Қарттарға құрмет – қоғамға ортақ міндет
Егде жастағы адамдарға қатысты қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу – адамгершілік пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісіҚарттық – адам өмірінің ерекше кезеңі. Бұл кезеңде әрбір жан мейірімге, қамқорлыққа, сыйластық пен құрметке мұқтаж. Өмір бойы маңдай терін төгіп, ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның дамуына үлес қосқан аға буын өкілдерінің алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет. Алайда бүгінгі қоғамда егде жастағы адамдарға қатысты қатыгездік пен зорлық-зомбылық мәселесі әлі де алаңдаушылық тудырып отыр.
Зорлық-зомбылық ұғымы тек денеге күш көрсетуімен шектелмейді. Ол – адамның ар-намысына тиетін сөз айту, психологиялық қысым көрсету, қорқыту, кемсіту, қаржылық қаражатын рұқсатсыз иемдену, сондай-ақ күнделікті күтім мен қажетті көмектен қағу сияқты әрекеттерді де қамтиды. Кейде мұндай жағдайлар сырт көзге байқалмай, отбасы ішіндегі мәселе ретінде жасырын қалып жатады.
Әсіресе денсаулығына байланысты өздігінен жүріп-тұруы қиын, тұрақты күтімді қажет ететін немесе жалғыз тұратын қарт адамдар осындай келеңсіз жағдайларға жиі тап болуы мүмкін. Олардың үнсіз қалуы, өз құқықтарын толық білмеуі немесе жақындарына салмақ салғысы келмеуі мәселенің дер кезінде анықталуына кедергі келтіреді.
Сондықтан егде жастағы азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстардың маңызы зор. Ең алдымен, отбасында өзара сыйластық пен түсіністік қалыптасуы керек. Қарт адамның пікірін ескеру, көңіл күйіне назар аудару, денсаулығын бақылау, тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз ету – күнделікті қамқорлықтың басты көрінісі.
Сонымен қатар қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру қажет. Әрбір азамат қарт адамға қатысты дөрекілікке, қорлауға немесе құқықтарын шектеуге бейжай қарамауы тиіс. Көрші-қолаң, туыстар, әлеуметтік қызметкерлер мен медицина мамандары егде жастағы адамдардың жағдайына назар аударып, қауіп белгілері байқалған жағдайда тиісті органдарға хабарлауы маңызды.
Мұндай бағыттағы жұмыстарда құқықтық сауаттылықтың да орны ерекше. Егде жастағы азаматтар өз құқықтарын біліп, қандай да бір қысымға немесе зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қайда жүгіну керектігін түсінуі қажет. Қауіп төнген жағдайда 102 нөмірі арқылы полицияға, шұғыл медициналық көмек қажет болса, 103 нөміріне хабарласуға болады.
Бүгінде қарттарға қамқорлық көрсету тек әлеуметтік қолдаумен шектелмеуі керек. Олардың қоғам өміріне белсенді араласуына, қоғамдық іс-шараларға қатысуына, өз ойы мен ұсынысын еркін жеткізуіне мүмкіндік жасау да маңызды. Өйткені егде жастағы адамдар – ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы, ұлттық құндылықтар мен өмірлік тәжірибенің сақтаушысы.
Қарттарға құрмет көрсету – бір күндік науқан немесе мерекелік шарамен шектелетін міндет емес. Ол әрбір адамның күнделікті қарым-қатынасынан, ізетті сөзінен, шынайы ықыласы мен нақты ісінен көрінуі тиіс.
Халқымыз «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Ендеше, қазынамызды қадірлеп, үлкендеріміздің өміріне алаңсыздық пен қуаныш сыйлау – баршамыздың адамдық борышымыз. Қарттарға құрмет бар жерде мейірім бар, ал мейірім бар жерде зорлық-зомбылыққа орын жоқ! Қарттарымызды құрметтейік, құқықтарын қорғайық, қамқорлықты күнделікті өмір салтымызға айналдырайық!














