сақтауға ыңғайлы пішінге келтіру.
Алғашқы шығарылымды жергілікті шағын нысандар мен тұрғындар арасында сынақтан өткізіп, тиімділігін бағалауға болады.
Жапырақты жөн-жосықсыз өртеуден туындайтын түтін мен қолайсыздықты азайтып, тазалық жұмыстарының нәтижесін нақты экономикалық пайдаға ұластыруға болады. Кейде жаңа кәсіп бастау үшін дәл аяқтың астында жатқан маусымдық мүмкіндікті дұрыс ұқсата білсе болғаны».

ҚАЛДЫҚТАН – КӨРКЕМ ТУЫНДЫ
Еуропада «Апсайклинг» деген ұғым бар. Бұл – ескі затқа – жаңа өмір, қалдыққа – жаңа құн сыйлау.
Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау мен ресурстарды үнемдеу тек ірі бағдарламалардың емес, әр адамның күнделікті таңдауының нәтижесіне айналуда.
Апсайклингтің басты ерекшелігі – затты толық бұзып, бастапқы шикізатқа қайта айналдыруға емес, дайын пішіндегі ресурсты шығармашылық әрі прагматикалық тұрғыда қайта кәдеге жаратуға сүйенеді.
Мәселен, ескі джинсыдан сәнді сөмке немесе шоппер, артық маталардан құрақ көрпе немесе күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар тігіледі. Ескі орындық немесе үстелді қайта бояп, қаптап, заманауи интерьерге бейімдеу; құрылыс паллеталарынан сөре немесе шағын жиһаз жасайды. Бос шыны бөтелкелерден шамдал немесе гүл құмырасын, темір құтылардан ұйымдастырғыш немесе өсімдік кашпосын жасаға болады.
Апсайклинг пен ресайклингтің айырмашылығы бар.
Қалдықпен жұмыс істеуде апсайклинг пен ресайклинг бір-бірін толықтырады, бірақ олардың тәсілі бөлек. Ресайклинг кезінде пластик, қағаз, металл сынды материал балқытылып, ұсақталып немесе өнеркәсіптік жолмен өңделіп, бастапқы шикізат күйіне түседі және көбіне қосымша энергия талап етеді. Ал апсайклинг заттың өзін жаңа деңгейге көтеріп, қосымша құн қалыптастырады. Кейде тіпті қолөнер немесе дизайн еңбегінің арқасында бастапқы заттан да қымбат әрі ерекше бұйымға айналады.
«Апсайклинг экология мен экономиканы бір арнаға тоғыстырады. Ол қоқыс полигондарына түсетін заттардың санын азайтады, жаңа шикізат өндіруге кететін табиғи ресурстар мен энергияны үнемдейді, сондай-ақ үйдегі қызығушылықтан бастап шағын шеберхана немесе эко-бренд ашуға дейінгі нақты табыс көзіне айнала алады.
Апсайклинг – қалдыққа деген көзқарасты өзгертетін мәдениет. Қажетсіз көрінген дүниеге екінші өмір сыйлау арқылы адам табиғатқа жанашырлық танытып қана қоймай, үнемділік пен шығармашылықтың да нағыз үлгісін көрсетеді», – дейді балаларды осы өнер түріне баулып жүрген қолөнерші-ұстаз Эльвира Жаханшаева.
Нұрахын Есбалаұлы су құтылары материалын кәдеге жаратып, көрмелер мен көрнекіліктерге арналған сұранысқа ие бұйымдар әзірлейді. Оның туындылары жай ғана қосалқы зат емес, көз тартар пішіндері мен мазмұндық үйлесімі арқылы көрерменге ой салады. Қоржынында орындық үлгілері мен сәндік жиһаз элементтері, тәж және қару-жарақ үлгілері сынды тарихи-этнографиялық бағыттағы бұйымдар, киіз үй үлгісі сияқты ұлттық болмысты айшықтайтын көрнекі дүниелер бар. Бұйымдарға көрмелер мен көрнекіліктер тарапынан жиі тапсырыс түсуі – шеберлік пен танымдық құндылықтың тоғысқанын көрсетеді. Қаңылтырдың пішінге икемділігі мен беріктігі тақырыптық экспозицияларға жан бітіруге мүмкіндік береді.
Көпбалалы ана Раушан Қарабала. Келіншек жарамсыз дөңгелектен білім ошақтарының ауласын безендіру мен балаларды қызықтыратын бұйымдар жасауды тұрақты кәсіпке айналдырып келеді. Табиғатта ұзақ жатып, ортаны ластайтын ескі дөңгелектер бұл жерде жаңа өмір сүреді. Оның жасайтын бұйымдары қатарында аулаға лайықталған орындықтар, балалар қиялын тербейтін жануарлар бейнелері, жарық пен көңіл күй сыйлайтын күн және құстар, ағаштар пішініндегі элементтер кездеседі. Аулаларды безендіру арқылы ол балаларға жарқын әрі қызықты кеңістік қалыптастырып қана қоймай, екінші өмір берілген заттардың мүмкіндігін көрсетеді.
Екі бағытты біріктіретін ортақ құндылық – қолданатын материалы мен нысаны әртүрлі болғанымен, түпкі философиясы бір арнаға тоғысады. Шеберлер өз істерін табиғатқа жанашырлық деп санайды. Бұл – экологиялық жауапкершілікті құрғақ ұранмен емес, нақты еңбек, көркемдік талғам және табысты кәсіппен ұштастырудың үлгісі.
Тәжірибе маңыздылығы туралы Н.Есбалаұлы былай дейді: «Бұл істе қалдық азаяды. Кәдеге жаратылған материалдар қоршаған ортаға түсетін қоқыс көлемін кемітеді. Ұлттық үлгілер мен балаларға арналған бейнелер өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие береді. Кәсіпкерлік әлеует ашылады. Қолжетімді немесе екінші реттік ресурсты дұрыс пайдалану тұрақты кәсіп көзіне айнала алады».
Қалдықтан – жаңа өнім бүгінде әлім халықтары алдында тұрған міндет.
Қазақстанда қайта өңдеу саласы қалай дамып келетініне көз жүгірттік.
Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып, қанша көлемдегі қоқыс игерілгені туралы нақты мәліметтерге қол жеткізе алмадық. Алайда қалдық қабылдау мәдениеті және эко-пунктер жұмысымен танысу мүмкінді туды.
Еліміздің ірі мегаполистерімен қатар, өңірлік қалаларда да қайталама шикізатты: пластик, макулатура, шыны, металл сатып алатын арнайы қабылдау пунктері жұмыс істейді. Мәселен, Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда секілді қалаларда EcoNetwork, Kazakhstan Waste Recycling, Taza.like сияқты экологиялық жобалар мен заманауи фандоматтар іске қосылған. Тұрғындар сұрыпталған қалдықтарды осы нүктелерге өткізу арқылы қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, қосымша табыс таба алады. Сонымен қатар, кез келген қала тұрғыны 2GIS немесе хабарландыру платформалары арқылы өз аймағындағы қайталама шикізат қабылдау орындарын оңай таба алады.
Қабылдау пунктеріне жиналған қалдықтар арнайы сұрыптау желілерінен өтіп, жуылып, ұсақталады да, қайта өңдеу зауыттарына жөнелтіледі. Отандық кәсіпорындар бұл шикізаттан күнделікті тұрмыс пен құрылысқа қажетті сапалы өнімдер құйып шығарады:
Сусындардан қалған ПЭТ бөтелкелер, тұрмыстық химия құтылары және ескі полипропилен заттар қайта балқытылып, гранулаға айналады. Одан жаңа пластик орындықтар, шелектер, қоқыс жәшіктері, кәріз құбырлары, люк қақпақтары және берік полимер-құмды тротуар плиткалары жасалады.
Түркістандық Айбол Өмірбектің цехында пайдалануға жарамсыз ескі автокөлік шиналары арнайы цехтарда ұнтақталып, резина үгіндісі алынады. Бұл материалдан балалар ойын алаңдарына арналған қауіпсіз, жұмсақ жабындылар, спорт залдарының төсеніштері мен түрлі техникалық резина бұйымдары өндіріледі.
«Жақында үлкен грантқа қол жеткізуге жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге бұйымдарымыздың көлемі шағын. Халық орындықтар, құдықтар бетін жабатын, жолға төсейтін жабындыларға тапсырыс беруде. Мақсатымыз орындалса, кәсібімізді кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтамыз деген ойламыз. Білуімше, өңірде мұндай іспен айналысатын бірнеше азамат бар», – дейді кәсіпкер.
Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу – қоқыс полигондарының көлемін азайтумен бірге жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнесті дамытудың тиімді жолы екендігін ұғындыруда. Әрбір азаматтың пластик пен резина қалдықтарын арнайы пунктерге тапсыруы – еліміздің жасыл экономикаға көшуіне және таза болашақ қалыптастыруына қосқан нақты үлесі болмақ.

«ҚОҚЫС» ЕМЕС, АЛТЫН КЕНІШІ
Бүгінде әлемдік экономикада «қалдық» ұғымы түбегейлі өзгерген. Дамыған мемлекеттер үшін тұрмыстық қоқыс – экологиялық проблема емес, миллиардтаған доллар табыс әкелетін шикізат көзі және қуатты энергия. Олар «қалдықсыз экономика» қағидатын енгізу арқылы қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, мемлекет қазынасын толтырып отыр.Сөзімізге қоқыстан байыған елдердің тәжірибесі дәлел.
Әлемде қалдықты қайта өңдеудің озық үлгісін көрсетіп отырған бірнеше көшбасшы ел бар.
Қоқыс импорттайтын ел – Швецияда тұрмыстық қалдықтардың 99 проценті қайта өңделеді немесе энергияға айналады. Елдегі қоқыс өртейтін зауыттардың қуаттылығы соншалық, оларға өз елінің қалдығы жетпей, Швеция Норвегия, Ұлыбритания сияқты көрші елдерден қоқысты ақшаға сатып алып, оны өртеу арқылы мыңдаған үйді жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Германия – сұрыптау мәдениетінің көшбасшысы. Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі бойынша әлемде бірінші орында тұрған мемлекетте тұрмыстық тұтыну бұйымдары қалдығының шамамен 67-70 проценті игеріледі. Әрбір пластик немесе шыны бөтелкенің бағасына арнайы депозит – Pfand қосылған. Тұрғындар бос ыдыстарды дүкендердегі автоматтарға өткізіп, өз ақшаларын қайтарып алады. Бұл жүйе шикізаттың 98 процентін қайта айналымға түсіруге мүмкіндік берді.
Жоғары технологиялық өңдеуге ие азиялық алпауыттар тәжірибесі де таң қалдырады.
Жапонияда қоқыс 40-тан астам санатқа бөлініп сұрыпталады. Ескі электроникадан алтын, күміс, мыс сияқты бағалы металдар алынады. Тіпті 2020 жылғы Токио Олимпиадасының медальдары толығымен ескі телефондар мен гаджеттерден алынған металдан құйылғаны көпке белгілі. Ал Оңтүстік Кореяда тамақ қалдықтары арнайы өңделіп, тыңайтқыш пен биогазға айналады.
Қалдықтарды табыс көзіне айналдыру үшін ірі зауыт салу міндетті емес, бұл саланы шағын бизнестен де бастауға болады. Жоғарыдағы елдер тәжірибесі мынандай тұжырым жасауға жетелейді.
Тұрғындар мен кәсіпорындардан пластик, макулатура, алюминий, шыны және ескі шиналарды арзан бағамен қабылдап, сұрыптап, престеп, ірі өңдеу зауыттарына қымбатырақ бағамен өткізу үшін шикізат жинау және сұрыптау пункттері жұмыстарын жолға қою қажет.
Сұрыпталған пластикті ұсақтап, гранула жасап, одан құрылыс материалдары: полимер-құмды тротуар плиткалары, кәріз люктері, құбырлар немесе тұрмыстық заттар орындық, шелек, қоқыс жәшіктері құюға болады. Ал ескі дөңгелектерді ұнтақтап, балалар алаңына арналған резина жабындылар жасау нарықта үлкен сұранысқа ие.
Сондай-ақ органикалық қалдықтардан тыңайтқыш алу. Тамақ және ауыл шаруашылығы қалдықтарын арнайы құрттардың көмегімен өңдеп, нарықта қымбат тұратын табиғи биогумус өндіру мүмкіндігі бар.
Мал шаруашылығы мен органикалық қалдықтардан биогаз қондырғылары арқылы электр энергиясы мен жылу өндіру, сондай-ақ ағаш қалдықтарынан жылыту пештеріне арналған отын брикеттерін жасау – уақыт талабы.
Бұл орайда дұрыс ұйымдастырылған жүйе мен заманауи технологиялар арқылы кез келген қоқысты таза табысқа айналдыруға болады. Қазақстан үшін де сала – болашағы зор, әлі толық игерілмеген үлкен бизнес мүмкіндігі.

ҮЛКЕНДЕР ТАСТАЙ БЕРЕДІ…
Табиғатқа жанашырлық бала кезден қалып­тасатын дағды. Тақырып турасында балалармен де пікірлесіп көрдік.
«Көшеде келе жатып, кейбір үлкен адамдардың қолындағы пластик пакетті, сусын бөтелкесін немесе қағазды еш ойланбастан жерге тастай салатынын жиі көремін. Мектепте бізге: «Табиғатты қорғаңдар, қоқысты жәшікке салыңдар, пластик жүздеген жыл шірімейді» деп үйретеді. Ал үлкендердің өздері соны істемегенде, іштей қатты таңғаласың әрі ренжисің», – деп бастады әңгімесін 9 жасар Әлихан.
«Біз, балалар, болашақта осы жерде, осы ауамен тыныстап өмір сүреміз. Үлкендер: «Бір пакеттен не болады? Бәрібір тазалайды ғой» деп ойлайтын шығар. Бірақ бір-бірден жиналған қоқыс бүкіл ауланы, арықты, өзен-көлді ластайды. Жел тұрса, пакеттер ағаш басына ілініп, көшенің сәнін кетіреді. Ал жаңбыр мен қар суы ерігенде, сол қоқыстар жер астына кетіп, біз ішетін су мен өсетін өсімдіктерге әсер етеді.
Егер үлкендер кішкентай кезінен бастап «қоқыс тастауға болмайды» деген әдетті бойына сіңірсе, қазір көшелер әлдеқайда таза болар ма еді? Біз үлкендерге қарап бой түзейміз ғой. Егер олар қоқысты сұрыптап, жәшікке салса, біз де соны дұрыс деп білеміз. Ал керісінше болса, балалардың санасында «жерге тастай беруге болады екен» деген қате түсінік қалыптасуы мүмкін.
Меніңше, тазалықты сақтау – үлкен-кішіге ортақ міндет. Біз, балалар, табиғатты қорғауға дайынбыз, тіпті үлкендерге ескерту жасаудан да қорықпауымыз керек. Өйткені таза ауа мен әдемі табиғат – бәрімізге ортақ байлық, әсіресе алдағы өмірі әлі алда тұрған бізге өте қажет», – дейді кішкентай табиғат жанашыры.

АЙЫППҰЛМЕН ЕМЕС, САНАМЕН КЕЛЕТІН ТАЗАЛЫҚ
Әйтеке би кенті көшелері мен аулалардың тазалығы – сол жерде тұратын әрбір азаматтың мәдениеті мен туған жеріне деген жанашырлығының айнасы. Ортақ күшпен жиналып, ретке келтірілген аумақтардың аз уақыт өтпей жатып қайта шашылып, бұрынғы қалпына түсуі – тазалық мәселесінің тек науқандық шаралармен шешілмейтінін анық көрсетеді.
Неге тазалық тұрақсыз болып отыр?
Жақында үй маңы мен аулаларды ластағаны үшін тұрғындарға айыппұл салынатыны туралы талап күшейген сәтте көпшілік бірден қимылдап, айналасын жинап алғаны белгілі. Алайда бақылау сәл бәсеңдегенде, бұрынғы әдет қайта бас көтерді. Басты себебі – тазалықты ішкі мәдениет ретінде емес, сыртқы жазадан қорқу ретінде қабылдау.
Кенттің тазалығына жауапты санаулы коммуналдық қызметкерлер таңнан кешке дейін еңбек етсе де, әр тұрғынның соңынан еріп, шашылған тұрмыстық қалдықтарды жинап үлгеруі мүмкін емес. Тазалық – санаулы жұмысшының ғана міндеті емес, бүкіл қауымның ортақ мүддесі.
Жасыратыны жоқ, кейбірінен «Менің ауламнан асса болды» деген көзқарас байқалады. Кейбір тұрғындар өз ауласының ішін таза ұстағанымен, қоқыс-қалдықты көше бойына, бос жерлерге немесе жел ұшырып кететін ашық күйде қалдырып кетеді. Соның салдарынан бір үйдің немқұрайдылығы бүкіл көшенің көркін бұзады.
Кенттің тазалығы бір реттік сенбілікпен емес, күнделікті тұрақты тәртіппен сақталады. Бұл туралы қоғам белсендісі Мұрат Ерғалиұлын өз ойын былай жеткізді.
«Біріншіден, әрине, жеке жауапкершілік пен әдет қажет. Әрбір тұрғын өз үйінен шыққан қатты тұрмыстық қалдықтарды арнайы қапқа салып, белгіленген орынға жеткізуді және аула маңын таза ұстауды бұлжымас ережеге айналдыруы тиіс.
Қоғамдық бақылау мен ортақ мүдде тоғысқанда, көршінің, жастардың және ауыл ақсақалдарының бір-біріне жанашырлықпен ескерту жасауы, ортақ аумақты бірге қорғауы – айыппұлдан да күшті тәрбие құралы.
Тұрғындар тарапынан жауапкершілікпен қатар, қалдықтарды уақытылы шығару кестесінің сақталуы және тәртіп бұзушыларға заң аясында тұрақты шара қолданылуы тазалықтың үзілмеуіне кепіл болады.
Таза ортада өмір сүру – әрқайсымыздың қалауымыз. Ал сол тазалықты сақтап тұру үшін айыппұл күтудің қажеті жоқ. Әркім өз табалдырығы мен көшесіне иелік етсе ғана, ортақ мекеніміздің көркі тұрақты болмақ», – дейді.

КЕШЕНДІ ТРАНСФОРМАЦИЯ
««Таза Қазақстан» – жай ғана сенбіліктер мен көше сыпыру науқаны емес, қоғамның ішкі мәдениетін, ойлау жүйесін және күнделікті өмір сапасын өзгертуге бағытталған кешенді трансформация. Қоршаған ортаға деген көзқарас өзгермейінше, қалалар мен ауылдардың тазалығы тұрақты болмайды. Сондықтан бұл бастаманың ең үлкен нәтижесі – адам санасындағы өзгеріс пен соның нәтижесінде қалыптасатын өмір сапасының жаңа деңгейі», – дейді Бағдат Әлмұратова.
Ұстаздың айтуынша, бүкілхалықтық акцияның санаға әсері мол. «Менің аулам» ұғымынан «Ортақ үй» жауапкершілігіне ойысады. Көп жылдар бойы қалыптасқан «Тазалықты коммуналдық қызмет қамтамасыз етуі керек» немесе «Бір пакет тастағаннан ештеңе өзгермейді» деген тұтынушылық психология біртіндеп сынға ұшырап, оның орнын жаңа экологиялық сана басуына ықпал ете алады.
Адам қоқысты сұрыптап, жәшікке салғанда немесе пластик пакеттен бас тартқанда, ол өз әрекетінің ортақ экологияға тікелей әсер ететінін сезінеді. Бұл – «сыртқы бақылаудан» «ішкі мәдениетке» өту.
Бірлескен экологиялық акциялар мен игі істер адамдарды біріктіреді. Көршінің немесе жерлестің жақсы ісі басқаларға түрткі болып, қоғамда өзара қолдау мен ортақ іске деген сенімді нығайтады.
Санадағы өзгеріс нақты іске ұласқанда, ол халықтың күнделікті өмір сапасының бірнеше негізгі қырын жақсартады. Ауа, топырақ және судың пластик пен қалдықтардан тазаруы, микропластик қаупінің азаюы – тыныс алу, аллергиялық және созылмалы сырқаттар тәуекелінің төмендеуі, таза ортада өмір сүруді қалыптастырады.
«Сана өзгермей, сапа тұрақталмайды. Тек тазалау шаралары уақытша нәтиже береді. Егер әдет өзгермесе, тазартылған жер қайта ластанады. Керісінше, сана өзгергенде, тазалық күнделікті нормаға айналады, ал сапа артқанда, адам таза ортаның қадірін түсініп, оны сақтауға бұрынғыдан да бейім болады. «Таза Қазақстан» – табиғатты тазарту арқылы адамның ішкі дүниесін тазартатын, ал таза орта арқылы елдің өмір сапасын көтеретін ұзақмерзімді әлеуметтік-мәдени әрі экономикалық үдеріс», – дейді Б.Әлмұратова.

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА ЖОЛ АШАТЫН ҚАДАМ НЕМЕСЕ ПАКЕТ ПАРАДОКСЫ
Күнделікті дүкеннен зат алғанда тегін немесе тиынға берілетін полиэтилен пакеттер – заманауи әлемнің ең өзекті экологиялық әрі экономикалық мәселелерінің бірі. Орта есеппен бір пластик пакет небәрі 15-20 минут қана қолданылады, бірақ табиғатта 100 жылдан 500 жылға дейін шірімей жатады. Бүгінде әлемнің 100-ден астам елі бұл мәселенің тек табиғатқа ғана емес, мемлекеттік бюджетке де орасан зор шығын әкелетінін түсініп, полиэтилен пакеттерден толық немесе ішінара бас тартуда.
Бір қарағанда полиэтилен өндірісін шектеу бизнеске тиімсіз көрінуі мүмкін. Алайда әлемдік тәжірибе пакеттерден бас тартудың мемлекеттік бюджетке екі жақты (әсер беретінін дәлелденген.
2002 жылы Ирландия әлемде алғашқылардың бірі болып полиэтилен пакеттерге салық енгізді. Нәтижесінде бір жылдың ішінде пакет тұтыну көлемі 90 процентке қысқарған. Ал жиналған салық қаражаты тікелей мемлекеттік «Экологиялық қорға» түсіп, қоқыс өңдеу инфрақұрылымын дамытуға және қалаларды тазалауға жұмсалды.
2017 жылы Кения әлемдегі ең қатаң заң қабылдап, полиэтилен пакеттерді өндіруге, сатуға және қолдануға толық тыйым салды. Бұған дейін ел бюджетінің қомақты бөлігі пакеттермен бітеліп қалған суару арналары мен кәріз жүйелерін тазалауға, сондай-ақ мал шаруашылығындағы шығындарды өтеуге кететін еді. Тыйым салынғаннан кейін муниципалдық тазалық шығындары күрт азайып, қалалардың туристік тартымдылығы артқан.
Ұлыбританияда дүкендердегі пакеттерді ақылы ету арқылы олардың қолданылуы 95 процентке төмендеген. Түскен қаражат мемлекеттік экологиялық жобалар мен қайырымдылық қорларына бағытталып, бюджеттен бөлінетін субсидияларды үнемдеуге мүмкіндік берген.
2008 жылдан бастап өте жұқа пакеттерге тыйым салу арқылы Қытай жыл сайын миллиондаған тонна мұнай өнімдерін үнемдеп, полигондарды кеңейтуге кететін бюджет шығындарын азайтқан. Нәтижесінде пакеттерден бас тарту мемлекет қазынасына мынадай тікелей пайда әкелген.
Тазалау және утилизация шығындары азайтқан. Полигондарды күтіп ұстау, көшелер мен су арналарын пластиктен тазартуға кететін бюджет қаржысы үнемделеді.
Жаңа салық көздері ашылады. Пластикке салынатын экологиялық алымдар мен айыппұлдар бюджеттің кіріс бөлігін толықтырады.
Отандық балама өндіріс дамиды. Полиэтиленнің орнын басатын қағаз пакеттер, матадан жасалған эко-сөмкелер және биоыдырайтын қаптамалар өндіретін шағын және орта бизнес дамып, жаңа жұмыс орындары мен салық төлеушілер пайда болады.
Денсаулық сақтау саласына түсетін жүктеме жеңілдейді. Экологияның жақсаруы халықтың денсаулығына оң әсер етіп, болашақта медициналық шығындардың алдын алады.
Бір реттік полиэтилен пакеттерден бас тарту – бұл жай ғана экологиялық науқан емес, мемлекеттік бюджеттің тиімділігін арттыратын, қаржыны бос шығыннан құтқарып, жасыл экономикаға жол ашатын стратегиялық қадам.
Полиэтилен пакет – қолдануға ыңғайлы, арзан әрі сауда желілері үшін миллиондаған айналым мен табыс көзіне айналған бұйым. Алайда оның шығу тарихы мен бүгінгі табиғатқа тигізіп отырған зардабы арасында үлкен қайшылық бар. 1959 жылы швед инженері Стен Густаф Тулин қағаз пакеттерге балама ретінде жеңіл әрі берік полиэтилен үлдірден пакет жасау технологиясын жетілдірді. Ол кезде қағаз қаптар жаппай қолданылып, оларды өндіру үшін көптеген ағаш кесілетін. Жаңа үлдірлі пакеттің басты уәжі – көп рет қолдануға болатын беріктік және орман қорын үнемдеу еді.
Бастапқы идея бойынша пластик пакет бір рет қолданып, лақтырып тастайтын қоқыс емес, керісінше ұзақ қызмет ететін өнім ретінде ойластырылған. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, арзан әрі тегінге жуық қолжетімділік адамдардың әдетін басқа арнаға бұрды.
Бұл бұйым әуелде ағаш кесуді азайтып, орманды сақтау ниетімен ойлап табылса да, бүгінде экожүйе мен қоршаған ортаға ауыр салмақ түсіріп отыр. Табиғатты құтқару уәжімен келген бұйым нарықта коммерциялық тиімді өнімге айналды, бірақ оның экологиялық «құны» сауда чегіндегі тиын-тебенмен өлшенбейді. Бүгінгі күні полиэтилен пакеттердің басты кемшілігі – табиғи ортада өте баяу ыдырауы және қоршаған ортаны ластауы. Пакет қолымызда небәрі бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейін ғана ұсталады, ал топырақ пен табиғатта жүздеген жылдар бойы жатып, микропластикке айналады. Жел ұшырған пакеттер дала мен орманды, өзен-көл мен жағалауды ластайды; жануарлар мен құстар үшін қауіп төндіреді, топырақтың құнарлылығы мен су ағысына кедергі келтіреді.
Жұқа әрі ластанған пакеттердің барлығы бірдей тиімді қайта өңделе бермейді, сондықтан ең дұрыс жол – оларды тұтынуды барынша азайту.
Мамандардың айтуынша, жерге көмілген пакеттер топырақтың құнарлылығын жойып, жер асты суларына улы химикаттар бөледі. Ал су айдындарына түскен пластик теңіз жануарлары мен балықтардың жаппай қырылуына әкеледі. Уақыт өте келе пакеттер күн сәулесі мен желдің әсерінен көзге көрінбейтін ұсақ бөлшектерге – микропластикке айналады. Бұл бөлшектер су, ауа және тағам арқылы адам ағзасына еніп, түрлі созылмалы аурулардың қоздырғышына айналуда.
Желмен ұшқан пакеттер қалалардағы кәріз және арық жүйелерін бітеп тастайды. Соның салдарынан жауын-шашын кезінде көшелерді су басып, коммуналдық қызметтерге қосымша салмақ түседі.
Сауда нүктесінде пакет сатып алар алдында оның шын мәнінде қажеттілігін бағалау – жеке бюджетті үнемдейді, әрі айналадағы ортаның тазалығына үлес қосады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
24 қараша 2026 ж. 23 0

Үш парақ

24 қараша 2026 ж. 21

Ұлт тағдырындағы ұлы күн

24 қараша 2026 ж. 24

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30